Сұрақ: Ақырзаманның белгісі саналатын «дәббатул-арз» деген қандай мақұлық?
Жауап: Араб тілінен аударғанда «Дәббатул-арз» дегеніміз «жерден шығатын хайуан» мағынасын білдіреді. Ислам дінінде «дәббатул-арз» деп ақырзаманда шығатын мақұлықты айтады. Бұл туралы Алла Тағала Құранның «Нәміл» сүресінің 82-аятында: «Оларға айтылған (Қиямет) бастарына келген кезде, олар үшін жерден бір хайуан шығарамыз да ол, Оларға адамдардың аяттарымызға мүлде сенбегендіктерін айтады…» – деп баяндайды.
Алла Елшісінің (с.ғ.с) хадис шәріптерінде «дәббатул-арз» былайша суреттеледі: «Дәббаның басы өгіздің басы тәрізді, көзі доңыздың көзі іспетті, құлағы пілдің құлағы сияқты, мүйізі ешкінің мүйізіндей, мойыны түйеқұстың мойынындай, төсі арыстанның төсіндей апайтөсті, түсі кофе түстес, жотасы мысықтыкіндей, құйрығы қошқардыкіне ұқсас, аяқтары түйенікі секілді» (Мухтасар-и Тазкирә-и Қуртуби).
Қутуби-ситтәда Абдуллаһ ибн Бурайда жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) «дәббатул-арздың» шығатын жері деп Мекке төңірегіндегі бір жерді көрсеткендігі айтылады.
Муслим мен Әбу Дәуіттен жеткен хадисте: «Қияметтің белгілерінің біріншісі күннің батқан жерінен қайта шығуы және сәске уақытында адамдарға дәббатул-арздың шығуы. Бұның қайсысы бірінші шықса, екіншісі одан кейін пайда болады» – дейді.
Сондай-ақ, Муслим, Әбу Дәуіт, Байқақиден жеткен тағы бір хадис-шарифте «дәббатул-арз» туралы: «Мына үш нәрсе шыққанға дейін иман келтірмегенге иманы пайда бермейді: Күннің батыстан шығуы, дәжжал мен дәббатул-арздың пайда болуы» – деп баяндалады.
Имам Раббани: «Қияметте дәббатул-арз деген хайуан шығып, көк жүзін қалың тұман басады, (ол) адамдарға келіп, жандарын күйдіреді. Адамдар қайғырып Аллаға дұға жасайды» – дейді.
Имам Құртуби өзінің тәпсірінде «дәббатул-арзды» хайуан деп түсіндіреді. Яғни, «дәббатул-арз» дегеніміз яжуз-мәжуз, дәжжал, күннің батыстан шығуы секілді қиямет-қайымның белгісі әрі жерден шығатын мақұлық. Кейінгі дәуірде өмір сүрген ғұламалар оны заманауи індеттерге балағанмен, мүжтаһид ғұламалар «дәббатул-арзды» жер астынан шығатын «хайуан» деп тәпсірлеген.
Мұхан ИСАХАН
Мәссаған, біз білмейтін әлі қандай нәрсе бар, білім базамды кеңейтіп алдым