Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы Күштердің Әскери-тарихи музейінде Бөгенбай батырдың дулығасын салтанатты түрде мұражай қорына тапсыру рәсімі өтті.
Дуылғаны Ақмола облысы, Ерейментау ауданы Малтабар ауылының тұрғыны, аты аңызға айналған батырдың жетінші ұрпағы Жабай Кенжалин сақтаған.
Әскери-тарихи музей қызметкерлері жаңа экспонатты ерекше тарихи құнды жәдігер екенін тілге тиек етті.
Қанжығалы Бөгенбай батыр (1680-1778) – үш жүздің әскерін басқарған қазақтың ұлы қолбасшысы. Ақтық демі қалғанша қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күресіп, жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлік көрсеткен.
Үш ғасыр өтсе де келместің кемесіне мінген батырдың жеке қаруының кейбірін балалары көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді.
Шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып, қазақ халқының әскер тарихына қызығушылықты арттыруға, мұражай ісін дәріптеуге бағытталды.
Салтанатты рәсімге «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов қатысты.