Алла адамзатты Өзі жаратып, әлдилеп, өсіріп, ниеті мен шама-шарқына қарай әркімге мөлшермен өмірлік несібесін береді. Бұл ырзықты пайдаланып, ысырап қылмай тепе-теңдікте ұстау – адамзаттың үлкен міндеті.
Сонау бір Нұх (ғ.с.) пайғамбарымыздың тұсындағы «әлемдік су тасқыны» еске оралады. Нұх (ғ.с.) пайғамбардың сөзіне құлақ аспаған елі ақырында топан сумен өмірлері шайылды. Егер пендеден шыдамдылық кетіп, сабырлық жоғалса, қанағаттан тойымсыздыққа көшсе, онда таза ниет жоғалады, сөйтіп заман өзгереді. Мұны көруші Алла тағала Өзінің жаратылыстарына сел мен тасқын, дауыл мен апаттарды жібере бастайды.
Адамзат рухани байлықтың бағасын құнттамай дүние қуып кеткендей. Нұх (ғ.с.) пайғамбарымызға дейінгі адамзаттың атасы Адам (ғ.с.) пайғамбарымыз тыйым салынған жалған сұлулыққа қызыққандығынан Алланың жазасымен мәңгілік Жұмақтан қуылды, одан бүкіл адамзат бақыт мекенінен айырылды. Сонда Алланың сөзінен аттаған Адам (ғ.с.) алғаш рет ең қиын дағдарысты кешкен. Қанағатын тойдырам деп, бақыттың орнына жалғыздық, қызығушылығына еріп, аштық пен тақырлыққа түсті.
Бүгінде осы күйіміз сол тағдырға ұқсас келеді. Алланың үкімі мен шариғаттан алыстап, дағдарысқа келгендейміз. Материалдық жағдайды адамзаттың рухани жағдайынан ажыратып қарау мүмкін емес. Оны басқаратын да, жасайтын да адам. Экономика тоқырайды, адам күйзеледі. Өзін-өзі билеген не шайтанның қарамағындағы адамның жаны білместіктен осындай ауыртпалыққа шырмалады, ал одан құтылып шығуға қаншама күш-жігер қажет болады.
Қазіргі таңдағы ең үлкен күнәлардың бірі – өсімқорлық. Бүгінгі тілмен айтқанда, ақшаны қарызға бере отырып, одан үстеме алу. Бұдан адам сараң да қатыгез болады. Жоғарыда айтып өткендей, Нұх (ғ.с.) пайғамбарымыздың халқы өз дегенін істеп, сенімге қарсы келетін пасық әрекеттер жасай бастады. Соңы қайғыға ұласты. Алайда, бұл адамдарға «мейірімділік», «қайырымдылық», «жан ашу» деген түсініктер жат болды. Байлар пақыр кедейлерге тәкаппарлықпен қарады.
Дегенмен, адамзатқа берілген байлық пен кедейлік, ауру мен кесел, мансап пен қызмет – баршасы сынақ. Бір ғана мысал, қуатты адам Алланың қалауымен бір сәтте кедей болуы мүмкін. Ақша билігі мәңгі емес. Нағыз билік Аллада! Жұмыр басты, екі аяқты пенде Оны уақытша қолданушы. О дүниеге ешкім жиған-тергенін өзімен бірге алып кетпейді.
Жаратушы бізді сынайды, алайда әділ болуды қалайды. Сондықтан өсімқорлыққа Алла тыйым салған. Ол бір жазылмайтын ауру, адам мен қоғамға жабысқан кесел. Әрине, мұны баршамыз білуіміз тиіс. Өсімнің азы мен көбі болмайды. Оның азы да, көбі де дін тілімен айтқанда «харам», яғни тыйым салынған!
Өсімқорлықтың жүйесі қарапайым. Мәселен, ақшасы жоқ адам қандай себеп болса да қаражаты бар адамға жүгінеді. Қауқары бар адам оның жағдайына үңілместен, беретін ақшасын өсіммен қайтарып алуды шарт етіп қояды. Қарыз алушы баратын жері, басатын тауы болмаған соң көнеді. Сөйтіп, өсімқор өзі тойынып, әлгі адам қарызға белшеден батады.
Бір қарағанда өсімқорлық пайдалы іс тәрізді. Алайда, оның түбінде үлкен дағдарыс, адам тағдыры, рухани құлдырау бар. Бүгінде өсімқорлықтың қармағына шалынған қаржы компаниялары мен жекеленген адамдар қашып құтылмайтын экономикалық тоқырауға /банкрот/ кездесіп немесе жұмыс істесе де әлсіз тыныстауда.
Мысал ретінде пайызбен несиеге алған түпкі қарызы және оның өсімін жаба алмай, өздерін қаржылай дәрменсіздіктерін жариялаған фирмалар мен компаниялар қаншама. Құранда: «Ей, мүміндер! Алладан қорқыңдар! Егер сенсеңдер, өсімнен қалып қалған (аласыларыңды) қалдырыңдар (алмаңдар)», – делінген. («Бақара» сүресі, 278-аят)
Жоғарыдағы аятта үлгі бар. Кезінде Исламға дейін Халид ибн Уәлид пен Аббас бірнеше адамға өсіммен қарызға ақша береді. Алла тағала тарапынан осы аят түскенше оның ақшаларының өсімі біразға еселенді. Аят түскен кезде, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз: «Қарызға беру мен оны өсіммен молайтып алу ұстанымының қай түрі болсын – Исламға дейінгі надандық екенін біліңдер. Енді Алла тыйым салды бұған. Сондықтан Аббасқа қарызының өсімін алуына рұқсат бере алмаймын», – деп, өсімқорлыққа тыйым салып, осы жолдағы пайданың қай түрін болса да харам деп жариялаған.
«Бақара»сүресінде өсімқорлық жайында: «Егер оны істемесеңдер (өсім алғанды қоймасаңдар) бұны Аллаға, пайғамбарына жариялаған қарсы соғыс деп біліңдер. Егер тәубе қылсаңдар, сонда малдарыңның басы өздеріңдікі. Зұлымдық етпеген және зұлымдыққа ұшырамаған боласыңдар», – делінген.
Бұл жолда өсімге рұқсат бар деген адам өзін қалай болса да, «Қазір онсыз күн көрісім жоқ» не тағы басқа жалтарыс сөздермен қорғанғанмен, Алланың тыйым салған ісімен айналысып жүргенін ойламауы да мүмкін және өзімен қоса басқа адамдарды соған итермелейтіні тағы бар. Сондай жолына тартқан адамдарымен бірге Алла тағала мен пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарсылық білдіргені ме? Дегенмен, түбінде Аса мейірімді Алла тағала осы жолда күнәға батқандарды тәубесіне келтіріп, шүкірлік етсе кешіреді.
Өсімқорлықтың қай түріне болсын Алла тағала тыйым салған. Мас қылатын ішімдіктің азы мен көбі болмайтыны сияқты өсімқорлықтың да көбі мен азы болмайды. Бұл іске аят пен хадистердің қатысы жоқ деп есептейтіндер (кішкене ғана өсім себебімен) негізінде өзін-өзі алдағаны. Тыйымның Исламда азы мен көбі жоқ. Алла тарапынан барлық тыйымдар «харам» болып есептелінеді. Егер де осы заңға бағынатын болсақ, қоғамға келетін жақсылықтар шексіз болмақ.
Өсімқорлық – ауадан ақша жасау ұстанымындағы жүйе. Қажеттіліктен қарыз алуға бағытталған адамға құрылған ұра! Адамдарға өсіммен қарызға ақша беріп жүрген жинақ қоры бар несиешілер адамды құтылуы зор бейнеттен тұратын ұзақ жылды қарызға кіргізеді. Ал Ислам бұған тыйым салып, ашық та жасырын тұзақтардан қорғайды.
Өсімқорлықтың жүйелі тармағынан қоғамда көптеген адамдар рухани қиындықтарға ұшырауда. Негізінде өсімқорлық қоғамның рухын жояды.
Тойымсыз, көреалмаушы, қатыгез өзіне орнықты орын іздейді. Өмір тыныштығын бұзып, кедергі әкеледі. Бұл жолдағылар жарысқа /азарт/ түскендей әрдайым тысқары қалмауды ойлайды. Одан қоғамдағы қарызын төлеушілер психологиялық күйзеліспен рухани жұтаңдана бастайды. Қарызының ұзақ жолында қиналса да, «Ақша табудың барлық жолы жақсы» деп, Исламның бауырмалдық, ар-ұят, әділдік құндылықтарын ұмытады. Ал «Жұмыс», «Талаптану», «Маңдай тер», «Еңбек ақы» деген түсініктер мүлдем сөз етілмейді. Алған қарызы мен несиесінен «Қалайша құтылам?!» деп, Жаратқанды ұмытып, дүние тірлігіне ауысып, білек сыбана кіріседі.
Өсімқорлар жүйелі тармақтарымен санаулы да шектеулі адамдардан пайда табуды көздейді. Несие жүйесінде ай, апта сайынғы, тіпті сағатына өсім төлемі бар. Осыдан келіп, қоғамда адамды екіге бөлуге болады: несие беруші және несие, яғни қарыз алушы. Тіпті әрбір белгіленген уақытта жабылмаған несиеге әр күніне өсім бар.
Несие берушілер әртүрлі әдіс-айламен жаңа жарнама түрлерін ойлап тауып, қарапайым адамдарға тұзағын құруда. Бүгінде дүниеден қияметтік болған адамның өзін жерлеп, көміп, діни тұрғыда шығарып салуына арнайы несиелердің де бар екендігі белгілі болып отыр. Имам алдындағы мәйіттің халық алдында қарызы сұралған кезде, адамдардан алған қарызы ғана емес, несие алған адамның да алдынан кешіруі туралы немесе қарызының өтелуі туралы сұрап жатқан адам жоқ.
Ал енді дүниеден өткен адамның қандай да болмасын жиын астары қарызға атқарылса, одан сауап болмайтындығы кәміл белгілі. Өсімқорлар инвестициямен айналыспайды. Ел экономикасын өндіріс пен сауда арқылы өсірмей, инвестиция мен жұмыс орындарына кедергі жасап, талапсыз еңбек етпей «ауадан ақша жасауға болады» деген ойды қағида етушілер!
Осыған байланысты Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың: «Адамзат баласына маңдай термен келген нәпақадан артық ештеңе жоқ», – деген өсиетті хадисі бар. Өсімқорлық пен оның тармағында бір ғана не бір топ адам ғана пайдада болып, қалғандарын қарызданушыларға айналдырады. Егер қарызданушылар уақытымен төлесе, олар қайтадан несие алады және бұл қармаққа одан сайын іліне береді. Мұндай жағдайлар қоғамда экономикалық тепе-теңдікті бұзады. Кезегімен саяси және экономикалық күшін жоғалтқан мемлекет банктерден қарыз ала бастайды. Сол бетте мемлекеттің өзі де ақшадан ақша жасаушылар жүйесінің «қарызданушылар» тізіміне енеді.
Егер де уақытымен қарызын жаба алмаған жағдайда банк оның әлсіздігін пайдаланады, яғни келісімісіз саяси билігін қолына ала бастайды, ал өсімқорлар тұзағына түскен мемлекет несие берушілер алдында экономикалық тәуелді әрі әлсіз атанады.
Бұл әлемдік апат. «Жаңа әлем жобасы» атты бұл әлемдік қауіптің негізінде барлық планета мемлекеттерінің тілін, сенімін және бірегей валютасын бір шаңырақ астына жинау жоспары!
Ислам өсімқорлыққа тыйым салып, адамзаттың еңбектенуін қалайды. Керісінше сауда-саттыққа жол береді. «Сондай-ақ, өсім жегендер, (қабірлерінен) жын соққандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың «Сауда да бейне өсім» дегендіктерінің салдарынан. Негізінде Алла сауданы халал, өсімді харам еткен. Сонда кім Раббынан насихат келгенде тыйылса, өткені өтіп кетті. Оның ісі Аллаға тән. Ал және кім қайталаса, міне, солар тозақтық. Олар онда мәңгі қалады. Алла өсімді жояды да сауданы арттырады әрі Алла барлық қарсы келуші күнәһарды жақсы көрмейді». («Бақара» сүресі, 275-276 аяттар)
Алла тағаланың Құран аяттарындағы үкіміне құлақ аспау не орындамау – қоғам мен әр жеке адамның тоқырауы, адасуы, дағдарысы! Көптеген адам дүниенің елесіне ергені соншалықты өсіммен ақша алып, өмірлері мен отбастарына қиындық туғызуда. Кейде «Бәлен деген біреу өсіммен ақша алып, қарызын жаба алмай өзіне-өзі қол жұмсапты» дегенді естігенде күнә үстіне күнә қосқанын ойламады-ау деп қамығасың. Себебі, өз-өзінің жанын қиып, қарызынан құтылса да, ақыретте сол алған қарызына да жауап беретіндігі хақ.
Бірде Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз сахабаларымен отырған кезде «Муфлис» деген кім?» деп сұраған екен. Сонда сахабалар: «Ол жақсы пайдалы жұмысынан ажырап, тоқырауға, дағдарысқа ұшырап, дымсыз қалған адам», – дейді. Сонда пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла тағала адамның дүниедегі адамға қарызы өтелмейінше, ол адам қабір ішінде байланады. Ал сұрақ-есеп болатын қияметтің күнінде, ақша, алтын, тағы басқа құнды дүниелердің үкімі жүрмейтін кезде, істеген сауапты амалдары қарыз есебіне борышкерге беріледі. Сонда қарызымен өліп, борышты адамға сауап амалдарын беріп, сауабы жетпесе ол адамның күнәсін көтеріп, бейшара халде қалған адамды Мүфлис дейміз», – деген екен. Бұл әлемдік тақырып.
Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздан өсімқорлықтың күнәсін сұрағанда, ол: «Бұл күнә жетпіс қатпарлы. Оның ішінде ең жеңілі өз анасын зорлағандай», – деп жауап бергенін тағы да айтқым келеді.
Садақа бергеннің сауабынан өсімсіз қарызға ақша бергеннің сауабы мол! Жаратқан Алла өмірімізді нұрландырып, тапшылыққа кезіктірмесін, қаржы дағдарысы рухани дағдарысқа ұласпасын деп тілеймін! Әумин!
Нұрлан АСАНОВ,
дінтанушы имам