Оралда ҚМДБ Батыс Қазақстан облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен қалалық «Тәжиден Батырұлы» мешітінде «Ақ бата – асыл мұра» бата сайысы өтті.
Сайыс үш кезеңнен құралды: «Таныстыру», «Сұрақ – жауап» және «Еркін тақырып».
«Ақ бата – асыл мұра» байқауының отбасылық тәрбиеде мәні зор. Сондықтан да жыл сайын аталмыш шараны ұйымдастыру біз үшін маңызды дәстүрге айналды. Жасыратыны жоқ кейде ел ішінде бата беретін ақсақалдар азайды немесе жіп иіріп, текемет, сырмақ басатын әжелер қалмады дегенді жиі естіп жүрміз. Біздің мақсат – осы олқылықтың орнын толтыру әрі ұлттық құндылығымызды насихаттап, бүгінгі ұрпақтың бойына дарыту»,- дейді сайысты ұйымдастырушы «Ар-Рахман» мешітінің наиб имамы Наурыз Ибатұлы.
Қатысушылар өздерін батагөйлік қырынан ғана емес қала, аудан намысы үшін де барын салған өнер байқауының қорытындысы бойынша Ақжайық ауданынан Исаев Темірхан Мүбиінұлы І орын биігінен көрінсе, ІІ орынды Орал қаласының тұрғыны Абдрахманов Бағдат Қалиұлы еншіледі. Ал, ІІІ орын Орал қаласының тұрғыны Мақсот Жақыпұлына бұйырды.
Жеңімпаздарға және басқа да қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.