Жақсылық пен жамандық қатар жүретін сынаққа толы мына жалғанда біздің қабырғамызды қайыстырып, көңілімізді пәс қылатын жағдайлар мен оқиғалар болып жатыр.
Жастарымыз дінге қызығушылық танытып, жоғалтқан жайнамаздарын тауып, түзу жолмен жүріп, қоғамға, отбасы мен тума-туыстарына пайдасын тигізіп жатса, ал кейбір жастар тура жолдан тайып, өзге ұлттың қолшоқпарына айналып, басқа елдің «жалауын көтеріп» ұрандатып, адасып, «дүмше атанып, дін бұзып жүргені» жасырын емес. Өзекті өртеген, қоғамды бүлдірген, жастардың санасын жалмаған ағымдардың саны артты. Сол ағымдардың бірі және бірегейі – сәләфизм.
Сәләфизм немесе уаһһабизм ағымының қалай пайда болғаны туралы қаншама еңбектер жазылып, зерттеліп жатыр. Сол себепті ол мәселеде қалам тарту ойымда жоқ. Бірақ, айта кету керек, аталмыш ағымның доктриналық идеологиясын XIII ғасырда Ибн Тәймия қалады. Ибн Таймияның доктриналық пікірінің Әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдарының көзқарасымен келіспейтін тұстары көп болды. Сол себепті, оған өз уақытында әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдары ескерту беріп, кейбір көзқарасын теріске шығарды.
Ибн Тәймияның доктриналық ілімін XVIII ғасырда Сауд Арабиясында өмір сүрген Мұхаммед Абдулуаһһаб насихаттап, ары қарай дамытты. Тарихқа үңілер болсақ, уаһһабшылдық идеология негізінен XX ғасырдың басында I дүниежүзілік соғыстан кейін тарала бастады. Алайда, уаһһабшылдық идеология көп мұсылман елдерінен қолдау таппағандықтан, олар өздерін жағымды көрсету мақсатында, біз «сәләфиміз» (бұрынғылардың жолын ұстанамыз) деген ұранмен бүгінде «сәләфизм» атымен танылып үлгерді.
Бірақ, қазіргі уақытта да сәләфилік идеология қоғам арасында қолдау тауып отыр деп ойламаймын. Халықты мәңгүрттікке шақырып, жастардың санасын улап, өмірге, қоғамға, отбасы мен тума-туысқа қарсы қоятын идеология қайтіп қолдау тапсын?! Отан мен азаматтың, қоғам мен тұлғаның, ата-ана мен баланың, күйеу мен әйелдің, бауыр мен бауырдың арасын араздастыратын ағым қалайша мұсылманды тура жәннатқа апарады?!
Сәләфизм – болашағы жоқ діни ағым. Мен бұны осылай деп кесіп айта аламын. Оған тарих та, қазіргі уақыт та дәлел. Ислам діні сенім, ақида саласында екі мектептен (Матуриди мен Әшғарилік), құқық саласында төрт мәзһабтан (Ханафи, Мәлики, Шафиғи, Ханбали) тұралы. Осы бағыт Алла елшісі (с.ғ.с.) мен сахабаларының жолы және ол өміршең.
Ол дамиды, өркендеп, халыққа тарайды. Ал уаһһабилік не сәләфизм ағымы уақытша, болашағы қараң, келешегі бұлыңғыр. Ол ағымға жастар құр қызығушылықпен, желөкпелікпен кіріп, жиіркеніштен шығып жатыр. Ол жүрекке тыныштық, ойға тұрақтылық бермейді. Себебі неде?
Сәләфизм – Алланы дұрыс танытатын ағым емес. Аллаға мекен беріп, дене мен мүше бекітіп, орынға мұқтаж қылған «ғалымсымақтардың» ойлап тапқан сандырағы. Кешегі сахабалар мен атақты табиғиндер, соның ішінде сахаба Әли (Алла оған разы болсын) мен табиғин Зайнул Абидин Әли ибн Хусайын ибн Әлидің (Алла разы болсын): «Сен – мекенге тәуелді болмаған Алласың» деп дұғасына қосқан сенімнен емес, ақиқаттан алыс. «Мекен берген, халық қылған, Ол – лә мәкән» деп жырға қосқан Абайлардың жолынан жырақта.
Сәләфизм – адамның ойын улап, санасын торлап, ақылға тоқтау салып, халықты «мәңгүрт» қылатын жымысқы адамның ойлап тапқан «қаруы». Алла Құранда мұсылмандарды ойлануға, ізденуге, салыстыруға шақырса, ал Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ақылы жоқтың – діні жоқ» деп ақылды өз орнымен пайдалануға үндеп отыр.
Ал бұлар ше? Құран аяттары мен хадистерді түсінуде сыртқы мәнімен шектеліп: «Дінді ақылмен түсінуге болмайды, ол – философия, яғни адасушылық» деген түсінікті қалыптастырды. Мақсаттарына жету үшін мешіт имамдары мен белгілі исламтанушы, теологтардың уағызын тыңдауға, кітабын оқуға тыйым салады. Олардың уағызын тыңдап, кітаптарын оқыған адам таза сенімі бұзылып, адасады деп түсіндіреді.
Сөйтіп, дінге жаңа келген адамның көңіліне өзгелерге деген сенімсіздік, жауы ретінде қарау танымын сіңіріп, өз айтқандарынан шықпайтындай хәлге келтіреді. Сол себепті аяттар мен хадистердің мәніне үңіліп, діннің рухын ақыл тұрғысынан саралай алмаған адамның мәңгүртке айналары сөзсіз.
Сәләфизм – адамның иманды не имансыз екенін намазбен өлшеп, тілдерін кәлимаға келтіріп, мұсылман болған, бірақ намаз оқымайтын қандастарымызды «кәпірге» шығарып, ата-ана мен бала, бауырлардың арасына от салуды көздеген қитұрқы саясат.
Анасының «бисмилләмен» пісірген тамағын жемей, әкесінің Алланың атымен бауыздап шалған құрбан етінен ауыз тимей, ата-анасының көңілін қалдырып жатқан балалардың жағдайы қандай өкінішті! Әкесіне қол, анасына дауыс көтеріп жатқан жас буын өкілдері де осы ағымның жетегінде жүргендер.
Сәләфизм – әйелі мен күйеуін ажыратуды мақсат еткен, балаларды тірідей жетім, аналарымызды жесір етуді мақсатына айналдырған адастыратын ағым. Мемлекетіміз зайырлы ел болғандықтан тек АХАЖ бөлімдерінде тіркелген неке ғана заңды. Ал бүгінгі таңда мемлекеттің бүтіндігін бұзғысы келетін осы сәләфилер өз мақсаттарына жету үшін неке мәселесінде де түрлі зымияндықтарға барып жүргені белгілі.
Яғни, жас қыздарды алдап, ата-анасының хабарынсыз, АХАЖ-дың куәлігін керек етпей, жасырын неке қидырып жатады. Тіпті олар неке қидыруға имамға да бармайды. Өз араларында бірнеше сүре жаттаған, некенің шарттарын біле бермейтін біреуге некелерін қидырта салады.
Осындай ағымдардың салдарынан «Азаматтық неке» және «Жыныстық жиһад» деген сынды некенің жаңа түрлері шықты. Мұндай некелер Ислам шариғатымен де, ата-баба дәстүрімен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
PS: Қазақ қызыл империяның боданы болған жылдары дінінен ажырап қала жаздады. Діннен ажырату – ұлтты жоюдың тиімді жолы деп санаған отаршыл топ нәтижеге жетуге барынша ұмтылды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері жастардың қайта дінге бет бұру процесі қарқынды жүруде. Бұл жақсылықтың нышаны.
Бірақ, ел тыныштығын сақтап қалу үшін жоғарыда аталған фундаменталистік ағымдар жетегіне ермеу қажет. Қазақтың салт-дәстүрін, тілін жат санамайтын ата-бабадан мирас болып қалған дәстүрлі діннен адаспай жол тапқан жөн.
Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,
Ақтөбе облысы, Темір ауданы, «Шұбарқұдық кәсіпшілігі» мешітінің имамы, Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі