Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев Халықаралық азаматтық авиация күнімен құттықтап, жыл басынан еліміздің авиация саласында орын алған жақсы көрсеткіштерге тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Марат Қарабаев отандық әуежайлардағы жолаушылар ағыны 25 млн-нан асатынын атап өтті.
Құрметті әріптестер! Халықаралық азаматтық авиация күні құтты болсын! Елдегі авиацияның өркендеуі мен дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан азаматтық авиация саласы қызметкерлерінің құрметіне орай бекітілген бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының шешімімен аталып өтуде. Кәсіби мереке халықаралық азаматтық авиация жөніндегі Конвенцияның қол қойылғанына 50 жыл толуына орай 1994 жылғы 7 желтоқсаннан бастап мерекелене бастады. Аталған конвенцияға сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы мекемесі Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) құрылған болатын. Жыл басынан еліміздің авиация саласында орын алған жақсы көрсеткіштер жетерлік. Соның бірқатарына тоқталып өтсем. Жылдың қорытындысы бойынша отандық әуежайлардағы жолаушылар ағыны 25 млн-нан астам жолаушы болады деп күтілуде, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 22 пайызға артық. Ішкі тасымалдау көлемі толығымен қалпына келтіріліп, аптасына 50 бағыт бойынша 640 рейсті құрайды, – деді Қарабаев.