Жетінші Әмәуи халифасы Сүлеймен бин Әбдімәлік тақуа Әбу Хазимнен өзінің халифалық жағдайы туралы сұрағанда, ол:
– Ей, мүминдердің әміршісі! Рұқсат етсеңіз, бұл сұрағыңызға жауап қайтармасам!
– Жоқ! Сен бұл айтатын сөздеріңді маған айтқан насихатың деп бағала.
– Ей, мүминдердің әміршісі! Сенің аталарың адамдарды қылышпен күш көрсетіп басқарды. Мұсылмандармен кеңеспей, олардың разылығынсыз мемлекет билігін қолдарыңа алдыңдар. Сол кезде көп адамның қаны төгілді. Ақыры олар да салтанаттарын тастап, о дүниенің жолаушысы болды. Әттең! Қазір олардың ахірет әлеміндегі «пайпайларын» естіп, оларға не деп айтылып жатқанын білсең ғой!
Халифа Сүлейменнің қасындағылардың біреуі Әбу Хазимді түртіп:
– Жаман айттыңғой, ей, Әбу Хазим! – деді. Әбу Хазим оған:
– Бұл мәселеде сенікі дұрыс емес!.. Өйткені Алла ғалымдарға еш нәрседен қорықпай, адамдарға хақ пен ақиқатты және дұрысты баяндауды, ешқандай шындықты жасырмауды бұйырған.
Халифа Сүлеймен оған:
– Ал, біз қалай түзелеміз? – деп сұрағанда, Әбу Хазим былай деп айтты:
– Жамандық пен зұлымдық жасаудан бас тартып, Алланың жаратқандарына мейіріммен һәм жақсылықпен мәміле жасап, адамдар арасында әділетпен үкім жүргізсеңдер, түзелген боласыңдар!..
– Оны қалай іске асыра аламыз?
– Малдарыңды адал жолмен тауып, сізге аманат ретінде берілген дүние-малды тиісті орындарға жұмсаңыз, – деді.
Халифа:
– Ей, Әбу Хазим! Біздің досымыз боласың ба? Егер досымыз болсаң, сенің бізге, біздің саған пайдамыз тиер, – деп сұрады.
– Ондайдан Аллаға сыйынамын!
– Ол не дегенің?
– Аз болса да, сізге құмартып, бейімделуден қорқамын!.. Өйткені сіз нәпсіңіздің билігіндесіз. Мен сізге бейімделсем, ол уақытта ұлы Алла өмірді де, өлімді де маған азаптың дәнекері етеді, деп жауап берген екен.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ