Қазақ атамыз «Бір күнгі ұрыстың қырық күн кесірі болады», – деп бекер айтпаған. Қордай ауданында болған оқиғаны естігенде ешкімді бей-жай қалдырмады. Қаншама жазықсыз жандар жапа шекті, жақындарынан айырылды. Айтуға ауыз бармайтын бассыздықтар орын алды.
Қай уақытта, қай жерде болмасын тыныштықтан асқан береке жоқ екені белгілі. Қордай оқиғасына байланысты Мемлекет басшысынан бастап зиялы қауым өкілдерімен қатар еліміздің бас мүфтиі де өз пікірлерін білдіріп, жеке бастың мәселесін қоғамдық мәселеге айналдыруға болмайтынын, береке бірлікке сызат түсіруге ешкімнің де құқы жоғын айтуда. Тіпті мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл “Дүнгендер Құранды ғана емес, қоғамды сыйлай білуі шарт” деп пікір білдірген еді.
Ал ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев құзырлы мекемелерге оқиғаның себептерін зерттеп, кінәлілерді заң нормаларына сәйкес жазалауды тапсырды.
«Бұл проблема аға буын өкілдерін алаңдатуы тиіс. Ұлт көшбасшысы ретіндегі менің мақсатым – Қазақстанды болашақ ұрпақ мақтан тұтатындай деңгейге көтеру», – деп атап өтті Қауіпсіздік кеңесінің басшысы.
Расымен де Қазақ елі сан түрлі соқпақпен жүріп өтті. Бұғанасын бекітіп, қабырғасын қатайтты. Еңсесін тіктеп, еркіндікке ұмтылды. Өз бағыт-бағдарын таңдап, жаһандық дамуға ілесіп келеді. Алып елдердің қатарында еліміз өз көшін қалыптастырды. Ендігі міндет – қазақстандықтарға тәуелсіз, дамыған және тұрақты мемлекетті күш біріктірудің арқасында ғана сақтауға болатындығын түсіндіру, жеткізу.
Олар елімізді екінші Ауғанстан болады деген
Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі, сол себепті де ел тарихы қазіргі заманғы әлемнің жағдайымен, даму серпінімен, халықаралық саясат пен экономикадағы өзгерістермен тығыз байланысты дамиды. Көпдінді, көпұлтты мемлекетіміздің құрылымы өте күрделі. Біз көпдінді және көпұлттылығымызды артықшылыққа айналдыра алдық. Қазіргі таңда 1991 жылы Қазақстан туралы пікір білдірген саясаткерлердің күдігі сейілді. Себебі олар елімізді екінші Ауғанстан болады деген пайымда болатын.
Елімізге сырттан келетін қауіп-қатер де жоқ емес. Әсіресе сыртқы саяси топтар ішкі тұрақтылықты бұзу мен ыдыратуды көздейтіні анық. Бүгінде соғыс ұғымының мәні мен мазмұны, тіпті құрылымы мен әдістері өзгерген.
Бүгінгі соғыс – ақпарат соғысы. Қоғамның ішкі топтарын бір-біріне айдап салып, мақсаттарын жүзеге асыруды көздейді. Сол себепті де қоғамның әртүрлі топқа немесе дінге, ұлтқа бөлінуіне жол бермеу керек.
Ең бастысы азаматтық бірегейлікті қалыптастырып, бір ел, бір отан аясында тәуелсіз мемлекет екенін түсіндіруге бағытталған жұмыстар керек. Азаматтық бірегейлік елді мойындау, заңдарына бағыну және құрметтеуден бастау алады. Сондықтан азаматтық бірлікті нығайту аса маңызды.
Илегеніміз – «бір терінің пұшпағы»
Ия, бәріміздің илегеніміз – «бір терінің пұшпағы». Сондықтан ел ішіндегі тыныштықты, ауызбірлікті сақтап, ұйымшылдыққа ұйытқы болуға үлес қосу – әрбір ел азаматтарының азаматтық міндеті.
Қасиетті Құранда: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді», – деп айтылған аят бар («Мәйдә» сүресі, 64-аят). Жаратушының құзырында құп көрілмеген әрекет халық арасында да хош көрілмейді. Бұл – ақиқат!
Сахаба Һузайфа (р.а.) былай дейді: «Адамдар Алла елшісінен (с.ғ.с.) жақсылық жайлы сұрайтын. Ал, мен сақтанып жүрейін деп жамандық не екенін сұрайтынмын».
– Бір күні мен: «Уа, Алла елшісі! Расында біз надандықта болдық. Алла бізге Исламды берді. Осы жақсылықтан кейін бір жамандық бар ма?» – деп сұрадым.
– Пайғамбар (с.ғ.с.): «Иә», – деді.
– Мен: «Сол жамандықтан кейін бір жақсылық бола ма?» – дедім.
– Пайғамбар (с.ғ.с.): «Иә, бірақ бір бұлыңғырлық бар», – деді.
– Мен: «Ол бұлыңғырлық не?» – деп сұрадым.
– Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адамдар тура жолда әрең жүреді», – деді.
– Мен: «Осы жақсылықтан кейін тағы бір жамандық бола ма?» – дедім.
– Пайғамбар (с.ғ.с.): «Иә, тозақ есіктеріне шақырушылар болады. Кім оларға ілессе, тозаққа құлайды», -деді.
– Мен: «Уа, Алла елшісі! Оларды бізге суреттеп беріңіз», – дедім.
– Пайғамбар (с.ғ.с.): «Олар біздің нәсілден болады, біздің тілімізде сөйлейді», – деді.
– Мен: «Егер сол уақытта өмір сүрсем, не істеуім керек?» – дедім.
– Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мұсылмандар жамағатымен және басшысымен бірге бол», – деді.
– Мен: «Мұсылмандардың жамағаты және басшысы болмаса ше?» -дедім.
– Пайғамбар: «Ол топтардың барлығынан оқшау жүр, жолама. Тіпті, ажалың келгенше ағаштың тамырын тісіңмен тістеп жатып алсаң да, сол күйде бол», – деп ескертті. (Бұхари, Муслим, Термизи).
Осы хадисте айтылғанды дәл қазір бастан өткеріп отырғандаймыз. Сондықтан, елдігіміз сынға түскен қазіргі шақта алауыздыққа тосқауыл қойып, бір-бірімізге жақындай түскеніміз абзал.
Қоғам біртұтас организм секілді
Онда алға жылжу болуы керек. Егер тоқтап қалса немесе іштей қарама-қайшылық болса онда біздің тәуелсіздігімізге нұқсан келуі ықтимал.
Қазіргі кезде Қазақстан қоғамы рухани келісім мен өзара ынтымақтастық жағдайында дамып келеді. Ширек ғасырдан астам уақыттың ішіндегі үлкен жетістіктеріміздің бірі – этносаралық және конфессияаралық татулық болып табылады.
Мемлекетіміздің де басты мақсаты – қоғамдағы тыныштықты, ынтымақтастықты сақтау. Сол мұрат – бейбітшілік пен келісімді, ұлтaрaлық татулық пен төзімділікті сақтaй отырып, сындарлы сәттерден сүрінбей өту.
Ұлы Жаратушы «Ағраф» сүресінде: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар», – деп қатаң ескерткен екен. Ендеше, тыныштық орнаған қоғамда бүлік шығаруға жол бермейік!.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ