Қазіргі кезде қоғам ішінде дінімізге шүйлігіп жатқандар байқалады. Соның көбі өзіміздің қаракөздер.
Байқап қарасақ, тоқсаныншы жылдан бастап елді бөлуші, азғырушы әртүрлі ағымдар көп келді. Баяғы Ресейдің шоқындыру саясаты сияқты, бірақ осы жолы мұхиттың арғы жағынан келген протестанттық христиан ұйымдары көшеде, не үйлерге барып кітап, буклеттерін таратып бақты. Бұлардың саны саңырауқұлақша көп болды. Бірақ, қазақ оның артынан ермеді. Бұның бәрі сыртқы күштердің “бөліп ал да, билей бер” саясаты екені айдан анық еді.
Енді қазақты ішінен бүлдіру үшін ата-бабамыздан бері Ханафи мәзһабында, Матуриди сенімінде болған халықтың арасына әртүрлі радикалды, өз мүдделерін күйттеген, басқа да ағымдар шыға бастады. Кешегі қаңтар оқиғасынан кейін, көбінің бетпердесі ашылып, ел олардан да аяқ тартты.
Ал, содан кейін ешқандай негізі жоқ, қазақтың діні – тәңіршілдік болған дегендер шықты. Осылардың бәрі сыртқы күштердің жобалары екені айқын.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Аллаға сендім деп айт та, сол ұстанымыңда бекем тұр” деп айтқан ( Муслим). Сондықтан, мұсылманмын деп айту оңай, ал сол сеніміңді қорғау оңай емес.
Фитнадан (бүлік) қорғап тұрушы соңғы есік болған Хазіреті Омар (Алла одан разы болсын) дүниеден өткелі қай заман? Содан бері фитна тоқтамай, құбылып-құбылып келуде. Енді, біз осындайда қалай қорғанамыз? Әлбетте, пайғамбарлар мирасқорлары болған ғалымдарға сүйеніп, аман боламыз. Ол үшін асыл дініміздің қара шаңырағы – діни басқармамызға бойұсынамыз.
Қарасақ, елімізде қанша діни конфессиялар бар болса да, Мүфтияттан басқасының бәрі сырттан басқарылады. Сондықтан, осы қара шаңырағымыздың маңызын, рөлін арттыратын кез келді.
Зайырлы мемлекет Түркияның өзі мешіттерді қамқорлығына алып, имамдарды еңбекақымен қамтамасыз еткен. Әлбетте, ол жерде, сонау Османиядан бері үрдіс алған уақып қорлары да жақсы дамыған. Сол себепті, Түркия Діни басқармасы бюджетінің жетпіс пайызы “Уақып” қорына тиесілі.
Осы орайда, Жаңа Қазақстан болып жатқан кезеңде “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заңды қайта қарастыру қажет деп ойлаймыз. Атап айтсақ, елдің, Қазақстан мұсылмандарының тұтастығы үшін Мүфтият рөлін күшейтіп, ерекше заңмен қорғалуын қолға алу керек.
Кешегі Алаш мемлекетінің алдыға қойған бес бағдарламасының бірі – дін болатын. Қазақ халқы қазақ болып тұруы үшін тілі, діні, дәстүрі сақталу қажет.
Алла Тағала жар болып, жастардың болашағын жарқын етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА