– Мүмин болсаң әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол, – деп жырлаған ақын-жырауларымыз жүректері иманға толы, жүздері жарық болып, қарапайым халыққа да имандылықтың қаншалықты пайдасы бар екенін жеткізген. Алайда, Ислам дінінен жұрдай немесе имандылықтан келетін пайданы білмейтін қазіргі қоғамның көпшілік тұлғалары діннен болып көрінген «лаңкес» деген құбыжықты алып, пәк дінімізге телуде.
Саналы адам ретінде айналада болып жатқан Ислам дініне қатысты жәйттарды зерделеп қарайтын болсақ, ар-ожданы туа біткен мейірімділікке толы, түсінігінде зұлымдық деген іс-әрекетке ешқашан оң көзбен қарамаған адам баласының хайуанның өзі істемейтін зұлымдықтар істеп жатқанын байқасың. Тіпті ең соңғы шегі – сенімі үшін адамды өлтіру, қинау, құқығын таптау. Ал дүниежүзілік діндердің ішіндегі Ислам дінінің адам құқығын жоғары бағалағандығы соншалық, қасиетті Құран Кәрімде былай деп бұйырады:
«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең» («Майда» сүресі, 36-аят).
Ибн Аббас (р.а.) осы аятты тәпсірлей келе: «Ислам дінінде адамы өлтіру – харам», – деген.
Міне, «Бір адамды өлтіру, алғашқы Адамнан (ғ.с) бастап бүкіл адамды өтірумен тең» деген ұранмен және «Дінде зорлық жоқ» деген қағидамен адам өмірі мен қалауын жоғары бағалаған. Және ешқандай зорлық-зомбылықсыз 1,7 миллиард адам Ислам дінін ұстанып, заман өткен сайын көбеюде.
Қазақстанда 2000 жылдың басынан бастап Ислам дін ұстанатын, алайда діндегі қағидаттарды жетік білмейтін кейбір жастар пайда бола бастады. Олар көркем мінезбен дінге шақырудың орнына өз сенімдерімен халықтың арасын жік-жікке бөліп, тас-талқан қылуды басты мақсат тұтты. Мәселен, намаз оқымайтынды намаз оқитыннан, намаз оқитынды мәзһабтан, мәзһабты сенім тұрғысынан бөліп-бөліп қарастырды. Солардың ішінде тек өздерінің сенімдері ғана дұрыс, Алла тағала жолында, қалғандары адасып жүр деген түсінікпен қоғамнан аз уақыт ішінде бөлініп шыға келді. Нәтижесінде саны жағынан аз бола тұра, шығарған көп бүліктерімен мемлекет тыныштығын бұзып, Исламды жаман жағынан көрсетуде.
Негізінде Ислам діні олай таралу керек емес еді. «Жақсылық ешқашан жамандықпен орнықпайды» деген араб халқының нақыл сөзі бар. Бұндай олқылықтардың кесірі – бұрыс сенімде.
Құран аяттары:
Құран Кәрімде де бұрыс сенімдегілердің адасулары, тудыратын бүліктері туралы айтылған. Енді соларға бір көз жүгіртсек:
Алла Тағаланың қасиетті кәләмында: «Сондай-ақ, бүлік, кісі өлтіруден де зор» (Бақара сүресі, 191-аят)
Имам Табари тәпсірінде «الْفِتْنَةُ» сөзі күпірлік ету дегенді білдіреді деген. Демек, бүлік шығарудың өзі күпірлік амалға жататынын көрсетеді және ол адам өлтіруден де зор.
«Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» («Мәйдә» сүресі, 64-аят).
Үшінші аят:
«Тілдеріңнің «бұл арам, бұл халал» деп өтірік сипаттағанын айтпаңдар, Аллаға өтірік жала жапсырған боласыңдар. Шынында Аллаға өтірік, жала жапсырғандар құтылмайды». («Нахл» сүресі, 116-аят)
«(Періштелер): «Біз, сені бір шындықпен сүйіншіледік. Енді күдер үзушілерден болма!» деді. (Ыбырайым Ғ.С.): «Раббының рахметінен адасушылардан басқа кім күдер үзеді?» – деді. («Хажр» сүресі, 55-56-аят)
«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят)
Имам Табаранидің тәпсірінде осы аятты тәпсірлей келе мына хадисті келтіреді: «Алла сендерден үш нәрсені ұнатады, олар: 1. Алаға ғана ғибадат ету, Оған серік қоспау; 2. Түп-түгел Алланың жібіне жабысып, бөлінбеу; 3. Сендерге басшы болғандарға мойынсұну»
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш қайтара бүліктен сақтап: «Ақиқатында, бүліктерден бойын аулақ ұстаған адам қандай бақытты десеңші! Ақиқатында, бүліктерден бойын аулақ ұстаған адам қандай бақытты десеңші! Ақиқатында, бүліктерден бойын аулақ ұстаған адам қандай бақытты десеңші! – дей келе: – Кім сынаққа душар болса, сабыр етсін», – деп айтты. (Әбу Дәуід хадис жинағынан, 4263)
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бүлік (фитна) ұйқыда. Оны оятқанды Алла Тағала қарғыс етсін», – деп ескерткен.
«Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін», – деген. (Имам Тирмизи, Фитән 7)
Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) былай деп айтқан: «Мені бүліктен сақта деп Алладан пана сұраймын» (Ибн Касир, «Бидаяту уа нихая» кітабынан)
Абдулла ибн Масуд (оған Алла разы болсын): «Ақылды адам деп басқаның қателіктерінен қорытынды шығаратын адамды айтамыз» десе, ертеде бір Халиф қарамағындағыларға: «Кез келген істің байыбына жетіңдер, асығыстық қылмаңдар, бүлікке ұрынбаңдар, себебі бүлік болмас бұрын әдемі көрінеді, ал болған кезде жамағатқа зиянын тигізіп, елді әлсіретеді», – деген екен.
Хазреті Омар (р.а.) бірде: «Әй, адамдар! Мен сендердің алдарыңда тұрмын. Кезінде Алла Елшісі біздің ортамызда осылай тұрып: «Сендерге сахабаларымды өсиет етемін және олардан кейін келетіндерді өсиет етемін… Жамағатпен (көпшілікпен) болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар. Өйткені, шайтан жалғызға жақын, екеуден қашық. Кім жәннаттың төрін қаласа, көпшілікпен болсын», – деп еді», – деген екен.
Діндегі дұрыс емес сенімде жүріп, бүлік шығарғандар Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында да болған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде меккелік мұхажірлер мен мәдиналық ансарлар арасында кейбір келіспеушіліктер орын алды. Алайда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің дарынды дипломатиялық қабілетімен мәселені ушықтырмай, араларына дәнекер болып, шұғыл түрде оларды татуластыратын.
Мәселен, мұсылмандар қажылық ғибадатында Минада болған шақта, олардың жерге таласып қалмасы үшін орындарына дейін белгілеп беретін (Сатыбалдиева. А. Ақида ағымдары: Астана: «Рухани құндылықтарды қолдау қоры» корпоративтік қоры, 2018 ж.)
Әбу Ханифаның өскен жері – Куфа қаласы. Куфа – Ирактың ең үлкен қалаларының бірі. Ол кездері бұл жерде Исламдағы болсын, одан тыс болсын, әртүрлі теріс ағымдар көп еді.
Бірде мешітте отырған кезінде харижиттер қолдарына қару алып, мешітке басып кіреді. Олардың жаңсақ сенімі бойынша үлкен күнә жасаған мұсылман кәпір саналып, мәңгілік жаһаннамға кетеді. Сол себепті, харижиттер оны сынау үшін сұрақ қояды:
– Есіктің алдында екі өлік бар. Бірі – еркек. Араққа тұншығып өлген. Екіншісі – әйел. Зина жасап, жүкті болғанын білген кезде асылып өлген. Осы екеуі жөнінде сен не айтар едің?
– Екеуі қай ұлттан? Яһуди ме?
– Жоқ.
– Христиан ба?
– Жоқ, христиан емес.
– Пұтқа табынушы ма?
– Жоқ.
– Сонда қай ұлттан?
– Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның құлы және елшісі деген үмбеттен.
– Шәһадат кәлимасы иманның үштен, төрттен яки бестен бірі ме?
– Иманның ондай үштен, төрттен, бестен бірі болмайды. Ол бөлінбейді.
– Иманның қаншасы сонда?
– Тұтасы.
– Ендеше, жауабын өздерің бердіңдер. Олардың мұсылман екенін айттыңдар.
– Сен мұны қоя тұр. Олар жәннаттық па, әлде жаһаннамдық па?
– Айтарым: Хазіреті Ибраһим осы екеуінің күнәсынан әлдеқайда үлкен күнә жасаған елі үшін Алла Тағалаға былай деп дұға етті: «Маған ілескендер менен. Маған қарсы шыққандарға: «Сен кешірімшіл және рақымдысың»… Сол сияқты Хазіреті Исаның ойы да осы орайдан шыққан: «Егер азап етсең, олар Сенің құлдарың, егер кешірсең, Әзиз және Хәким Сенсің». Менде иман еткендерді қуатын күш жоқ, – деді. Осы кезде харижиттер қаруларын тастады.
Бұрыс сенімдегі адамның шығаратын бүліктері төмендегідей:
1. Мұсылман емес адамды күштеп дінге кіргізу. Болмаған жағдайда өлтіріп тастау;
2. Өзін мұсылманмын деген адам намаз оқымаса – кәпір;
3. Мұсылман емес мемлекетте өмір сүрген адам – тағутқа табынады. («Тағут» араб сөзі – адамдардың Алладан басқа құдай етіп табынатындары);
4. Патшасы намаз оқымайтын мемлекет – кәпірлердің мемлекеті;
5. Өзін мұсылман санаған адам кәпірдің мемлекетінен мұсылман мемлекетіне көшуі керек;
6. Намаз оқымайтын отбасынан ажырау қажет. Ер адам намаз оқымайтын әйелін талақ етеді немесе әйел өзінің намаз оқымайтын күйеуімен ажырасуы қажет деп санайды.
7. Салт-дәстүрдің бәрін бидғат санайды.
8. Кәпірге айтылған хадистерді мұсылмандарға қарсы айтады.
Осы аталған бүліктердің туындауының ең негізгісі – төрт мәзһабқа бағынбау. Білімді адамдардың ілімін алмау. Мұны таратушылар – өздері қателескен және өзгелерді адастыратын адамдар.
Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Әнбия» сүресі, 7-аят) деген аят бар. Бұл аяттан белгілі болғаны: адамдарды екі санатқа бөледі:
1. Ғылымды жетік меңгерген мужтахид ғалымдар, олардан білім мен үкім сұралады;
2. Білім иелерінің қатарына жатпайтын, білмегенін сұрауы керек адамдар тобы.
Пайғамбардың кезінде сахабалар түрлі мәселе жөнінде сұрады. Пайғамбар оларға жауап берді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әртүрлі тайпалар мен халықтарды тура жолға шақырды. Алла елшісі дүниеден өткен соң, оның сахабалары да дін мәселесінде сұралатын. Мұндай нәрселер табиғиндар кезінде де болды. Олардан кейін өмір сүрген төрт мәзһабтың имамдары өз заманының ең білімді ғұламалары еді. Имам Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Шафии, Имам Ахмад Ханбали дінге өзгеше жаңа нәрсе ойлап таппады, олар Құран мен пайғамбар хадисін түсіндірушілер. Бұлар «Әһл сунна жамағаты» деп аталады, бұлар үмметтің (90 айыз) көшілігін құрайды.
Бұларды бөліп-жарып жатпай «әһл сүннет» мәзһабы деп атауға болады. Өйткені, біздің оқитын Құранымыз, сүйенетін хадисіміз, тіпті құқықтық (фиқһ) мәселеміз ортақ. Ал мәзһабтар арасындағы қарама-қайшылықтар араб тілінің кеңдігі мен мағыналарының әр алуандығынан туындайды. Біздің ғұламаларымыз да ортақ.
Құран мен хадистен тікелей шешім қабылдау үшін білім деңгейі өте жоғары болу керек. Ибн Абдуссалам, Мұхаммед аль-Джууайни, имам Науауи, имам аль-Ғазали, Жалалуддин Суюти, Махалли, Ибну Хаджар Аскалани, Рамали, Закарият Ансари, Рафии, Аузағи, Ибну Абидин, Ибну Хаджар Хайтами, Ибну аль-Куддамат, Ибну Сурайдж, Ибну Хумам, Хатибу Ширбини сынды ғалымдар Құран мен усул және фиқһ ғалымдарының білгірі болды, жүздеген хадисті жатқа білді.
Ал қазіргі таңдағы Исламның атын бүркеніп, Құран мен хадистерді бұрмалап, адам түршігерлік істер жасап жатқан бүлік иелерінің ұстанып жүргендері – хақиқи Ислам діні емес. Атам қазақ «Қой терісін жамылған қасыр» демекші, өздерінің ұстанымдары Исламның жолымен мүлдем үйлеспейді.
Бұндай адасушылықтан Алла Тағала бізді және ұрпағымызды сақтасын!
Наурыз УБАЕВ