ҚМДБ Ұлытау облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Данияр Кенжалин өңір имамдарына жат діни ағымдардан сақтандыру жөнінде семинар өткізді.
Семинарға облыс бойынша барлық имам офлайн-онлайн түрде қатысты. Аталмыш семинар барысында діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Данияр Айтбайұлы жиынға қатысушыларға семинардың мән-мақсаты мен маңызын түсіндіре келе, жат ағымның алдын алу шаралары мен оны жүзеге асырудың бағыт-бағдарын бөлісті.
Кешкілік Сәтбаев қаласының жамағатымен жүздесіп, құптан намазынан кейінгі насихатта ханафи мәзһабын толыққанды және дұрыс ұстану үшін білімнің қаншалықты маңызды екендігін айтты. Діни насихатты тек қана қазақ тілінде ғана емес, сонымен қатар орыс тілінде де жүргізудің маңыздылығын түсіндірді.
Іссапар кезінде Сәтбаев қаласының «Электр желілері кәсіпорны» ұжымына, «Жезқазған қалалық орталық кітапханасы» ұжымына «Дін мен зайырлылық ұғымы» тақырыбында дәріс өткізді. Еліміздегі діни ұстаным қоғамның бойына зайырлылық пен зиялылықты, имандылық пен салауаттылықты, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеп, кездесуге қатысқан қатысушыларға ислам діні туралы және осы дінде терроризм мен экстремизм ұғымдарының жоқ екендігін, сонымен қатар, теріс діни ағымды ұстанушылардан аулақ болуын айтып өтті.
Іссапар соңында Сәтбаев қалалық «Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінде жұма уағызын жүргізді.