Бір күні Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан:
– Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме? – деп сұрайды. Ардақты сахабалар:
– Оның мәнісін Алла және Оның Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біледі, – деп жауап береді. Ардақты пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Ғайбат деген дін бауырыңды өзі жақсы көрмейтін сипаттарынан сөз қозғауың, – деді. Сахабалар:
– Айтылған сипат (кемшілік) бауырымыздың бойында болса, оған не айтасыз?, – деп сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Егер айтқан нәрсең (кемшілігің) оның бойында болса ғайбат еткенің. Ал бойынша ол кемшілік жоқ болса, онда оған жала жапқаның, – деп жауап береді
Шынында ғайбат кез келген дін бауырымыздың бітімі, мінезі, дүние-мүлкі, балалары, көлігі, заты, жүріп-тұруы, сөйлеуі т.б. ерекшеліктерін, оған ұнамайтын жазбаша, яки ауызша түрде сөз қозғау, ишаратпен, яғни қас-қабақпен немесе қолмен түсіндіру, оған еліктеп мазақ қылу, тіпті ым білдіру ғайбаттың шеңберіне кіреді дейді ислам ғалымдары. Яғни мұсылман баласының қандай да бір кемшілігін өзгеге жеткізу үшін қолданылған әрбір сөз немесе әрекет ғайбат болады екен. Ғайбат исламда үлкен күнәлардан.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz