Мысырда оқыған бір ғалым:
“Ең алғаш Мысырға оқуға барған кезімде бір нәрсені байқадым. Намаз уақыты кіргенде жергілікті теледидар, радиода жүріп жатқан хабарлар дереу тоқтатылып, азан айтылады екен. Азаннан соң батасы жасалады. Одан кейін міндетті түрде бір хадис жазылады. Хадистің соңында “Рауаһу Бухари”, яғни “Бұхари риуаят еткен” деп жазылып тұрады. Сол сәтте өзімнің ол адаммен жерлес болғаныма тебіреніп, көзіме жас алдым.
Сондай-ақ мысырлықтардан бұл тәртіп бұрыннан бар ма деп сұрадым. Олар болса:
“Иә, бұрыннан бар. Біз бала кезімізден осылайша азан тыңдап, батасын жасап және күнделікті намаз сайын бір хадис оқып үйренетінбіз” деді.
Мен оларға имам Бухаридың (Алла оған разы болсын) жерлесі екенімді мақтанышпен айттым. Зерттеп көрсем, 21 араб мемлекетінде де осылайша тәртіп екен” деп айтты.
Не деген бақытты адам десеңізші?!
Кітабы Құраннан кейінгі кітап, ал өз аты болса, әр күні, бес уақыт намазда, бес рет ардақты Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын) бірге айтылады. Бұл ол адамның 40 жыл өмірін Алла жолында хадис жинауға арнаған еңбегінің нәтижесі.
Ал, оның осындай болуына кім себепші болды?
Әрине, анасы Фатима еді.
Имам Бұхари (Алла оған разы болсын) бала кезінде, он жас шамасында көзі көрмей қалады. Сол кезде анасы күні-түні Аллаға мінәжат жасап: “Иә Раббым Алла, баламның көз жанарын қайтара гөрші, баламның көзі қайтса, баламды Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын) сүннетін жинауға арнаймын” деп жалбарынып жылайды. Бір күні түсіне Ибраһим (Алланың оған сәлемі болсын) пайғамбар кіріп: “Әй, қызым! Аллаға көп дұға жасап, көп жылағаның үшін балаңның көз жанары қайтарылады” деп сүйіншілейді.
Баласы да анасының уәдесін орындап, ілім жолына аттанады. Яғни, Құран Кәрімде: “Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр!” деп дұға етіп, амал жасайтын ұрпақ болады.( Исра:24)
Бүкіл мұсылман әлеміне аты өшпес мәшһүр ғұлама аты қалады.
Алла баршамызға ізгі ұрпақ нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА