Жалпы көпшілік оқырманға да түсініктірек болу үшін айта кетейік, тәййаммум дегеніміз су болмай қалса немесе мөлшері дәрет яки ғұсылға жетпейтіндей аз болғанда, су бар бола тұра оны қолдана алмайтындай жағдайда болса (науқастық, күннің қатты суықтығы, т.б.) онда дәрет алатын кісіге судың орнына таза топырақ жынысымен таһараттануға, яғни тазалануға болады. Өзіңіз де жоғарыда айтқандай, оны қандай жағдайларда, қалай алуға болатындығы қазақша ғылымхал кітаптарында жазылған. Ал енді сіздің сұрағыңызға келетін болсақ, ханафи мәзһабы бойынша алған тәййаммумыңызбен дәретті бұзатындай жағдайлар орын алғанға дейін намаздардың бәрін де оқи беруге болады. Себебі, біздің ханафи мәзһабы бойынша тәййаммумды намаздың уақыты кірмей тұрып та ала беруге болады. Сондықтан ол уақытқа тәуелді болмағандықтан, бірнеше намазға жарамды. Ал басқа мәзһабтарда бір уақыт намазды оқу үшін тәйаммумды сол уақыт кіргеннен кейін ғана алу керек. Сонда ғана ол сол намаз үшін жарамды болады. Сондықтан ол мәзһабтарда әр уақыт намазына бөлек тәйаммум алып отыру керек. Досыңыздың айтқан пікірі сол басқа мәзһабтың ұстанымы. Ал ханафи мәзһабы бойынша уақыт әлі кірместен алған тәйаммуммен қалағанша намаз, мейлі ол
парыз болсын, мейлі нәпіл болсын оқи аласыз және дәрет бұзылмайынша бірнеше намаз уақыттарына да сол тәййаммум жарамды болады. Дегенмен тәййаммумда ниет маңызды. Тіпті тәййаммумның парызына жатады. Сондықтан сіз егер тәййаммумды Құран оқу үшін алған болсаңыз, бұл ниеттегі тәййаммуммен намаз оқи алмайсыз. Намаз оқу үшін оған өзіне бөлек ниеттеніп, тәййаммум алуыңыз қажет.