Сұрақ: Біреуге қарғыс айтуға бола ма?
Жауап: Абдулла ибн Әмірден жеткен белгілі хадисте: «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам», – деп сипатталады.
Басқаша айтқанда, мұсылман – өзі жасаған қоғамның үлгілі азаматы, Отан жанашыры, басқа қоғам мүшелерімен бірлік пен ынтымақта ғұмыр кешеді. Мұсылман адам өзінің жүріс-тұрысымен, басқалармен болған қарым-қатынасымен, мінезімен өзгелерге үлгі болуы тиіс.
Пайғамбар (с.ғ.с.) жоғарыдағы сөзін растап, қарғыс айту жаман қасиет әрі шынайы мүмінге жат екенін баяндап, одан аулақ болуды өсиет еткен: «Расында пенде қарғыс айтқан кезде ол көкке көтеріледі. Сол сәтте аспанның қақпалары жабылып қалады. Сонда ол жерге түседі, бірақ оның да есіктері жабылады. Сосын ол дүниежүзін шарлап жүріп, ақыр соңында қарғыс кімге қатысты айтылса соған барады. Егер ол адам қарғысқа лайық болса соған тиеді. Ал лайық болмаса қарғыс айтқан адамның өзіне қайтады» (Әбу Дәуіт).
Қарғыс айтудың қаншалықты қауіпті әрі оны мұсылманға да, мұсылман емеске де айтудың дұрыс емес екені мәлім. Қарғыс атауынан аулақ болу керек. Алла Тағала: «Естеріңде болсын! Алланың қарғысы залымдарға тән» (Һуд: 18).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ