Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дүние – мүминнің зынданы, кәпірдің жәннаты»,-деген.
Баяғыда бір мұсылман қазы болған екен. Киген киімі қымбат, мінген атының ері де алтынмен апталған, күміспен қапталған деседі. Екеуінің құны мың алтынға татитын көрінеді. Бір күні әлгі мұсылман қазы ескі-құсқы, лас киім киген бір яһуди қазыға жолығып қалады. Сату үшін алып шыққан сабан толы табағы бар яһуди дереу мұсылман қазыны атының тізгінінен ұстап тоқтатып:
– Сендердің Пайғамбарларың: «Дүние – мүминнің зынданы, кәпірдің жәннаты»,-демеуші ме еді? Енді өз жағдайың мен менің жағдайымды салыстырып көрші. Қалайша сендерге дүние зындан болсын, егер де өзің үлде мен бүлдеге бөленіп жүрсең? – дейді. Сонда мұсылман қазы:
– Аллаһ Тағаланың ақыретте біздерге сақтап қойған нығметінің жанында бұл көргендерің түкке де тұрмайды. Сол үшін де дүние бізге зындандай. Ал ақыретте саған көрсететін азаптың жанында осы көрген халің сен үшін жәннаттай болады, – деп жауап береді. Мұны естіген яһуди:
– Ақиқатын айттың! – деп сол жерде кәлимаға тілін келтіріп, мұсылман болады.
Тек дүние мен мүминнің мысалы Хазіреті Мәулана Жәләләддин Румидің: «Кеменің жүзуі үшін суға мұқтаждығы бар. Бірақ, су кеменің ішіне кірсе, кемені суға батырады. Кеме үшін су қандай болса, мүмин үшін де дүние сондай»-дегеніндей болуы керек.
Салтан САЙРАНҰЛЫ