Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы конфессияаралық диалогті дамытуға және өшпенділікпен күресуге бағытталған Қарар қабылдады. Қазақстан аталған құжаттың тең авторы атанды.
Қабылданған қарарда дін немесе наным-сеніміне байланысты адамдарға қарсы зорлық-зомбылық әрекеттердің барлық түрлері айыпталады. Сонымен қатар құжатта діни рәміздерге, қасиетті кітаптарға, тұрғын үйлерге, жұмыс орындарына, мүліктерге, мектептерге, мәдениет үйлері мен ғибадат орындарына қарсы бағытталған кез келген әрекеттерді айыптауға назар аударылған.
БҰҰ қарарының мәтініне діни рәміздер мен қасиетті кітаптарға сілтемелерді енгізу туралы шешім Еуропаның бірқатар елдерінде Қасиетті Құран кітапты өртеп, оны қорлау оқиғаларының тізбегі аясында қабылданды.
Осылайша, Қазақстан БҰҰ-ға мүше басқа 47 елмен бірге бұл қарардың тең авторы болып отыр. Еліміз бейбітшілік, сенім, қоғамдық келісім және бір-бірін өзара қолдау идеялары төңірегінде құндылықтар мен адамдарды біріктірудің тексерілген жүйесін қалыптастыруға ерекше мән береді.
Осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған Құранды өртеу актілерін сынға алғаны белгілі. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет. Мұндай әрекеттер мемлекеттер мен діндердің өркениетті қатар өмір сүруінің жалпыға бірдей танылған нормаларына қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс.
Айта кету керек, Қазақстан 2003 жылдан бастап Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізудің бастамашысы ретінде жаһандық дінаралық және конфессияаралық диалогтің беделді жақтаушыларының бірі. Аталған форум дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналды.
БҰҰ Бас ассамблеясында қабылданған «Дінаралық және мәдениетаралық диалогті және толеранттылықты дамыту және өшпенділікке қарсы тұру» деп аталатын құжатты жиынға қатысушылар қызу талқылады. Қарарда БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді дінаралық және мәдениетаралық диалогті құрметтеу, оны ілгерілету жолында мүдделі тараптармен жұмыс істеу керектігі айтылған. Сондай-ақ кемсітушілікке, дұшпандыққа және зорлық-зомбылыққа шақыратын әрекеттің алдын алудың маңызына тоқталған.
Аталған құжатты таныстырған Марокконың БҰҰ-дағы өкілі Омар Хилал кейінгі жылдары жеккөрушілік пікірінің көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Спикер осыларды ескере келе, құжаттың бір ауыздан қабылданатынына сенім білдірді. «Қарар адамзаттың гуманитарлық көзқарасын білдіреді, діни еркін қоғамда өмір сүру мен қауымаралық келісімде өмір сүруді қолдайды», деді О.Хилал.
Бірақ талқылау барысында діни рәміздер мен қасиетті кітаптарға нұқсан келтіру әрекеттеріне қатысты дау туды. Мәселен, Еуропалық Одақ атынан сөйлеген Испания өкілі бұл халықаралық құқықты бұзбайтынын алға тартып, Қарар жобасына өзгеріс енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер қорлау және құрметтемеу екеніне қарамастан, халықаралық құқықты бұзбайды. Сол себепті құжаттағы «халықаралық құқықты бұзу» деген жолдарды алып тастау керек деп мәлімдеді.
Сондай-ақ Ұлыбритания өкілі түзетуді қолдайтынын білдіріп, келіссөздер кезінде тараптардың ұсынысты қабылдамағанына қынжылыс білдірді. Баяндамашы өзгеріс енгізілуі керек деп санайтын 13-тармақ шынайылықты білдірмейді деген пікірін жеткізді. Сонымен қатар оның сөз бостандығы мен дін немесе сенім бостандығы арасындағы тепе-теңдікті бұзбайтынын атап өтті.
Сондай-ақ Данияның БҰҰ-дағы өкілі де бұл пікірмен келісетінін жеткізді. Ол Құранды не басқа да діни кітаптарды өртеу, қорлау құрметсіздік және арандатушылық әрекет екеніне тоқталды. Өз елімен қатар Финляндия, Исландия, Норвегия және Швеция атынан сөйлеген спикер мұндай қадамды құптамайтынын жеткізгенімен, сөз еркіндігі мен пікір бостандығына қарсы шықпайтынын атап өтті. Осыған сүйене отырып, дін еркіндігі оны сынауға қарсы емесіне назар аударып, діни рәміздер мен қасиетті кітаптарға қарсылық халықаралық құқықты бұзбайтынына тоқталды.
Малайзия өкілі Қарардың преамбуласына өзгеріс енгізуге қарсы шықты. Оның сөзіне сүйенсек, тараптар адам құқығын күшейтуге екпін бергенімен, қасиетті кітаптарды өртеу сол адам құқығын шектейтінін назардан тыс қалдырғанын жеткізді. Осы орайда Малайзия өкілі дінге жала жабу адам құқығын таптамайды деген пікірге үзілді-кесілді қарсы шығып, еуропалық әріптестерінің көзқарасымен келіспейтінін атап өтті.
Өз кезегінде Марокко өкілі О.Хилал ұсынысқа таңданыс білдіретінін жасырған жоқ. Оның пайымдауынша, дау болған 13-тармақша бұған дейін қабылданған халықаралық құжаттардың ешқайсына қарсы шықпайды, керісінше үндес келеді. «Қасиетті кітаптарды өртеу сөз бостандығы емес, адамзаттың қадір-қасиетіне жасалған қастандық. Діни еркіндік пен сенім бостандығына сенетіндер түзетуге қарсы дауыс береді деп үміттенемін», деді О.Хилил.
Мысыр өкілі бұл Қарардың исламға қарсы арандатушылық пен зорлық-зомбылық әрекеттерінің қайталануы мен өршуіне байланысты дер кезінде қабылданғанын айтты. Мұндай әрекеттерді сөз бостандығын желеу етіп ақтауға келмейді. Сол себепті Құранды өртеу немесе қасиетті кітаптарды қорлау арандатушылық, дұшпандық және зорлық-зомбылық екенін жеткізді. Осы орайда, мұндай әрекетке заң бойынша тыйым салынуы керегін атап өтті. «Мұндай әрекет болған елдер адам құқықтары жөніндегі заңнамаға сәйкес құқықтық жүйесіне өзгеріс енгізіп, бұған жол бермеу және жауапкершілікке тартатын құралдар мен ережелерді орнатуға міндетті», деді Мысыр өкілі.
Түркия тарапы да мұсылмандардың жеккөрушілікке, исламофобияға ұшырап отырғанын атап өтті. Мүше мемлекеттерді діни кемсітушілік пен төзімсіздікке қарсы нақты қадамдар жасауға шақырды. Ол сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Өркениеттер Альянсының өшпенділік сөздерінің алдын алу және тоқтатуға зор үлес қосып отырғанына назар аударды.
АҚШ делегациясы да өз елінің кез келген өшпенділік әрекеттерін үзілді-кесілді айыптайтынын, мұсылмандарға қарсы пікірге келіспейтінін жеткізді. Америка Құрама Штаттары қасиетті кітаптарды қорлайтын кез келген әрекетке қарсы тұратынын атап өтіп, дін бостандығы мен сөз бостандығын ілгерілетуде көшбасшы рөл ойнайтынын атап өтті. Осылайша, америкалық өкіл Қарарға толықтай келісетініне екпін берді.
Жапония өкілі ортақ пікірге келісетінін, бірақ құжатты талқылау барысында сындарлы диалог жүргізілмегенін айтты. Оның айтуынша, Күншығыс елі консультативтік үдеріске сындарлы қатысуға әрқашан дайын және өшпенділік сөздеріне қарсы тұру үшін дінаралық және мәдениетаралық диалогті ілгерілете береді.
Пікір білдіргендер тізімі мұнымен бітпек емес. Талқылау барысында көптеген мемлекеттің БҰҰ-дағы өкілі өз көзқарасын айтты. Тараптардың бәрі сөйлеп болғаннан кейін дауыс беру рәсіміне кезек берілді. Ең әуелі Испания өкілі ұсынған түзету қойылған. Қатысушылардың 44-і оны қолдаса, 62-і қарсы болды. Тағы 23 мемлекет қалыс қалды. Нәтижесінде көпшілік дауыспен түзету мақұлданған жоқ. Бұдан кейін Бас ассамблея Қарарды бірауыздан қабылдады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ