Патшалық Ресей тұсындағы қазақ халқының рухани жағдайы – зерделеу мен терең мән беруді қажет ететін тақырыптың бірі. Өйткені, дәл осы кезеңде қазақ халқының өмір салты мен тыныс-тіршілігінде көптеген өзгерістер орын алды. Саяси жүйенің өзгеруі рухани саланың да бағыт-бағдарына әсер етті. Ресей өз отарындағы халықтардың діні мен мәдениетін патшалық жүйеге барынша бейімдеуге тырысты.
Дегенмен, патшалықтың бұл әрекеті діни институттардың дамуын тежей алмады. Керісінше, қазақтардың арасынан белсенді дін қайраткерлері мен дін жанашырларының пайда болуына түрткі жасады. Сәйкесінше діни әдебиеттер мен білім берудің де жаңғыруына жол ашты. Оның бір мысалы ретінде Ханафи мазхабы бойынша шариғат құқығындағы (фиқһтағы) жүгінетін негізгі һәм маңызды мәтіндердің бірі саналатын «Мұхтасар Әл-Уиқоя» кітабының Жәңгір ханның бастамасымен дәл сол кезеңде басылып шығуын айта аламыз.
Исламдағы мұхтасар жанры және оның қазақ даласындағы көрінісі
Мұхтасар – исламдық діни әдебиеттің ең кең таралған түрі. Көлемді еңбектердің мазмұнын ықшамдап, есте сақтауға оңай кейіпте қайта жинақталған діни әдебиет.
Мұхтасар ислам құқығы, ғибадат орындау шарттары туралы жазылған. Мұхтасар өте түсінікті және тиянақтылығымен де ерекшеленеді. Яғни, көлемді еңбектерге қарағанда күнделікті өмірде, медреселерде және өзге де оқу орындарында оқытылуға ыңғайлы болған. Әсіресе, жаңадан діни білім алуды бастаған шәкірттер үшін бұл қолайлы оқу құралы.
Қазақ даласындағы «мұхтасар» мәтіні Орта Азияның білім ордаларымен тығыз байланысты. Н. Қайырбековтың зерттеулеріне сүйенсек, Исфиджаб (қазіргі Түркістан облысы Сайрам ауданы) өңірі ғұламаларының бірқатар мұхтасар еңбектері бар. Олар негізінен қарахан мемлекеті күшейген тұста аса танымал болған [1].
Мысалы, Баха’ а-ддин әл-Исфиджаби мұхтасардың Орта Азиядағы дамуына үлесі көп деп бағалайды. Оның негізгі еңбегі ретінде «Мухтасар ал-Кудури» туындысын айтуға болады.
Сонымен тарихи шолу жасау арқылы біз мұхтасардың ескі Қарахан кезінен бастап қазақ даласында тарала бастағанына көз жеткіздік. Яғни, Жәңгір ханның тұсында мұхтасардың басылып шығуы діни тұрғыдан енгізілген жаңалық емес. Керісінше өткен тарих пен сол кездегі діни сабақтастықты жаңғыртудың белгісі ретінде қабылдауға болады. Ел арасында дін адамына «Мұхтасар оқығансың ба?» деп молдадан сұрайтын әдет те оның маңыздылығын білдіреді. Егер мұхтасарды бес саусағындай білсе молдалыққа жарайды деген түсінік те бар.
Тақырыпқа арқау болып отырған кітаптың негізгі атауы «Ән-Нуқоя Мухтасар Әл-Уиқоя», Орта Азия елдерінде шәкірттер мен ұстаздар арасында тілге жеңіл болу мақсатында қысқартып «Мұхтасар» деп атап кеткен. Бұл еңбек негізі Имам Марғинанидің «Әл-Хидая» кітабынан қысқартылған Махмуд бин Ахмад бин Убайдулла Бурханушшариғаның «Әл-Уиқая» кітабынан ықшамдалып алынған [2, б. 22]. Яғни, Әл-Хидаядан Әл-Уиқоя кітабы, Әл-Уиқоядан Ән-Нуқоя (мұқтасар) қысқартылып ықшамдалып жазылған.
Бұған қатысты кітап авторы Садрушшариға аталмыш еңбегінің кіріспесінде атасы һәм ұстазы саналатын Бурханушшариға оған (яғни, Убайдуллаға) жаттауға оңай болатын бір фиқһ мәтіні ретінде «Уиқоятур-риуая фи мәсәилил хидая» (қысқаша «Әл-Уиқоя) атты еңбек жазып бергендігін, ал ол кітап өз кезегінде сөздерінің жеңілдігі және мағыналарының тереңдігі тұрғысынан оған тең келетін ешбір кітап болмағандығын, алайда сол уақыттағы адамдардың (әсіресе шәкірттердің) кітап жаттауға немқұрайлы қарағандығын көргендіктен осы «Әл-Уиқоя» кітабын қысқартып аталмыш мұхтасарды жазғандығын айтқан. Автор кім «Әл-Хидая» кітабындағы мәселелерді түсінгісі келсе, «Әл-Уиқояны» жаттауы керек екендігін, ал оған уақыт таппағандар болса осы мұхтасарды жаттау керек екендігін де айтып өткен [3, б. 3–4].
Бұл кітап Орталық Азиядағы Ханафи мазһабының фиқһ бағыты бойынша кітаптарының басты жетістігі болып саналады. Бұл еңбек Таяу Шығыс, Солтүстік Ресей, Орта Азия, Ауғанстан, Үндістан және Қытай медреселерінде кейінгі көптеген ғасырларда ең маңызды оқулық ретінде оқытылды [4].
Осы мұхтасар ХIV ғасырда ханафи фиқһындағы ең негізгі мәтіндердің бірі ретінде қабылданды. Сондықтан шәкірттер аталмыш кітапты жаттаумен, ұстаздар алдында отырып оқумен, оған шарх пен хашиялар жазумен үнемі айналысқан. Орталық Азия елдеріндегі оқыту жүйесінде мұқтасарды жаттау, оқу бірінші орында тұрған.
Кітап авторының толық аты-жөні Садрушшариға Әс-Сәни Убайдулла бин Масғуд бин Махмуд бин Ахмад бин Жәмәлуддин Әбул-Мәкәрим Убайдулла бин Ибраһим бин Ахмад бин Абдулмәлик бин Умейр бин Абулазиз бин Мухаммед бин Жағфар бин Халиф бин Харун бин Мухаммад бин Мухаммад бин Махбуб бин Әл-Уәлид бин Убада бин Сәмит Әл-Махбуби Әл-Бухари Әл-Ханафи [2, б. 4].
Ханафи мазхабы бойынша жазылған табақат (ғалымдар өмірбаяны) кітаптарының кейбірінде Убайдулланың шежіресі сахаба Уәбәдә бин Сәмит Әл-Ашғариге барып тірелетіндігі көрсетілген [5, б. 427].
Ғалымның туған жылына қатысты нақты мәлімет болмағанымен оның 1346 жылы Бұхара жерінде дүние салғандығы айтылған. Халық арасында Садрушшариға, Әл-Асғар, Әс-Сәни сияқты лақап есімдермен аталған Убайдулла заманындағы фиқһ, усул, жәдәл, хадис, тәпсір, араб тілі және әдебиеті, кәлам және мантық білгірі ретінде танылған. Ғалымның жазған еңбектері арасында «Ән-Нуқоя мухтасарул уиқоя», «Тағдилул-улум», «Әт-Танких фи усуләл-фиқһ», «Әт-таухид фи халли ғауамидит-тенкид фи усуләл-фиқһ», «Әш-Шурут Әл-Мәһадир», «Шарху фусулил-хамси фин-нахв», «Шарху уиқоятур-риуая» және тағы да басқа еңбектер бар [2, б. 5–12].
Жәңгір хан тұсындағы «мұхтасардың» жаңғыруы
Патшалық Ресей кезеңінде қазақ даласындағы исламның дамуы сол кездегі дін қызметкерлері мен діни әдебиеттердің және оқу жүйесінің қызметіне бірқатар жаңашылдықтар арқылы іске асты. Әсіресе бұл кез батыстың ғылыми және өндірістік дамуымен тікелей байланысты еді. Жаңа техникалық және ғылыми жетістіктер дін саласының дамуына да оң әсерін тигізді.
1841 жылдың 11 маусымында Жәңгір хан Ф.И. Эдманға Қазандағы баспаның қайта жандануымен құттықтау хат жолдайды және баспа өндірісіне жаңа технологияның қосылғанына қуанышын білдіреді: «Маған жәрмеңкеге осы баспада басылған кітаптар келді. Баспасы өте жақсы түзелген… қарапайым халық мұндай жетістікті еш қиындықсыз қолдана алса екен» [6, б. 390].
Хан бұл сөзі арқылы аталмыш баспаның сапасы жақсы екенін жеткізіп, сондай ақ көпшілікке қолжетімді болуын қалайтындығын білдіреді. Осы хат жолданғаннан соң араға үш жыл салып ханның сұрауымен Қазан баспасынан мұхтасар оқулығының алғашқы даналары басылып шыға бастайды.
Қазан университетінің профессоры А.К. Казембектің 1844 жылдың 28 ақпанында Қазан білім беру округінің жетекшісіне жолдаған хатында «Мухтасар уиқоя» кітабын басып шығаруға Жәңгір ханның өтініш білдіргені баяндалған «Бөкей ордасының билеушісі хан Жәңгір, өткен қаңтардың соңында Қазан арқылы өтіп бара жатқанда, мұсылмандар арасында «Мұхтасар уиқоя» (қысқартылған заңнама) атты өте маңызды кітапты шығаруды сұрады, ол барлық мұсылман мектептерінде танымал кітап. Мұсылмандар арасындағы ағартушылықтың осындай ынталы қолдаушысы хан Жәңгірдің тілегін орындауды және оны қырғыздар (қазақтар – авт.) арасында таратуды мақтауға тұрарлық деп санай отырып, бұл басылымды Еуропаның шығыстанушылары үшін, сондай-ақ жоғары курстарда араб тілін оқыту үшін өте пайдалы деп санай отырып, мен жоғары мәртебелі ханның ұсынысын дұрыс қабылдадым» делінген [6, б. 413–414].
Бұл жерде мұхтасардың басылмай тұрып, оны баспаға беру профессор оның бірнеше бағыттарына мән бергендігін байқаймыз:
1) Еуропалық ориенталистердің зерттеуіндегі оң пікірлеріне сүйену. Бұл жайлы тағы бір жерде А.К. Казембек «Бұл маңызды шығарма бүкіл Шығыста бағаланып қана қоймай, еуропалық шығыстанушыларға бұрыннан белгілі болды, олар оның пайда болуын құптайды деп үміттенемін; сондықтан мен ханның ұсынысын ерекше қуанышпен қабылдадым, әсіресе жалпы мұсылман құқықтануы еуропалықтарды қатты қызықтырды және біраз уақыттан бері ғалымдар бұл тақырыпты мұқият зерттеп келеді» деп, кітаптың өзектілігін еуропалықтардың қызығушылымен көрсеткісі келеді [6, б. 435].
Баршаға мәлім, отарлық саясат жүргізген елдердің барлығында дерлік ориенталистік бағыттағы зерттеулер дамып отырды. Ориенталистер отарлық саясаттың ғылыми базасын дамытты. Сәйкесінше, Ресей ғалымдары да өздерінің батыстық әріптестерінің пікірлері мен зерттеулеріне сүйеніп, сол көқарастармен санасып отырды. Өйткені, патшалық Ресейдің өзі сол кездегі отарлық саясат жүргізуші елдің бірі болды;
2) Ислам діні мен араб тілін оқып үйренуге ыңғайлы оқу құралы. Сол кездегі хат алмасуларға қарағанда Қазан университетінің шығыс тілдері бойынша кітап қоры мен оқу құралдарын дамытуға күш салғаны және осы бағытта бірнеше діни әдебиеттерді жинақтағаны байқалады. Яғни, патшалық зиялылары Ресей университеттерінде оқу құралы ретінде пайдалану үшін кітапты басып шығаруға қолдау білдіруі мүмкін.
3) Орынбор мүфтилігінің рұқсаты мен ұсынысына сүйену. Хаттың жалғасында профессор А.К. Казембек «Сондай-ақ мен Орынбор мүфтилігінен мақұлдау хатын алдым» дейді [6, б. 414]. Орынбор мүфтилігі мұсылмандардың әкімшілік және діни бағыттарын қатар басқаратын мекеме болғандықтан діни әдебиеттердің де шығарылуына араласқан.
Осы айтылған негіздемелерге сүйеніп А.К. Казембек патшалықтың өзге шығыстанушылары мен зиялылары тарапынан мұхтасардың басып шығарылуына қатысты оң пікір алуға тырысқан. Мысалы, «1845 жылдың наурызының 29 жұлдызындағы Қазан университетінің ординарлық профессоры А.К. Казембектің Қазан оқу округінің қамқоршысы М.Н. Мусин – Пушкинге Жәңгір ханның Мұсылман заңтануы бойынша басылған шығыс қолжазбасына пікірін жеткізу» туралы хатында: «Мен сіздердің мәртебеңізге мұсылман заңының жарияланған кітабының үш данасын ұсыну құрметіне ие болдым… Осы басылымға орыс тіліндегі кіріспемде тақырыпқа қатысты, мен шығарған шығармаға, оның авторына, оның жазылу мақсатына және сайып келгенде, менің басылымымның мақсатына қатысты қажет деп санайтынның бәрін баяндадым; алайда, мен алдымен сіздің назарыңызды аударғым келетін мәселемен таныстыруды және осы тақырыптың қадір-қасиетін және оның пайдалығы мен маңыздылығын бірнеше сөзбен сипаттауды өзімнің парызым деп санаймын» деп баяндайды [6, б. 436].
Патшалық әкімшілігі мен Орынбор мүфтилігі тарапынан қарсылық болмаған соң профессор А.К. Казембек 1844 жылдың 9 желтоқсанына дейін мұхтасардың 894 данасын баспадан шығарып, ханға мәлімдеме хат жазады: «Жоғары мәртебелі хан Жәңгір! 18 қазандағы құрметті хатыңызды мен шын жүректен қуана қабылдадым; Мен оны барлық қызметтерімнің толық сыйы деп санаймын. Сіздің Мұхтасарға, яғни осы классикалық шығарма басылымына жазған ұсынысыңыз, Мәртебелі мырзаның қаншалықты әділетті екенін және мұны қалай бағалай алатынын дәлелдейді.
Мұхтасардың үш сандықтағы 894 данасын жеткізу арқылы Сіздің Мәртебеңізге қызмет еткісі келетін саудагер Арсаев мырзаға (Құрба А’ли бин Ахмад) тапсырылды» деп баяндайды [6, б. 431]. Бұл кітаптың жалпы таралымы 4350 дананы құраған [7].
Жәңгір хан кітапты хан ордасындағы молдаларға беріп, олардан кітап жайлы пікірлерін сұраған. Молдалардың оң пікірлерімен қатар кейбір тұстарына ұсыныстарын А.К. Казембекке жібергенін профессордың өзі келтіреді және ханның сөзін тікелей жеткізеді: «Сіздің басылымыңызбен шыққан Мұхтасар мәтіннің анықтығына және түсіндірмелерінің көптігіне менің ставкамдағы молдаларым өте қызығушылық танытты. Оны барлық ынталарымен зерттеп, менің хаттарымда айтқанымдай мән бере отырып, кейбір тұстарына өз ұсыныстарын жасады… пікірлер мен түсініктемелер істі нақтылайды деп ойлап, мен бұл ескертулерді сіздің қарауыңызға жіберемін» [6, б. 436].
Қорыта айтқанда патша үкіметінің Бөкей ордасындағы ислам дінінің дамуы аса күрделі үрдіс арқылы өтті. Алайда, осы күрделі жағдайдың да оң ықпалы тиіп, қазақ даласында сол кездегі сапалы баспа құралдары арқылы діни кітаптар жарық көрді. Оның жарқын мысалы «Мұхтасар уиқоя» кітабы Бөкей ордасындағы діни институттардың дамуына оң әсерін тигізді.
Сондай-ақ мұхтасар кітабы өзінің жеңіл әрі тиянақты құрылымымен тез арада діни кадрларды дайындауға үлкен үлес қоса алды. Сол себепті кітап ерте кезден бері Орта Азия мен қазақ даласында кеңінен танылған мәтін. Ел арасындағы дін білгірімін деген адамның деңгейі де осы мұхтасар арқылы өлшеніп, бағаланған. Ал Жәңгір хан болса өзінің батысшыл білімі мен діни құлшынысын үйлестіріп, осы кітаптың басылып шығуына мұрындық бола алды.
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы, дінтанушы
Пайдаланған әдебиеттер
- Место и значение Баха’ ад-дин ал-Исфиджаби в развитии этого жанра [Electronic resource] // Mazhab.kz. URL: http://mazhab.kz/ru/statii/kolonka-uchenyh/nurlan-kairbekov/mesto-i-znachenie-baha-ad-din-al-isfidjabi-v-razvitii-etogo-janra-1174/ (accessed: 07.12.2022).
- Shakir N.M. Sadru’ş-Şeri’a es-Sani’nin en-Nukaye adlı eserinin tahkiki: masterThesis. Uludağ Üniversitesi, 2014.
- Убайдулла бин Масғуд Садрушариға. Мухтасар Әл-Уиқоя. Санк-Петербургь, 1895. 180 б.
- Сочинение ал-Маргинани «Хидайа» – логический конец и венец жанра «Мухтасар» [Electronic resource] // Mazhab.kz. URL: http://mazhab.kz/ru/statii/kolonka-uchenyh/nurlan-kairbekov/sochinenie-al-marginani-hidaia-logicheskii-konets-i-venets-janra-muhtasar-1172/ (accessed: 07.12.2022).
- SADRÜŞŞERÎA [Electronic resource] // TDV İslâm Ansiklopedisi. URL: https://islamansiklopedisi.org.tr/sadrusseria (accessed: 14.12.2022).
- Жантаев Б., Иночкин В., Сагнаева С. История Букеевского ханства, 1801-1852 гг: Сборник документов и материалов. Дайк-Пресс. 2002. 1118 б.
- Жәңгір хан және Қазан университеті [Electronic resource]. URL: https://zinref.ru/000_uchebniki/04000pravo_kazahstana/001_00_stati_na_kazahskom_chast9/029.htm (accessed: 26.08.2022).