«Дүлдүл» сөзі – халық танымында шашасына шаң жұқпас ең жүйрік атты білдіреді. Бұл сөзге «сәйгүлік, саңлақ, тұлпар, күлік, пырақ» сөздері синонимдес. Алайда, қалың көпшілік Ислам дінін уағыздап, оны тарату жолында аянбай күрескен Әзірет Әлінің мінген атының да «Дүдлүл» деп аталғанын біле бермейді. Яғни, аталған сөз осы негізден өрбіп, біздің тілімізге енген.
Енді «Ислам энциклопедиясы» дерегіне жүгінсек: ӘЛИ ӘБУ ТӘЛІП, Әбу-л-Хасан әл-Мұртада (21.1.661 ж.) – «нағыз әулие» төрт халифаның бірі, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы. Дін тарихына Әли қаһарлы тұлға ретінде енді. Суниттік мұсылмандар оны «құдайшыл» халифалардың бірі, мейірімді адам ретінде қастерлейді [1].
Әлидің тарихи бейнесі, пайғамбар мен өзге шадиярлар, сахабалар тәрізді діни дастандар мен аңыз-әфсанаға негіз болған. «Шығыс бейнелеу өнерінде Әзірет Әлінің қасиетін көрсететін белгілері – басының сыртын коршаған жалынмен, қолындағы Мұхаммед пайғамбардан мұраға қалған ұшы айыр қылыш – Зұлпықармен, жауынгерлік аты – Дүлдүлімен бейнеленеді» [2 Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі]. Ал қазақтың халық ауыз әдебиетінде Әзірет Әлі – Алланың Шері, Арыстан, Шер Әлі, Әлі Шер деген бірнеше лақап аттарымен де аталады. Сондықтан бұл аттың иесінің мұсылман әлеміндегі мәртебесіне орай жылқы тұқымының ең асылы әрі қасиетті мал саналады.
Қазақ арасында, жалпы Орта Азия халықтарында «Дүлдүл» негізінен Әли меншігіне телінгенімен, ескі деректерде оның әуел баста Пайғамбарға (с.ғ.с.) тиесілі болғандығы айтылады. Оны Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) Мысыр билеушісі Мукаукис сыйға тартқан көрінеді. Міне, ол ат кейіннен пайғамбардан ізбасарына мирас болып қалған. Тарихи-діни әдебиеттерде «Дүлдүлдің» өз ажалымен, әбден қартайып өлгендігі баяндалған. Оның әбден қартайғаны сондай, арпаны жегізу үшін аузына тікелей апарып салу керек болыпты.
«Дүлдүл» сөзінің осындай тарихи-діни-мифологиялық ерекшелігіне қарамастан, ұлттық-этнографиялық сипатының басымдығы, ауыз әдебиеті мен фольклордағы қолданылу жиілігінен көрінеді. Қолданылғанда да, ұшқыр ат ұғымынан алшақтап, өте кең мағынада қолданылатынын байқаймыз. Мысалы, қазақ мақал-мәтелінің бірінде: «Жылқының бәрі дүлдүл болмас» деп, оның «жылқылық» мәні баса айтылған болса, енді бірінде: «Топтан озған дүлдүлден, жұртта қалған ит озды» деп, «жүйріктік» қасиеті айрықша аталады. «Басы – бұлбұл, аяғы – дүлдүл» немесе «Ақыл – дария, көңіл – дүлдүл» деген шоғырлар оның абстрактылы қабаттағы ауқымды мән-мағыналық өрісіне дәлел.
«Дүлдүл» сөзінің «шешен», «оратор» деген мағынада да еркін қолданылатынын көруге болады (Сөздің дүлдүлі).
«Дүлдүл» сөзі әдеби норма ретінде бекігенімен, кейде ол екінші буынында «і» әрібіне өзгеріп, «Дүлділ» вариантында да айналымда жүр.
Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігінде [3] бұл сөз араб тілінен енген «Зат есім. Поэтикалық» сөз ретінде 2 тұрғыда қарастырылған:
- Ерекше жүйрік жылқы, айтулы тұлпар ат, сәйгүлік пырақ.
- Ауыспалы. Өз ісінің шебері, ерекше қабілет иесі. // Аса дарынды, үздік.
Тиісінше, онда «сын есім» ретінде: Дүлдүлдей – Дүлдүл тәрізді, Дүлдүл сияқты.
Үстеу ретінде: Дүлділше – Дүлділге ұқсап, Дүлдүл тәрізденіп.
Бұдан біз аталған сөздің лексикалық жасампаз әлеуеті мен сөзжасамдық мүмкіндіктерін пайымдаймыз жәнеден оның қазіргі қазақ тілі сөздік қорындағы тұғырлы орынын көреміз. Әрине, мұның бәріне тікелей әсер еткен Әзірет Әлінің рухани тұлғасы екені анық. Аңызға айналған ерліктеріне байланысты мұсылман мифологиясының мифтік кейіпкеріне айналған Әзірет Әлі қазақтардың ислам дінін қабылдауымен қазақ ортасында батырлардың қолдаушы киелі піріне айналған. Қазақ батырлары жорықта, соғыста, шайқас алдындағы жекпе-жекке шыққанда басқа пірлерімен бірге Әзірет Әлінің де есімін атап, сыйынып қолдау сұрайтын болған. Жауынгер халық ретінде Ислам дінінің ішінен де өз батыр болмысы мен өршіл рухтарына сәйкес кейіпкерді тауып алған ата-бабаларымыздың өз-өздерін онымен шендестіруі, соған қарап бой түзеуі, тіптен, мінген атына дейін ұқсатуға тырысып, еліктеуі заңды болса керек.
Ғалым Əбдуəли Қайдар «Ғылымдағы ғұмыр. Қазақ тілі этимологиясының ғылыми-теориялық негіздері» атты кітабының «Жылқы малының жасы мен жынысына қатысты атаулардың этимологиясы» тармағында: «Дүлдүл» – (арабша – «Дул-Дул») Хазірет Əлінің талай шайқасқа мінген атының есімі. Дүлдүл шындығында, жылқы мен есектің буданы қашыр болатын. Мұсылман бейнелеу өнерінде Хазірет Əлінің мінген Дүлдүлі қашырға тəн ерекшеліктерімен (ұзын құлағы, үлкен басы) бейнеленеді. Ерлігімен аты шығып, аңызға айналған, мұсылмандар арасында əулие саналатын Хазірет Əлінің аты да қасиетті сипатқа ие болып, жүйріктің символына айналды. Мұсылмандыққа еніп, Хазірет Əліні пір тұтқан қазақ батырлары өз тұлпарларында «дүлдүлге» теңейтін. Сөйтіп пырақ, дүлдүл сөздері жүйріктіктің символы, жүйрік аттардың эпитеттері, теңеулері болып қалыптасты» [4] деп түсінік берген.
Бұл да болса, аталған сөздің неліктен біздің тілімізге өте терең енгендігіне тағы бір дәйек.
«Ерттеп міндім өлеңнің дүлділ атын» деп заманауи ақындар жырлағандай, қазіргі жаңа замандағы бірқатар сөз тізбесіне назар аударалық:
- Жыр дүлдүлі
- Дүлдүл әнші
- Дүлдүл драматург
- Дүлдүл өнерпаз
- Алаштың дүлдүл ақыны
Немесе
- Дүлдүл мінген Дүрлерім
- Дүлдүл жырдың бұлбұл жыршысы
- Дүлдүл ән мен пырақ күй
Бұлар ағымдағы қазақ мәдениетінде айналыста жүрген тіркестер.
Тіптен, заманымыздың күміскөмей әншісі Димаш Құдайберген туралы деректі фильмнің «Дүлдүл Димаш» аталғанына таң қалмаймыз. Ақын Қазыбек Исаның оған арнаған жырының өзі неге тұрады:
Шырқай білген шынайы сан ғасырдай,
Алты қырдан қазақ па, әнді асырмай…
Әлем біткен әншіге жалт қарады,
Әміренің әдемі жалғасындай!
Құбылыссың ерекше, білем мүлде,
Атыңды айтып әр қытай жүрер күнде.
Аспан асты елінде асқақ тұрдың,
Аспан астын шулатып жібердің де…
Ән шырқаған дала мен тауда мәңгі.
Қазақ әлем назарын аударар-ды.
Қырдың үні қытайды қырып салып,
Дала даусы дүниені жаулап алды!
Ашылатын алдынан бағын біліп,
Келді қытай еліне нар ұл кіріп.
Миллиард қаржы шын дарын шығармай-ақ,
Миллиардты алды ғой бағындырып…
Ақындарым арнауда жырын ғажап,
Есі кетті естіп ел үніңді аз-ақ.
Дүлділімен жауласа бұрын бабам,
Бұлбұлымен жаулады бүгін Қазақ!
Ең үздікке артады ел де ауырын,
Көркем ұлдың шайқаған көр дауылын!..
Жапырылды үніңді жаһан тыңдап,
Жалғыз өзің Жеңдің ғой, Сен бауырым!
Биік рух бар анаң, әкеңде де,
Ұлтым десе, ұғынбас қапер неге?
Шекесі тар шенеунік қазақ білмес,
Қазақ тілін үйреттің жат елге де!..
Қалың қауым жібермей қарсы алғанда,
Таңдайлары ойылды тамсанғанда.
Қытайларды қыбырсыз тұрмайтұғын,
Қимылдатпай қойдың ғой ән салғанда!..
Дүлділі сен бәйгенің дүбірлеген,
Қаншама ару жылады күлімдеген…
Байлық пенен биліктің қолы жетпес,
Жүректерді жауладың Үніңменен!
Қалың қытай Димаш деп қалды ұранмен,
Шақыруда шартарап барлығы әлден.
Ұлы дала ұланы болдың нағыз –
Ұлы Қытай қорғанын алдың әнмен!
Шын дарындар шығады шырайлы елден,
Сыпырыла құлады сынай келген.
Әнің ғажап болмауы мүмкін емес –
Сені өйткені Қазаққа Құдай берген! [5]
Ал енді «Дүлдүл» сөзі араб тілінде не мағына береді, соған келелік. Қазақша ол «жайран» ((орысша: дикобраз) (кірпікшешеннің бір түрі)) деген мағынаны білдіреді. Мұны ол өзінің жүрісіне орай алған екен.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Ислам энциклопедия. Бас редактор Р.Нұрғалиев. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, Алматы, 1995 ж. 24 бет.
- Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. – Алматы: DPS, 2011 ж.
- Қазақ сөздігі. Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі. Құраст.: Н. Уәли, Ш. Құрманбайұлы, М. Малбақов, Р. Шойбеков және т.б. Алматы, Дәуір баспасы. 2013 ж. 1485 б.
- Қ.Əбдуəли. Ғылымдағы ғұмыр Қазақтілі этимологиясының ғылыми-теориялық негіздері – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 256 – бет. 2014 ж.
- Қ.Иса. Дүлділ. Димаш Құдайбергенге. – 30.03.2017 ж., Сілтемесі: http://www.qazaquni.kz
Абылайхан Қалназаров
Мәдениеттанушы-лингвист