Қасиетті Рамазан айында Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында жаңа мешіттің қазығы қағылды.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Бақытжан Сабралиев, Орал орталық мешітінің наиб имамы Мейрамбек Абдрахманов, сондай-ақ Алтай Алдоңғаров, Руслан Саханов, Нұрбол Есбеков, Фаррух Мирзоев, Артур Қапезов, Қуаныш Шунаев секілді облыстан және басқа аудандардан жиналған кәсіпкерлер жаңа мешіттің қазығын қағу рәсіміне қатысты.
Бас имам бастаған жамағат арнайы белгіленген жерге құрбан шалып, көпбалалы және жалғызбасты аналарға құрбан етін таратты. Сонымен қатар мешіт атынан аудан тұрғындарына ауызашар беріліп, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға ауызашар дәмі таратылды.
Сондай-ақ Бас имам бастаған дін қызметкерлері мен кәсіпкерлер аудан әкімі Тілек Габдушевтың қабылдауында болып, 150 орынға арналған мешіттің жоба-жоспарын таныстырды. Ауданға арнайы ат басын бұрған Орал қаласынан және өзге аудандардан келген кәсіпкерлер өз қаражатына мешіт салуды қолға алуда. Халықтың басым көпшілігі де жаңа мешіт құрылысын қолдап, сауапты іске бел шеше кірісуге дайын отыр.
Айта кетейік, адам өміріндегі сауапты істің бірі – мешіт салу. Мешіт – мұсылман қауымның Жаратушы иемізге кіршіксіз құлшылық жасап, шынайы тәубеге келетін, жабырқаған жанына жұбаныш табатын, арман-тілегін Аллаға ақтарып, дұға тілейтін мінәжат үйі. Мешітке ниет етіп шыққан кісінің және мешіт табалдырығын аттаған жанның қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде мешітке келушілердің әр қадамына сауап жазылып, дәрежесі артып, күнә-кемшіліктері кешірілетінін айтқан болатын.
Білек сыбана кіріскелі отырған, халықтың діни және рухани дамуына үлес қосуға дайын жомарт жандардың ісін Алла сауаптан жазғай!