Мұсылман, мүмин кісі – Алла Тағаладан шынайы қорыққан тақуа жан. Қай жерде, қай уақытта болса да. Тақуа адам әлбетте намазын оқитын, оразасын ұстайтын, зекетін беретін, шамасы келсе қажылыққа баратын пенделердің қатарынан. Сондай-ақ, кеш батса зікірде, таң атса шүкірде, екі қолы еңбекте болатын пенде. Олар тек жақсылық жасаушылар, жамандықтан бойын аулақ ұстаушылар. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарушылар. Сипаттай берсек жақсы қасиеттер жетерлік.
Айтқан сөзіміз дәлелді болу үшін Алла Тағаланың кітабы Құран Кәрімнің бірнеше аяттарына көз жүгіртейік.
«Алла еске алынған кезде, іштей қобалжитын, Алланың аяттары оқылғанда сенімдері артып, Раббыларына тәуекел ететін адамдар, міне, осылар – мүминдер».
(Әнфәл сүресі, 2)
«Олар Алладан басқа тәңірге жалбарынбайды».
(Фурқан сүресі, 68)
«Әкесі мен анасы қартайса, оларға, «үф» деп кейімейді, зекімейді әрі сыпайы сөйлейді».
(Исра сүресі, 23)
«Олар, сондай мүміндер, намаздарында іштей жалбарынады.
Олар, бос нәрселерден аулақ болады.
Олар, зекеттерін береді.
Олар, ұятты жерлерін сақтайды.
Олар – (мүминдер) өз аманаттарына, уәделеріне берік болатындар.
Олар – намаздарын ұқыпты өтейтіндер».
(Мүминун сүресі, 2-9)
«Аса рақымды Алланың (сүйген) пенделері жер бетіне кішіпейіл, сыпайы жүреді, надандар оларға тік сөйлеседі, олар «Есен болыңдар!» деп сәлемдесіп қояды (надандармен сөз таластырып әуре болмайды)».
(Фурқан сүресі, 63)
«Олар ешқашан жетімнің ақысын жемейтіндер».
(Ниса сүресі, 2)
«Жолда қалғандарға жәрдем берушілер».
(Бақара сүресі, 177)
«Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың Елшісі. Онымен бірге болғандар, кәпірлерге қатаңырақ, өзара тым мейірімді. Оларды рүкұғда, сәждеде көресің. Олар Алладан мәрхамет әрі ризалық тілейді. Олардың жүздерінде сәжделердің ізі бар».
(Фәтих сүресі, 29)
«Ал олар қашан арсыздық істесе не өздеріне зұлымдық қылса, Алланы естеріне алып, күнәларынан жарылқау тілейді».
(Әли-Имран сүресі, 135)
«Тақуарлар – кеңшілдікте де, таршылықта да (мал-мүлкін) Алланың жолына жұмсап тұратындар, (кек алуға құдіреті жете тұрып) ашу-ызасын баса алатындар, (қастандық еткен, қаралаған) адамдарды кешіре білетіндер…».
(Әл-Имран сүресі, 134)
«…олар Алланың аяттарын аздаған бағаға сатпайды. Міне солар үшін Раббыларының қасында сыйлық бар. Алла (Т.) тез есеп көруші».
(Әли-Имран сүресі, 199)
«…Раббылары тарапынан өзге пайғамбарларға берілген нәрселерге иман келтіріп әрі олардың араларын айырмайтындар. (Бәріне де сенеміз) және біздер Ол Аллаға ғана бой ұсынушымыз дейтіндер».
(Бақара сүресі, 136)
«…жер бетінде сыпайы түрде жүретіндер…».
(Фурқан сүресі, 63)
«Жер жүзінде болған халал, таза нәрсені жейтіндер».
(Бақара сүресі, 168)
«Олар өтірікке куә болмайтындар».
(Фурқан сүресі, 72)
«Адамдар арасында әділдікті ғана айтатындар».
(Әнғам сүресі, 151)
«Анттарын (серттерін) ешуақытта бұзбайтындар».
(Нахл сүресі, 91)
«Сондай-ақ олар, намазды толық орындап, оларға берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды».
(Әнфал сүресі, 3)
«Олар түнде аз ғана ұйықтаушы еді».
(Зәрият сүресі, 17)
«Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюшылар!»
(Әли-Имран сүресі, 104)
Мінекей, момын-мұсылман баласының Құранда айтылған сипаттары. Біз Құранда айтылған сипаттарын толықтай, егжей-тегжейлі бермедік. Тек есімізге түскенді ғана қысқаша етіп беруге тырыстық.
Шындығында біздің бойымызда жоғарыда айтылған мұсылмандық сипаттар бар ма?! Құранда айтылған сипатқа лайықтымыз ба?! Мәселе сонда… Мұсылман, мүмин адам өзінің атына заты сай болса деген ниет қана.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ