АҚШ-та жыл сайын әдебиет, журналистика, музыка және театр салалары бойынша үздіктерге Пулитцер сыйлығы табысталып тұрады. 90-жылдардың басында Оңтүстік Африка республикасының жас фототілшісі Кевин Картер Пулитцер сыйлығын алу үшін сол кездері жаппай аштық жайлаған Судан мемлекетіне барып, «таптырмас» суреттер түсіруді ойлайды.
1993 жылдың басында сол өлкелерге қайырымдылық көмек сапарымен барған БҰҰ-ның арнайы тобымен бірге Кевин Картер де Суданға келді. Аштықтан жапа шеккен халыққа азық-түлік пен дәрі-дәрмек үлестірген жерге айналадағы бірнеше шақырым қашықтықтан жергілікті тұрғындар шұбырып келе бастайды. Осы сәтті пайдаланған Кевин де өңірдегі елді-мекендерді аралап, аштықтан қалжыраған адамдар мен аянышты өмірді сыртылдатып суретке түсіре берді.
Бір күні жергілікті бір мекеннен шығып келе жатып, кішкентай баланың әлсіз жылаған дауысын естиді. Жақындап қараса, 6-7 жас шамасындағы аштықтан құр сүлдері қалған сәби бала жерге еңкейіп, басын қолына қойып жылап жатыр екен. Оның арт жағында кезекті құрбандығын, яғни баланың өлгенін күтіп ірі құзғын отыр!
Ойында тек «Пулитцер сыйлығын әперетін» сурет түсірсем деген мақсат қана болған Кевин оңтайлы жерді тауып, осы сәтті сырт еткізіп түсіріп алды. (Суретте). Сөйтті де, көздеген мақсатына жеткеніне қуанған ол ештеңе ойламастан әлгі жерден кетіп қалды.
Бұл суретті «Нью-Йорк таймс» газеті бірден сатып алып, жариялады.
Ал, көп өтпей Пулитцер сыйлығы байқауында осы сурет үздік шығып, Кевин Картерге өзі армандаған бас жүлде бұйырды!
«Мені бәрі құттықтап жатыр, – деп жазды ол ата-анасына, – Сіздерге алған сыйлығымды көрсетуге қатты асығып жүрмін. Бұл менің өмірімдегі ең үлкен жетістігім».
Бірақ… иә, бірақ, сыйлық беріліп, той тойланып, қуаныш саябырсығанда Кевинді «Мен неге сол аштықтан әлсіреген балаға көмектеспедім? Оның өмірі не болды екен? Тірі ме әлде әлгі құзғынға жем болды ма?» деген ой мазалай бастады. Оның үстіне «Тайм» журналы: «Ол неге балаға жәрдем бермеді? Артында отырған құзғын не, суретші не, екеуі де жыртқыш емес пе?» деп жазып жібереді. Сол шақтан жас суретшінің ішкі дүниесі ала-құйын болды. «Балаға қалайша қол ұшын созбадым?» деген суық ой соңынан қалмады. Өзін қоярға жер таппады… Ақыры, үш ай өткенде жан күйзелісі шарықтау шегіне жетіп, өзіне қол жұмсап тынды… Өлер алдында қалдырған хатында: «Ашыққан және жаралы балалардың елесі соңымнан қалмады. Мен шаршадым…» деп жазып кетті.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ