«Қыздай алмай, қатын болмас»
(Қазақ мақалы)
Қазақ қоғамына жаһанданумен бірге дендеп енген келеңсіздіктердің бірі – қыздардың тұрмысқа шықпай тұрып, яғни некесіз төсектес болуы. Бұрынғы заманда пәктігінен айырылған қызға қылмыскерден кем қарамайтын қазақ халқы бүгінде жаңа түскен келіннің аяғы ауыр болса, оған таңырқамайтын болды.
Ата-бабамыз зина түріндегі кез келген келеңсіз әрекетке қатты жаза бекіткен. «Абай жолындағы» Құнанбайдың Қодар мен Қамқаны «атасы мен келіні ойнас жасады» деп айыптап, түйеге асып өлтіргені соның бір айғағы. Бұрындары жаңа отау тіккен жас жұбайларға оңаша жай дайындап, «неке түнін» өткізіп, астарына төселген ақ жаймасын туысқандар мен көршілерге көрсетіп, келіндерінің «судан таза, сүттен ақ» екендігін паш ететін. Қазір ол дәстүр көзден бұлбұл ұшты. Ешкімнің ешкіммен ісі жоқ.
Қыз баланың тұрмысқа шықпай тұрып пәктігінен айырылуын әлемнің өзге елдерінде де қатты жазалаған екен. Мәселен, Сауд Арабиясында қыз болмай шыққан қалыңдығын күйеуі өзі өлтіретін болған. Иранның Белуджистан деп аталатын таулы аймағында әрбір үйдің жанында неке ағашы өсетін, той болған күннің ертеңіне пәк болмай шыққан қалыңдықты сол ағашқа асатын көрінеді. Ал, ежелгі Римде мұндай қыздар көпшіліктің алдында жазаға тартылған.
Осыдан аз уақыт бұрын қазақ қоғамында қарасын көрсете бастаған азаматтық неке, бір жынысты неке деген секілді мәдениетсіздіктерге таңдана қарайтын едік. Бірақ, соңғы кезде медициналық жолмен «пәктікті қалпына келтіру» әдісі пайда болғалы алдыңғы айтылғандар жәй нәрсе болып қалды. Енді «абайсызда» от басқан қыздарымыз үшін тығырықтан шығар жол табылғандай.
Ресми емес мәліметтерге қарағанда, дәл осындай медициналық операция Қазақстанда жасалынады. Бұны жасатқаннан кейін қыздың «пәктігі» бұрынғы табиғи қалпынан айырмашылығы болмай қалатын көрінеді. Әзірге, елімізде жылына қанша қыздың мұндай қадамға баратындығы туралы нақты мәлімет кездеспейді.
Айналасындағы адамдар мен өмірлік жан жарын алдағанымен, Алланы алдай алмайтынын ұғынбайтын жас қыздарымыздың бұл әрекеті – имансыздықтың белгісі. Жастай ата-ана тәрбиесінің болмағандығы. Арамызда күнәнің жолына кесе көлденең тұрар Құнанбайлардың жоқтығы анық сезіледі. Қазіргі жастардың бой түзеуіне, иманды болуына ықпал ететін бір күш бар болса, ол – исламдық тәрбие.
Жас қыз-жігіттеріміздің имандылық деңгейін көтермесек, ертең бұдан да асқан сорақы көріністерге куә болуымыз мүмкін.
Ескендір ТАСБОЛАТ