الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالْعَاقِبَةُ لِلْمُتَّقِينَ، وَلَا عُدْوَانَ إِلَّا عَلَى الظَّالِمِينَ، وَأَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللهُ، وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، لُهُ الْمُلْكُ وَ لَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِير،وَأَشْهَدُ أَنَّ سَيِّدَنا وَحَبِيبَنَا وَشَفِيعَنا مُحَمَّدًا صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ، وَمَنْ سَارَ عَلَى نَهْجِهِ، إِلَى يَوْمِ الدِّينِ،
Еліміздегі озық салт-дәстүр мен ислам дінінің сабақтастығының түп тамыры тереңде жатыр.
Қазақ халқы тарих ағысында түрлі кезеңдерден өткен. Қилы замандарды бастан кешіріп, сан алуан діндер мен әдет-ғұрыптарды бойына сіңіріп, қанына құйған. Ал, дана халқымыздың 12 ғасырдан бері ұстанып келген діні – діндердің тұжырымы болған Алланың хақ Ислам діні. Ал әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі сол дінмен тығыз байланысқан формасы болып табылады. Бұлай болу себебі ислам діні ғылым мен саф сананың қағидаларына қарсы келмейтін, керісінше ғалымның ғылымын, ақылдының санасын күшейте түсіп, жаңа ынта мен дем беретін дін. Ата бабаларымыз ақылы мен санасын, түсінігі мен талғамын Ислам дінімен сүйемелдеген. Соның арқасында қазақтың әрбір әдеті мен ғұрпы, салты мен дәстүрі тікелей дінмен байланысып, өзара ажырамастай өріле түскен.
Исламнан бастау алған қазақ мәдениеті адамға жан-жақты тәрбие беріп, инабатты ұл, қылықты ибалы қыз болуға, кәміл жетілуге тәрбиелейді.
Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды. Біздердің барлық салт-дәстүріміз бен әдет ғұрыпымыз шариғатқа сай десек қателеспейміз. Себебі, он екі ғасыр бойы бабаларымыз Ислам дінін ұстанғандықтан қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары қазақ жеріндегі Ислам ғалымдарының көз алдында өрбіді. Демек осы уақытқа дейін шариғатқа сәйкес келген салт-ғұрыптарымыз дінмен біте-қайнасып, өзара үйлесімдік тауып, исламмен бірге жасампаз болып жанданды. Ал, олардың тозықтары кезінде-ақ ұмыт қалды.
Өкінішке орай, бүгінгі күні жат ағымның ықпалында жүріп, исламды дұрыс түсінбей, соның салдарынан халқымыздың мәдениеті мен дәстүріне сескене қарайтын бауырларымыз бар. Біле-білсек, сан ғасырлардан бері бабаларымыздың ұстанған Исламның жолы «Абу-Ханифа» мазхабы – осы салт-дәстүрімізді ардақтауға, тамырлы тарихымызды ұмытпауға, ел тыныштығының сақталуына бағытталған.
Алла Тағала Ағраф» сүресінің 199-аятында:
خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ
«Кешірімді бол, ғұрыпқа бұйыр және надандардан жырақ бол», – деп әмір етті.
«Ғұрып» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы:
Қазақша «ғұрып» сөзі العرف «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді.
«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер»[1].
Демек, әтет-ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс.
Салт-дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Жақсысын алуымыз керек. Ал, жаманынан қоғам боп арылуымыз қажет. Имам Абдулла бин Ахмед Насафи әдеп-ғұрып жайлы:
الْعُرْفُ وَالْعَادَةُ: مَااِسْتَقَرَّ فِي النُّفُوسِ مِنْ جِهَةِ الْعُقُولِ وَتَلَقَتْهُ الطّبَاع السّلِيمَة بِالْقُبُولِ
«Әдет-ғұрып: ақыл тұрғысынан адамдардың көңілінен орын тапқан және адамның табиғаты құптаған ғұрып»,-деп анықтама береді.
Ханафи мазһабының ғұламасы Ибн Абидин әдетке мынадай анықтама берген: «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді білдіреді»
Хадис ғалымдары сахаба Абдулла ибн Масғұдтың (р.а.):
مَا رَءاهُ المُسْلِمونَ حَسَنًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ حَسَنٌ، وَما رَءاهُ المُسْلِمونَ قَبِيحًا فَهُوَ عِنْدَ اللهِ قَبِيحٌ
«Мұсылмандардың жақсы деп қабылдағаны Алланың құзырында жақсы, ал мұсылмандардың жаман деп қабылдағаны жаман болып есептеледі», – деп айтқанын жеткізді. Сондай-ақ, басқа бір хадисте: «Мұсылмандар оң қабақ танытып, ақ тілеуін тудырған кез келген әрекет жақсы болып есептеледі»,- деп айтылған. Алланың елшісіне ﷺ пайғамбарлық келген кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар ﷺолардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін озықтарын қабылдап, қарсы келетін тозықтарына тыйым салды.
Өйткені, бес саусақ бірдей болмағандағыдай әр халықтың өзіне тән әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. «Әр елдің салты басқа» деп бекер айтылмаса керек. Адамзаттың түрлі ұлт, ұлысқа бөлінуінің өзі- Жаратқанның қалауы. Бұл шындық Құран Кәрімде Хужжурат сүресі 13-аят:
يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا
«Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұттарға бөлдік», – деген аятта ашық айтылған.
Осы орайда, әр ұлттың өзіне тән әдет-ғұрпы болатыны айдан анық. Қандай да бір ұлтты екіншісінен түр-түсі ғана емес, тілі мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі де ерекшелеп тұрады.
Адамзат баласы қасиетті аятта айтылғандай әу бастан түрлі ұлттар мен тайпалардан, рулар мен қандастық топтардан, ұлыстар мен әулеттерден тұрады. Әр ұлт пен рулардың бір-бірінен ерекшеленіп тұратын тұстары өте көп. Барлығы бір ата мен бір анадан бастау алған болса да, Жаратушы Ұлы Раббымыздың шексіз даналығы мен мүлтіксіз орындалушы қалауы негізінде әр адамның табиғаты мен талғамдары, қалауы мен таным түсініктері әр түрлі болып келеді.
Мейлі жалғыз адам болсын, мейлі табиғаты әртүрлі бірнеше адамдар болсын біріге қоғамдық өмір сүру кезеңдерінде, күнделікті тұрмыс тіршілікте түрлі жағдайлар мен өмірдің сан алуан көріністеріне тап болып жатады. Осындай жайттарда өзара қарым-қатынас түзіп, бірлесе ғұмыр кешіп, етене өмір сүріп кетулері үшін араларында белгілі бір әдеттер пайда болып, уақыт өте келе ғұрыпқа айнала бастайды. Түбінде бір рудың немесе бір үлкен халықтың ішінде барлығы келісіп қабылдай алатын ғұрып қалыптасады. Бұл адам баласының тіршілігінде шарасыз жолығатын феномені және жоғарыда айтылған қасиетті аятта адам баласы жеке түрде жеке адаммен, жеке адам көпшілікпен немесе көпшілік топ басқа топпен, көпшілік жеке тұлғамен тұрмыстық не саяси, және басқа да түрлі қарым-қатынаста жолығулары заңдылық.
Адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің және тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас заңдылығы. Алла Тағала былай дейді:
وَمِنْ آیَاتِهِ خَلْقُ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ وَاخْتِلافُ أَلْسِنَتِکُمْ وَأَلْوَانِکُمْ إِنَّ فِی ذَلِکَ لآیَاتٍ لِلْعَالِمِینَ
«Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз, белгілер бар»[2].
Ескіден келе жатқан, санаға сіңіп қалған әдет – ғұрыптар мен салт – дәстүрдің барлығы адам тәрбиесінде өте маңызды рөл атқарады. Қайырымдылық, бауырмалдық, достық тұрғысында біздің ұлттық салт – дәстүрімізді ең жоғарғы деңгейге қоюға әбден болады. Халқымыздың:«Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның»,-деген ұлағатты сөзінде терең мән-мағына жатыр.
Ал енді өз жұртымыздың әдет-ғұрыпы мен салт-дәстүріне келер болсақ дінмен ұштасқан, ақылға сәйкескен жерлері өте көп. Атап айтқанда қазақ халқының амандасу көрінісі; жасы кіші өзінен үлкен адамға, көліктегі жолаушы жаяуға, жаяу адам отырған жанға, саны аз көпшілікке қолын көкірегіне қойып немесе қол алыса отыра «Ассаламу ғалейкум» деп амандық сұрасуы. Бұл Пайғамбардың ﷺ хадисінде былай баяндалады:
عن أبي هريرة – رضي الله عنه – قال: قال رسول الله – صلى الله عليه وسلم -: “يُسَلِّمُ الرَّاكِبُ على المَاشِي , وَالمَاشِي على القاعِدِ , وَالقَلِيلُ على الكثير”
وفي رواية للبخاري : “يُسَلِّمُ الصَّغِيرُ عَلَى الْكَبِيرِ ، وَالْمَاشِي عَلَى الْقَاعِدِ ، وَالْقَلِيلُ عَلَى الْكَثِيرِ”
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадсте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «атты адам жаяуға, жаяу кісі отырған адамға, бір топ дүйім көпшілікке сәлем береді»[3], Имам Бухаридің келтірген риуаятында болса «жас үлкенге сәлем береді» деген.
Қазақ жеріне дін келгелі бері осы үрдіс қалыптасып, тіпті қылышынан қан тамған Кеңес Одағы кезінде де бұл дәстүрлі амандасу халық жадынан ұмыт болған жоқ. Дінімізді тәнімізден жұлса да дәстүрімізді жанымыздан өшіре алмады.
Алты алаштың дәстүрі сансыз, солардың тағы біріне келер болсақ, әр ру мен тайпаның таңбасы мен туы болғандығы. Бұл әдет те Пайғамбардың ﷺ құптауымен болған іс. Қандай да бір жорыққа аттанар алдын Алла Елшісі ﷺ әр тайпаға өз туын белгілеп, ішіндегі ең сенімді әрі қайраттысына ұстатқан. Ал қазір халқымыздың туы бір, елтаңбасы белгілі. Бұл дінге сәйкес дәстүрімізді қастерлеп құрметтеу әр азаматтың борышы.
Бала дүниеге келгеннен кейінгі «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», «Сүндетке отырғызу», «Құда түсу», «Үйлендіру» – бәрі де асыл дінімізде салмағы бар, маңыз берілген дәріптелетін парыз, сүннет яки мұстахап амалдар екенін көреміз.
Салт-дәстүрлеріміздің кейбіреуі тіпті бұлжымас діни ережелер бойынша жүзеге асатынын байқаймыз. Мәселен, өлім-жітімге байланысты салт-дәсүрлеріміз тек діни жоралғылар бойынша жүзеге асатын ғұрыптар. Қазалы үйге көңіл айту, мәйітті жуындырып, кебіндеу, жаназа шығару, жер қойнына табыстау бәрі де дініміздің қағидаттары.
Кейбірі пайғамбар мінезінен дарығанын байқаймыз. Мәселен, торқалы той, топырақты өлімде Атыраудан Алтайға, Қызылжардан Қызылордаға, Баян-Өлкеден Баянауылға ат сабылтып келетін кім? Ол – Қазақ. Топырақ салысуға үлгерейік немесе жетісінде бет көрісейік, қырқына барамыз деп, бет көрмесе, мынау тірлікте өзін кінәлі сезінетін халық кім? Сол біздің – Қазақ. Болмашы қуанышты таудай көріп, ағайын-туысының дастарқанында қуанышқа ортақ болғысы келіп асығатын кім? Ол да – Қазақ. Ал, Алла Елшісі ﷺ болса мұндай берекелі туысқандық қарым-қатынасты ұстануға дәріптеген.
Келіннің ата-енесіне сәлем салуы құрмет болса, беташар рәсімі – жариялау, бесік тазалық пен денсаулық кепілі болса, дастарханда бас қосып дәрежемен орын алу әдеп көрінісі, ал азан шақырып ат қою ата дініміздің тағылымы.
Кім болмысын жоғалтса немесе келбетін өзгертсе өзінің негізгі ұлттық тамырына балта шапқаны. Ал бұл өз кезегінде Құдайдың жер бетіндегі адам баласына салған заңдылығына қарсы шыққандығы. Қазіргі таңда ислам әлемі жалпылама, қазақ халқы жекелей осындай дертке шалдыққан адамдармен күресіп отыр. Діннің дұрыс мәтіндерін негізге ала отырып, алайда толық қате ұғыммен түсініп, дін ережелері мен ғалымдардың еңбектерін жоққа шығарып, дәстүр тағылымдары мен ұлт санасын улауға барын салып жатыр.
Кеше ғана қазақ жұртының басына күн туғанда дінін дәстүрімен сақтап қалған еді, енді тек дін болсын деп дәстүрді құрту дінбұзар арамзаның тірлігі. Дін Алламен байланыс, ал дәстүр адаммен байланыс. Қай байланыстан айырылса да адам адам бола алмайды.
Ғұрыптың шариғаттағы шарттары:
Фиқһ білгірлері әдет-ғұрыптың шариғатта қабыл алынуының бірнеше шартын белгілеген. Олардың бастылары төмендегідей:
- Құран Кәрім мен Сүннетке және мұсылман ғұламаларының ортақ ұйғарымдарына керағар келмеуі тиіс.
- Үкім шығарылған уақытта халық арасында кең қолданылатын болуы тиіс. Негізінде, әдет-ғұрыптар әр заманда өзгеріске ұшырап отырады. Тарихта болып, кейіннен жойылған әдет-дағдылар шариғатта есепке алынбайды.
- Қарастырылатын әдет-ғұрып бұқара халықтың арасында кең таралған, үйреншікті дағды болуы тиіс. Жекелей адамдар арасындағы әдеттердің заңдылық күші жоқ.
Әдет-ғұрыптың фиқһ ғылымындағы рөліне тоқталсақ:
Фиқһта الْعَادَةُ مُحْكَمَةٌ «Әдет-ғұрып – үкім шығару құралы» деген қағида бар. Имам Малик (р.х.) өзінің пәтуаларында Мадина халқының әдет-ғұрыптарына көп сүйенетін. Ал, имам Шафиғи Мысыр еліне көшіп барғанда, әуелгі Бағдат қаласында шығарған үкімдерін өзгертті. Өйткені, Бағдат халқының әдет-ғұрпына Мысыр жұртының әдет-ғұрпы сай келмейді. Міне, сондықтан имам Шафиғидің: ескі және жаңа екі мазхабы болды.
Ислам дініндегі шоқтығы биік ғұлама Әбу Ханифа мәселелердің шешімін табуда жергілікті халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ескеретін. Ибн Абидин «Уқуд рәсм әл-муфти» кітабында былай дейді:
وَالْعُرْفُ فِي الشَّرْعِ لَهُ اعْتِبَارُ**** لِذَا عَلَيْهِ الْحُكْمُ قَدْ يُدَارُ
Ғұрыптың шариғатта орны бар,
Кейде үкім соған орай орнығар.
Бір сөзбен айтқанда әдет-ғұрып діни үкім шығару, яки пәтуа беру тұрғысынан мұсылман құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады.
Сондай салтымыздың бірі ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мейрамы.
Қазіргі наурыз мерекесіне назар аударатын болсақ, формасы мен мазмұны мүлдем бөлек. Яғни, мерекенің формасы мен мазмұнында отқа табыну, құдайға серік қосу, ислам шариғатына қайшы келетін амал жасау кездеспейді. Керісінше, «Көрісуден» бастау алатын бұл ұлыс мейрам – адамдардың қыс уақытынан аман шығып, бір-бірімен амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, кішілерге ілтипат білдіретін атаулы күн. Туыстық қатынасты жалғайтын, көршілердің бір-біріне қонаққа барып, сыйлық алып, сылық беріп, амандық сұрасатын ғұрып. Ал бұл, өз кезегінде адамдар арасын жақындастырып, жүректеріне мейірім, сүйіспеншілік ұялатып, бауырмашылықты арттыратыны сөзсіз. Дініміздің талабы да осы.
Әнәс ибн Мәликтен (р.а.): «Алла елшісі ﷺ егер мешітте бір кісіні үш рет көрмесе, ол туралы сұрастыратын; ал егер ауру-сырқат болса, жағдайын білуге оған баратын; сапарда жүрген болса, ол үшін дұға жасайтын; көз алдында жүрген болса, оны зиярат ететін еді». Әнәстан жеткен келесі бір хадисте:
ما زَارَ رَجُلٌ أَخَاهُ في اللهِ شَوْقًا إِلَيْهِ ، وَرَغْبَةً فِي لِقَائِهِ ، أَوْ حُبًّا لِلِقَائِهِ، إِلَّا نَاداهُ مَلَكٌ مِنْ خَلْفِهِ : أَلَا طِبْتَ ، وَطابَتْ لَكَ
«Қайсыбір кісі діндегі бауырын сағынып, онымен кездесуді қалап, немесе онымен кездесуді жақсы көріп зиярат ететін болса, артындағы періште оған: «жақсылық істедің, саған да жақсылық болады» дейді», – делінген.
Демек, наурыз мейрамында бір-біріне қонаққа барып, жағдайларын сұрастырғандар – жоғарыда келтірілген сүннет амалын тірілтушілер деуге толық негіз бар.
Әдетте, наурыз мейрамында қонақ күтіп алушылар ең дәмді, ең тәтті ас әзірлесе, қонаққа барушылар өздерімен бірге ең әдемі, ең бағалы сыйлықтарын ала жүретіндері мәлім. Наурыздың дәстүрлі тағамы – «Наурыз көже». Ол жеті түрлі азықтық заттан тұрады. Наурыз мерекесін тойлау кезінде, келген қонақтарға наурыз көже беріліп, өзі де 7 үйге баратын болған. Осы орайда Пайғамбарымыздың ﷺ мына хадисіне назар аударсақ. Абдулла ибн Амрдан (р.а.) жеткен хадисте:
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَجُلًا سَأَلَ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَيُّ الْإِسْلَامِ خَيْرٌ قَالَ تُطْعِمُ الطَّعَامَ وَتَقْرَأُ السَّلَامَ عَلَى مَنْ عَرَفْتَ وَمَنْ لَمْ تَعْرِفْ
«Бір кісі Пайғамбардан ﷺ «исламның қайсысы жақсы (исламда қай амал хайырлы)» деп сұрайды. Алла елшісі ﷺ: «(адамдарды) тамақтандыруың, танитын және танымайтын адамға сәлем беруің»,- деді. Бұл керемет хадистен түсінетініміз, адамдармен сәлемдесіп, оларды тамақтандыру – исламдағы ізгі амалдардың бірі. Ал сыйлық беруге келетін болсақ: Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі ﷺ:
تَهَادَوْا فَإِنَّ الهَدِيَّةَ تُذْهِبُ وَحَرَ الصَّدْرِ
«Бір-біріңе сыйлық сыйлаңдар. Расында сыйлық іштегі қас-дұшпандықты, ашу-ызаны, уәсуәс жаман ойларды кетіреді»,- деген.
Наурыз мерекесі туыстық қатынасты нығайтуға да зор мүмкіндік. Өйткені, дәл осы күні туыстар бір-біріне хабарласып, жағдай білісіп, ізгі көңіл-ілтипаттарын білдіреді. Араздасқандар болса, бір-бірінен кешірім сұрап, татуласып жатады. «Әнфәл» сүресінің 1-ші аятында Алла Тағала:
“فَاتَّقُوا اللَّهَ وَأَصْلِحُوا ذَاتَ بَيْنِكُمْ”
«Алладан қорқып, араларыңды жарастырыңдар…» деп ескертеді.
Ал хадисте ардақты Пайғамбарымыз ﷺ:
” مَن سَرَّهُ أن يَبسُطَ اللهُ عليه في رِزْقِهِ، أَوْ يَنْسَأ في أَثَرِه، فَلْيَصِلْ رَحِمَهُ”
«Кім Алла оның ризығын арттыруын, немесе күнәсін кешіруін қаласа, онда туыстық қатынасты нығайтсың»,- деген.
Қадірлі жамағат! Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бірақ дінге де қайшы емес. Бұл – қалың қыстан аман-есен шығып, күн шуағына бөленіп, көктемнің келуімен жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскендер бірін-бірі құшақ жая, риясыз қарсы алып, шын ықыласпен игі тілектер айтады. Наурыз – көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы. Сондай-ақ, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі азаматты тәрбелейтін ұлттық мейрам.
Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел.
[1] Әл-Маусуа әл-фиқһия әл-куәйтия, 30-том, 53-бет; Әл-Журжанидің әт- Тағрифат кітабы.
[2] Рум сүресі, 22 аят.
[3] Хадисті имам Бухари және Мүслим риуаят еткен.