– Жангелді Жайлауұлы, ораза айында сізбен сұхбаттасудың сәті түсіп отыр. Жалпы Рамазан айында мешіттерге келушілердің көп жиналатынын білеміз. Осы орайда мешіттердегі қоғамдық қауіпсіздік қаншалықты қамтамасыз етілген?
– Алдымен баршаңызды мұсылмандар үшін қасиетті ай болған – Рамазан айымен құттықтап өткім келеді.
Жалпы биылғы жылға «Ораза айы» 6 мамыр мен 4 маусым аралығындағы күндерге келіп түсті. Бұл күндері бір ай бойы дін ұстанушы азаматтар ауыз бекітіп, бос уақыттарын мейлінше мешіттерде өткізуге тырысады. Әсіресе, кешкі «Тарауих» намаздарына жамағат көптеп жиналады.
Осыған орай, аталған күндері мешіттерде өтетін діни шаралар уақыттарында жергілікті әкімдіктер мен қоғамдық қауіпсіздікке жауапты мемлекеттік органдармен қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
– Облыстағы конфессиялық жағдайға тоқталып өтсеңіз?
– Жалпы, есепті кезең ішінде облыстағы діни ахуалға кері әсер ететін фактілер орын алмады.
Бүгінде облыс аумағындағы діни бірлестіктер мен филиалдар саны – 346. Оның ішінде, 300 мешіт, 46 шіркеу бар. Облыс бойынша мешіттерге келуші жамағаттың саны шамамен 35 мыңға жуық.
Облыстағы 300 мешітте 414 діни қызметкер еңбек етеді.
Аталған діни қызметкерлердің 12,6%-ы жоғары білімді, 20,8%-ы орта білімді, қалған 66,6%-ы қысқа мерзімді сауат ашу курстарын бітірген.
Облыста 22 ауыл имамына «Уақып» қоры есебінен 55 мың теңге көлемінде айлық жалақы төленуде.
Сондай-ақ, ҚМДБ-ға қарасты «Қажылық» қорынен 10 имамға 50 мың теңге көлемінде айлық берілуде.
Ал, христиан бағытында Православтық бағытта 8 діни бірлестік, 1 Рим-католик шіркеуі және протестанттық бағытта 37 діни бірлестік пен филиалдар қызметтерін атқаруда. Оларға келушілердің саны 3800-ге жуық.
– Миссионерлік қызметпен айналысатын шетел азаматтары барма?
– Қазіргі таңда облыста 6 шетелдік азамат (Польша, Оңтүстік Корея) миссионер ретінде тіркеуден өтіп, діни бірлестіктерде қызмет атқаруда. Аталған азаматтардың 4-і Рим-Католик шіркеуінде, 2-і пресвитериандық шіркеулерде діни қызметпен айналысады. Бұл азаматтардың қызметі тұрақты бақылауда.
Ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлар, яғни, намазханалар мен құлшылық үйлерінің саны 42-ні құрайды. Оның ішінде, 40-ы намазхана мен 2 христиандық құлшылық үйі.
– Облыста ҚМДБ-ға қарасты дін мамандарын даярлайтын қанша оқу орны бар?
– Діни білім беретін 2 оқу орны тіркелген. Екеуі де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты. Біреуі Тараздағы «Һибатулла Тарази» медресесі, екіншісі Қордай ауданындағы «Қордай» құран оқыту орталығы.
«Һибатулла Тарази» медресесі 2013 жылдан бері дін мамандарын даярлауда. Медреседе Тараз қаласы мен барлық аудандардан, сондай-ақ, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының тұрғындары да білім алуда.
Ал былтырғы жылдың аяғында халықтың сұранысы бойынша Қордай ауданындағы Масаншы ауылынан «Қордай» құран оқыту орталығы өз қызметін бастады. Екі оқу орны да заңды тіркеуде.
Сонымен қатар, айта кету керек Алматы қаласында «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде дінтану және исламтану мамандықтарында облыстан 78 азамат білім алса, оның 9-ы биылғы жылы оқуын аяқтайды деп күтілуде.
Жалпы, облыста әр түрлі салаларда теологиялық жоғары білімі бар 71 азамат қызмет етуде.
– Діни сауаттылық деңгейін арттыру жұмыстары қалай атқарылуда?
– Дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары облыстық, қалалық және аудандық деңгейлерде құрылған. Оның 5-уі облыстық, 7-уі қалалық, 10-ы аудандық деңгейде. Жалпылай алғанда АТТ құрамында 122 адам бар. Олардың басым көпшілігі дінтанушы, теологтар, қалғандары психолог мамандардан және дін саласына уәкілетті мемлекеттік қызметшілерден жасақталған.
Жыл басынан бері дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің қатысуымен 442 іс-шара өткізіліп, 25 мыңнан астам тұрғын қамтылды.
Басқарманың үйлестіруімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әр түрлі бағыттарда жүзеге асырылуда.
Мәселен, БАҚ беттерінде дін саласына қатысты 122 материал жарық көрсе, апта сайын «Jambyl» телеарнасында дінтанушы, теолог мамандардың қатысуымен «Иман нұры» бағдарламасы эфирге шығуда.
Сондай-ақ, интернет кеңістігінде діни экстремистік және террористік мазмұндағы 556 күдікті сілтеме анықталып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне дінтану сараптамасына жолданылып, нәтижесі күтілуде.
Сондай-ақ, түзеу мекемелерінде экстремизм мен терроризм баптары бойынша бас бостандығынан айырылғандармен оңалту жұмыстары мақсатында, жыл басынан бері біздің мамандар мен мешіт имамдары түзеу мекемелеріне топтық және жеке форматтарда 87 кездесу өткізіп, оған 709 сотталушы азамат қамтылды.
Өткен жылы облыс әкімдігінің дін істері басқармасы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесе деструктивті діни идеологиялардың алдын алуға бағытталған «Сағым» атты толықметражды фильмі әзірленіп, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дінтану сараптамасынан өтіп, ағымдағы жылдың 29 наурыз күні фильмнің алғашқы көрсетілімі болды. Көпшілікке арналған көрсетілімдері алдағы уақытта ұйымдастырылатын болады.
– Деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтарды оңалту жұмыстарының нәтижесі қаншалықты?
– Деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтарды оңалту және қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.
«Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы» «Діни өшпенділік пен алауыздықты тудыратын экстремистік көзқарасты ұстанушылардың санын азайту» нысаналы индикаторына сәйкес, облыс әкімі мен қала және аудан әкімдері арасында индикаторы бекітілген.
Аталған индикатордың көрсеткіші 2018 жылға 10%-ға жету бекітілсе, 2019 жылы – 20%-ға жеткізу көзделген.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан деструктивті діни бағыттағы 62-і азамат қоғамға бейімделіп, жалпы оңалтылған азаматтардың саны 623-ке жетті. Оның 67-і әйел азамат болып табылады.
– Жыл басынан бері құқықбұзушылық әрекеттер орын алдыма?
– Биылғы жылдың 1-тоқсанында Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 489 және 490-баптарына сәйкес, діни қызмет саласында құқықбұзушылық әрекеттер үшін 8 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылды.
– Өзіңіз басқарып отырған Басқарманың биылғы жылы жоспарланған қандай ауқымды жобалары бар?
– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 4 жоба жүзеге асыру жоспарлануда. Жобалар аясында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және дәстүрлі емес діни ағымдардың зардаптарын көрсетуге бағытталған бейнефильмді және бейнероликтер әзірленеді;
облыс бойынша ҚАЖД мекемелерінде жазасын өтеуші азаматтар арасында радикалдық діни идеологияға қарсы бейімдеу жұмыстары ұйымдастырылады;
облыс аумағындағы діни ахуалды сараптау және талдау, діни экстремизмнің алдын алу мақсатында тұрғындар арасында әлеуметтік зерттеу жүргізіледі;
дін саласы бойынша мамандарды даярлайтын еліміздегі жоғары оқу орындарымен қарым-қатынас орнатылып, деструктивті діни идеологияга қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында мешіт имамдарының біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады.
Жобалардың іске асырылу нәтижесі жыл соңында қорытындылатын болады.
– Басқарма жұмысына сәттілік тілейміз, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Тұрар Түгелұлы