Заманында атақты тақуа, әулие Шәйбан Рағий (Алла оны рахымына бөлесін) өмір сүрген екен. Ол имам Шафиғидың замандасы, әрі хикмет иесі екен. Жұма күні ғана шаһарға келіп, басқа уақытта қала сыртында қойын бағып, ғибадатпен өткізеді екен. Бұл жайлы дерек Хз. Жәләл Әд-диннің Мәснәуи еңбегінде: Жұма намазы үшін қалдырды қойларды,
Бөріден сақтау жағында ойлады.
Қасқырлар жоламайтын тәртіп сақтап,
Қойларда шықпайтын белгіні аттап.
Қой да тыныш, қасқыр қылмай іс жаман,
Хақ Тағала қалауымен болды аман» – деп келеді.
Шәйбан Рағий жұма намазын өтемекке қалаға келу үшін бағып жүрген қойларын далаға қалдыратын. Бірақ ол сақтық жасап, қойлар бетімен жайылып кетпесін, әрі бөрі жазым етіп жүрмесін деген мақсатпен бір хат жазып, қойлар жайылып жүрген маңға белгі етіп тастайтын.
Шайбан Роғий намаздан келгенше хат тастап белгіленген маңға ешқандай бөрі жоламайтын және қойлар да ол маңнан аттап шықпайды екен. Бұл әрине, Хақ Тағаланың қалауымен, Шәйбан Роғийдың дұғасы қабыл болып, іске асқан деседі.
Ғұламалардың түсіндіруінше, мысалдағы қасқыр – нәпсі, қой – адам. Егер пенде өз қалауын Алла Тағала қалауымен үйлестіре алмаса, өз нәпсіне таланып өмір сүреді. Шариғат талаптарын орындай отырып, Алла Тағалаға тәуекел етіп, нәпсіге қарсы күреске шығып, оның талаптарына шектеу қоя білсек, онда амандықта, саулықта, берекеге қол жеткізген пенделердің қатарында болады екенбіз.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ