Ислам тарихындағы маңызды тұлғалардың бірі болған Әбу Һурайра (р.а.) – ең көп хадис риуаят етуімен мәшһүр болған сахаба. Бір күні Әбу Һурайра Мәдина базарына барып:
– Уа, базар халқы! Үлестеріңді алудан не тосты сендерді? – деп жар салады. Бұған түсінбеген халық:
– Аманшылық па, Әбу Һурайра? Нені меңзеп тұрсың? – деп сұрайды. Әбу Һурайра:
– Анау жақта Пайғамбарымыздың ﷺ мирасы үлестіріліп жатыр. Сендер болсаңдар мына жерде отырсыңдар. Барып үлестеріңді алсаңдар қайтер еді?
– Пайғамбарымыздың ﷺ мирасы қай жерде үлестіріліп жатыр?
– Мешітте!
Мұны ести сала халық Пайғамбар мешітіне қарай жүгіре бастады. Ал Әбу Һурайра сол жерде олардың қайтып келгенін күтті. Мешітке қарай жүгіріп кеткен халық көп ұзамай қайтып келді. Бұларды күтіп тұрған Әбу Һурайра:
– Не болды, тыныштық па? – деп сұрады. Олар да:
– Әбу Һурайра, мешітке бардық. Бірақ үлестіріліп жатқан ештеңе көрмедік!
– Сонда Пайғамбар Мешітінен ешкімді көрмедіңдер ме?
– Көрдік, бірақ көргендеріміздің біреулері намаз оқып жатты, енді біреулері Құран оқып жатыр. Тағы біреулері халал мен харам мәселесінде пікір алмасып, талқылап жатты. Алайда, мирас үлестіріп жатқан ешкімді көрмедік, – дейді. Сонда Әбу Һурайра:
– Өкінішті-ақ! Пайғамбарымыздың ﷺ мирасы бұлар емей, немене енді? – деп кейиді!
Міне, ілімнен басқа ештеңе көрмеген сахаба өлім төсегінде жатып жылайды. Маңындағылар да:
– Уа, Әбу Һурайра, неге жылап жатсың? – дейді.
– Бұл дүниелеріңе жылап жатқам жоқ. Мен жолдың ұзақтығына, ал азықтың аздығына жылаудамын… Жәннатқа не Жәһәннамға апарар бір жолдың соңына келіп тұрмын. Бұл екеуінің қайсысына барарым белгісіз. Сол үшін жылаймын, – дейді.
Міне, өмірін ілімге арнап, тақуалықты ту еткен сахабалардың өзі өлім алдында қатты қобалжыса, біздің халіміз не болмақ?..
Сұлтан КЕРІМ