Уағалейкумассалам уа рахматулла, Еркін! Жалпы, намазды имамның артынан ұйып оқыған кезде, үлгермей қалған ракағаттарды намаз соңында өтеу қажет. Сіздің жағдайда, 2, 3 және 4-інші ракағаттарды имаммен бірге оқисыз. Соңында имам екі жаққа сәлем беріп болған кезде, Сіз сәлем жасамастан орыныңыздан тұрып, үлгермей қалған 1 ракағатты орындайсыз да, екі жаққа сәлем беріп намазыңызды аяқтайсыз. Дәл осылай егер, 2 немесе 3 рақағатқа үлгермей қалып, өткізіп алған жағдайда, имам сәлем беріп болған соң тұрып, өткізіп алған ракағаттарды өз бетімен өтеу қажет.
Осы тұста бір ескере кететін жайт, намазхандар көбінше ракағатқа қосылып үлгеру-үлгермеу немен есептелетінін білмей жатады. Ракағатқа үлгеру рукуғты имаммен бірге жасаумен анықталады. Дәлірек айтқанда, кешігіп келген намазхан «Аллаһу әкбар» деп намазға ниет етіп, содан соң және «Аллаһу әкбар» деп рукуға еңкейіп, рукуғта тұрған иамам «Самиғаллаһу лимән хамида» деген сөзді атқанға дейін «Субухана раббияль азиим»-ды бір рет толық айтып үлгерсе, сол ракағатқа үлгерген болып саналады. Ал, егер иамам «Самиғаллаһу лимән хамида» деген сөзді атқанға дейін «Субухана раббияль азиим»-ды бир рет болсын толық айтып үлгермей қалса, онда сол ракағатты өткізіп алған болып есептеледі.
Алла тағала ғибадат-құлшылықтарымызды қабыл еткей!