Жақында жолыққан ізгі бір жанның қажылықта болған оқиғасын былай деп баяндады: «Қажылық сапары еді. Ұхуд тауына және осында жерлеген ардақты сахабаларға зиярат етіп келген болатынбыз. Арамыздағы ұстаздардың бірі Ұхуд тауына ұзақ қарап тұрып, біздерден;
– Ұхуд шайқасы кезінде тауда тұратын жерлері белгіленіп берілген, жауапкершілікпен жүктелген орындарын тастап кеткен садақшы сахабалар кімдер еді? – деп сұрады. Жиналғандардың ешқайыссында жауап жоқ…
– Ұхуд шайқасы кезінде тауда тұратын жерлері белгіленіп берілген, жауапкершілікпен жүктелген орындарын тастап кеткен садақшы сахабалар кімдер еді? – деп, ұстаз сұрағын тағы да қайталады.
Жиналған қажыларымыз сұрақтың жауабын білмегеннен кейін ыңғайсызданып;
– Бұл сұрақтың жауабын біз білмейміз, ұстаз!, – деп, әр жерден бәсең дауыспен жауап қатып жатты.
Осы уақытта ұстаздың айтқан әңгімесі әрқайыссымыздың санамызды сілкіп, жүрегімізді елжіретіп жіберді. Ұстаз: – Садақшылар төбесін тәрк еткен сахабалар кімдер еді?! Шынымды айтсам мұны біздерде, бізден бұрыңғыларда білмейді. Себебі бұл құпия, сыр. Ол туралы ислам тарихында да жазылмаған. Тіпті тәрк еткен сахабалардың өз балалары мен әйелдері де білмеген екен. Өйткені сол соғысқа қатысқан ардақты сахабалар ешкімге айтпай, сол қалпында жасырған. Бұл мәселе туралы ухуд соғысына қатысқан сахабалар ешуақытта, ешқашан әңгіме етіп, айтқан емес екен. Арада бірнеше жылдар өткен кейін, үшінші халифа Хазіреті Осман 656 жылы шейіт болғаннан кейінгі Жәмәл оқиғасы, 657 жылы болған Сыффин соғысы секілді өзара қақтығыстар болған уақытта да «Әй сен, Ұхудтағы төбені тастап кеттің ғой!» деп те бір-бірінің беттеріне айыптарын баспады. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Ешқашан бір-біріннің қателіктерімен бетіне ұрып басқан жоқ. Не деген әдемі адамгершілік десеңізші… Біз тарихтан Ұхудтың шын мәнінде жеңіліс емес, жеңіс екенін енді ғана түсіндік…» дегеннен кейін жиналғандардың барлығы дерлік ұзақ үнсіз қалды.
Бұл үнсіздік – Ухуд шайқасы туралы терең білмесек те, ондағы садақшылар төбесін тәрк еткен сахабалардың тарихқа жазылмай, есімдері сол қалпы жасырын қалып кеткендері таң қалдырды. Мұсылман баласы үшін үлкен бір ғибратты тағылымды оқиға. Ал қазір біз қандаймыз?! Қолымыз қалт еткенде жақпайтын жандарды, тіпті жақын деген бауырларымыздың өзін жамандап, қателігін бетіне басып, айыбын ашып, ел-жұртқа масқаралап, «мен ақиқатты айтып жатырмын, ниетім түзу» деп, өсек пен өтіріктің майын тамызып айтатынымызды іштей бір мойындадық. Сол үшін тәубе еттік. Сол үшін үнсіз қалдық…» – деп әңгімесін аяқтады.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ