Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында Хан ордасы музей-қорығы құрамындағы республикалық маңызы бар екі ескерткіш – 1828 жылы салынған Хан сарайы мен қазынашылық ғимаратына (1867 жыл) ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілуде.
БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиевтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 136 млн теңге қаралған.
Фото: Хан ордасы музей-қорығы
Оның сөзіне қарағанда, «Қазқайтажаңарту» РМК Орал қаласы филиалының қызметкерлері қос ғимараттың түп келбетін сақтай отырып, сыртқы және ішкі жөндеу жұмыстарын атқаруда.
Фото: Хан ордасы музей-қорығы«Бұдан бір ай бұрын ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Батыс Қазақстан облысына жасаған іссапары аясында Хан ордасы музей-қорығындағы атқарылып жатқан істі оң бағалады. Сонымен қатар 2026 жылы Бөкей хандығының 225, Жәңгір хан мектебінің 185 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту мақсатында 2025 жылы музей-қорықтағы 10 нысанға ғылыми-реставрациялау және музейлендіру жұмыстарын аяқтау жөнінде тапсырма берді. Бүгінгі таңда ҚР Үкіметінің хаттамалық тапсырмасы бар. Бұл бағытта ҚР Мәдениет және ақпарат, Қаржы министрліктерімен бірлесе жұмыстанып жатырмыз», деді Қ.Мұханғалиев.
Басқарма басшысының айтуынша, Орал қаласы іргесінде орналасқан, ортағасырлық қала мәдениеті мен өркениеттің дамығанын дәлелдейтін, Алтын Орда кезеңімен тұспа-тұс келетін археологиялық ескерткіш – «Жайық қалашығы тарихи-мәдени музей-қорығы» МКҚК құрылды. Бүгінгі таңда заң органдарында тіркелу, ұжымды орналастыру және ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Фото: Хан ордасы музей-қорығы«Жалпы, облыста 24 музей болса, оларда 200 мыңнан астам жәдігер бар. Бәйтерек ауданы Дариян ауылындағы М.Шолохов музейін күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасалды, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Сол секілді Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейі орналасқан жалпы ауданы 243,6 шаршы метр екі қабатты ғимарат аудандық әкімдік теңгерімінен облысқа алынды. Онда 2025 жылы ойшыл Ғұмар Қараштың 150 жылдығына орай музейде жаңа экспозиция қайта жасақталады. Бұған облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінді», деді Қ.Мұханғалиев.