Сұрақ: Ауылда жастар бір-біріне лақап ат қойғыш, дінде бұлай жасауға бола ма?
Жауап: Құрдастардың әзілдеп бір-біріне ат қою үрдісі ертеден белгілі. Әсіресе жастарының бірін-бірі сырттай мазақ етіп ат қоюы жиі кездеседі. Негізінде «лақап есім» деп адамның кәсібіне, пішініне, түр-тұлғасына, қадір-қасиетіне, сипатына немесе мінезіне қарай қойылатын атты айтамыз.
Көп жағдайда бұлай берілген лақап есім жақсы мағынаны бермесі анық. Бұл біреуді кемсітіп немесе мазақ етіп яки болмаса қорлау мақсатымен қойылады. Ал ислам біреуді хақсыз қорлауға, келеке етуге немесе тәкаппарлануға тыйым салады.
Сол үшін дініміз адамға лақап ат беруден гөрі өз есімімен атағанды жөн көреді. Өйткені, Құранда адамдардың бір-біріне жаман лақап аттар қоюына тыйым салынған: «Және жаман лақап аттармен атамаңдар. Иман келтіргеннен кейінгі сұмпайы ат қандай жаман?» («Хужурат» сүресі, 11-аят).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ