Бір күні шәкірттерімен мәжілісте отырғанда біреу кіріп келіп:
– Уа, имам, кемеңіз суға кетті, – дейді. Имам сауданы көбіне кемемен жасайтын. Келген жаңалыққа селт етпестен «Әлхамдулиллаһ» дейді де қояды. Көп өтпей әлгі адам қайтып келеді.
– Айыпқа бұйырмаңыз. Жаңағы батқан кеме сіздікі емес екен, – дейді. Бұл жолы да имам «Әлхамдулиллаһ» дейді де, дәрісін жалғастыра береді. Жігіт ғалымның бұл қылығына таң болады. Кейін осы жайлы сұрағанда имам:
– Сен «кемең батты» деп хабар әкелгенде, ішімде кішкене болса да дүниеге деген қимастық білінбеді. Сол үшін Аллаға мадақ айттым. Кейін батқан кеменің менікі емес екенін жеткіздің. Мұны естігенде де, жүрегімде титтей де қуаныш білінбеді. Сол үшін тағы да Аллаға мадақ айттым, – деп жауап берген еді.
Құдайберді БАҒАШАР