Имам, молда деген кім және оның атқаратын функцияларына заманауи-ғылыми түсініктеме:
- Имам – протектор, яғни діннің қорғаушысы. Бұл қызметтің ең қиын тұсы да осы шығар. Жат ағымдар мен небір секталар, атеист-материалистердің провокациясына қатысты күрестің негізгі бөлігін осы имам атқарып жүр.
Айналып келгенде бұл мемлекет тыныштығы жолындағы үлкен күрестің бір бөлігі. Бұл тақырыпқа арнап арнайы кітап жазу, жастарды бұрыс жолдан тосу, уға қарсы ем табу секілді іс-әрекеттер имамдар мойнында.
- Имам – контролер, яғни бақылаушы. Имам бұқара халықпен тікелей жұмыс жасағандықтан, тыныштық сақшысы десе де болады. Шариғаттың шамын жағып, қанатын кеңге жаю үшін халықпен мұқият жұмыс істей білетін қабілеті болуы шарт. Қылған ісі мен айтқан пәтуасының дұрыс-бұрыстығын үнемі бақылап, эмоциялық көңіл күй мен интелектуалды-ақылдың арасындағы баланс иегері.
- Имам – регулятор, яғни реттеуші. Мешіттегі жамағаттың рухани тәрбиесінен бөлек, имамдар көп жағдайда жалпы ауыл не қала тұрғындары арасындағы қарым-қатынасты реттейді. Мектеп оқушылары мен студенттердің жан дағдарысын қадағалайтын, жұмыскерлер мен қызметкерлердің бір-бірімен көркем араласуына да алаңдайтын адам. Той-томалақтың адал өтуіне, кредиттің артында таудай бәле бар екенін де айтып ескертетін міндет имамның мойнында.
- Имам – журналист-блоггер. Қазіргі уақытта еліміздегі hәм әлемдегі неше түрлі жағдайларға байланысты әрбір имамға деген талаптар екі есе артты. Технология дамыған шақта имамдар бұдан былай жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, бүкіл елдің игілігі үшін жаппай қызмет қылуға жұмылдырылу үстінде.
Оның ішінде діни-танымдық бағытта сұхбат беріп, мақалалар жазу, оны тұрақты түрде интернет сайттары мен желілерінде жариялап отыру – ақпарат ғасырының имамына жүктелген ең жауапты міндеттердің бірі.
- Имам – экономист-есепші. Электр энергиясы, су мен жылуға кеткен шығын садақа жәшіктеріне келіп түскен халықтың ақшасынан төленеді. Бұл ретте имам жиналған қаржыны аса ұқыптылықпен тиісті орындарына жұмсап, алдағы күндерге деген шығындарды тағы бір есептеп отырады. Жетпей жатса жан-жақтан көмек сұрап қарызданатын Алланың құлы.
- Имам – дәрігер. Көпшілік сырқаттанып қалғанда, тіл-көз тигенде, бәлеге ұшырағанда құран аяттарымен дем салдыру үшін имамдардың көмегіне жүгінеді. Көмек сұрап келгеннің бетін қайтара алмайтын діни емші.
- Имам – куратор, яғни ұстаз. Азан айтып, әр намазға жиналған жамағатпен бірге паразды орнындаудан бөлек имам ақида, фиқһ негіздері мен тәжуид ғағидаларынан сабақ өтеді. Жан-жақтан келіп түсіп жатқан шариғи мәселелерге қатысты әртүрлі сұраққа жауап беретін рухани мұғалім.
- Имам – патриот, яғни ұлттық құндылықтар мен тіл жанашыры. Бір орысша қоспай қазақтың тілінде сөйлеп, ұлттық киімдерімізді насихаттап (шапаны мен тақиясы бар), салт-дәстүріміздің мерейін үстем етіп жүрген де мешіт қызметкерлері. Қазіргі заманда күнделікті күйбең тіршілікте шапан киіп жүру, тақиямен жүрудің өзіндік үлгісін көрсете білген индивид.
- Имам – психолог. Күнде бірнеше жайтты басынан өткеріп, көмегіне жүгінген халықтың көңіл күйіне өтіп, солардың жағдайын өзінің жұмыр жүрегінен өткізеді әрі соған дайын жүреді.
Мысалы, бір үйде кісі қайтып, жаназасын шығаруға барады, көңіл айтып, сабырға шақырады, былай айтқанда солардың күйіне енеді. Ол жердің шараларын атқарып мешітке келсе, алдында көңілі жадырап жас жұбайлар тұрады.
«Бөпелі болып едік, азан айтып, ат қойып берсеңіз» немесе «Үйленейік деп едік, некемізді қиып берсеңіз» дегенде қайғылы жерден келіп, қуанышты күйге ауысып, бірден әлгі жастардың қуанышына ортақтасып, діни рәсімді жалғастыра беретін персонал.
- Имам – транспортер, яғни тасымалдаушы, жеткізуші. Мешіттегі жамағат жүрегіне жылулық жеткізетін, қамаудағы қылмыскерге рухани демеу беретін, надан мен залымды тәубе етуге шақыратын тұлға.
Қарап отырсақ, имам болу – академиялық меткеп деген сөз.
Данияр АСЫЛБЕКОВ,
теолог, дәрігер-блогер