Ислам әлеміне аты мәшһүр ғалым Әбу Ханифаның ішімдікке салынған көршісі болыпты. Ол күн сайын ғалымға тыныштық берместен дауысын көтеріп: «Нендей керемет жігіттің жетегіне жеттіңдер. Қиындықта жаныңнан табылатын жігітті құрттыңдар. Керемет жан еді»-деп ән салады екен.
Бір күні көршісі үнсіз қалып, Әбу Ханифа оның үйіне барып жағдайын сұрамақ болады. Алайда, ол белгілі бір себептермен абақтыға түсіп қалған еді. Ғалым дереу артынан іздеп барып, араға түсіп оны абақтыдан шығарып алады. Екеуі үйлеріне қайтып келе жатып жолда ғалым:
– Біз сенің түбіңе жеттік пе? Қиындықта жанымыздан табылатын жігітті құрттық па?-деп сұрайды. Жігіт:
– Жоқ әрине, сіз мені құтқарып қалдыңыз,-деп Имам Ағзамға шексіз ризашылығын білдіреді. Сол күннен бастап әлгі жігіт ішуін тоқтатып, ғалымның дәрістеріне үзбей қатысады. Содан Куфаның беделді ғалымына айналады.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы