Баяғы заманда бір шағын мемлекет патшасының Құдайдан сұрап алған жалғыз перзенті болыпты. Тақ мұрагері де, ұрпағын жалғастыратын да осы қызы екен. Жалғызы болса да тәрбиесіне немқұрайлы қарамай, тақ мұрагеріне лайықты етіп тәлім беріп өсіреді.
Күнді күн жалғап, жалғызы ақылына көркі сай боп бой жетеді. Патшаның да самайына ақ түсіп, бойынан қуаты қайтып қартайып келеді. Қарт әкенің бар арманы – қызым теңін тауып тұрмыс құрса, етегін ұстаған азамат шаңырағымның түтіні сөндірмей, әрі билік тізгінін уысында мықтап ұстайтын азамат болса игі еді деп күндіз-түні тілейді.
Қызының болашағын ойлап, ұзақ түндерді кірпік қақпай ұйқысыз өткізіп, мазасы қашқан әмірші ақыры уәзірін түннің бір уағында шақырып алып:
– Тез мешітке бар, адал адам мешітте болады. Намаз оқитындардың ішіндегі ең тақуасы да түнде құлшылық етеді. Мешітте құлшылық етіп отырған адамдар ішінен ең діндарын менің құзырыма алып кел, – деп, мешітке жұмсайды.
Дәл осы түні шаһардағы маңдайында бес елі соры бар бір ұры басқа үй құрып қалғандай мешітті тонауға бел буған екен. Бейшара тас қараңғыда қорғаннан асып өтіп, мешіт ішін тінтуге кіріседі. Патшаның сақшылары болса, қақпада құлып тұрғанын көргенмен, не де болса мешітті ашайық, түн ішінде біреу кеп құлшылық ететін болса көре жатармыз деп шешеді.
Қақпа сыртынан дауыс естілгенде ұрының құты қашқаны соншалық, не істерін білмей қатты абыржиды. Мешіт есігі ашылғанда байғұс ұры сасқанынан намаз оқыған сыңай таныта қалады.
Босағадан аттай бере михраб жақта намаз оқып тұрған біреуді көрген патша сақшылары бір-біріне таңдана қарап тұрып қалды. “Шіркін, намазға деген махаббатын қара! Қорғанды асып өтіп, құлшылық етуде. Іздегенімізді таптық”,-десті.
Есі кеткен ұры намаз оқып тұр. Уәзір “намазын бітірсе, дереу сыртқа алып шығыңдар” деп бұйрық береді. Ұры намазын іле-шала бітер-бітпес екіншісін бастайды. Патшаның күзеті “Пах, шіркін! Мына жігіттің тақуалығын-ай, иманы қандай еді?!” – әлі таңдана қарап тұр. Ақыры, тағы бір екі ракағатты бастайын деп жатқанда, екі қолтығынан күзет ұстап алып, тысқа алып шығады.
Хан сарайына алып кірген соң ұры өзі-ақ қылмысын мойындап, кінәсін өтеуге дайын тұрады. Ал патша уәзірінен жігіттің «тақуалығы» жайлы естіп тәнті болып, “ұзақ уақыттан бері Құдайдан дұға етіп сұрап жүрген адамым осы – деді ішінен.
Мән-жайды әлі де болса түсінбей тұрған ұры біткен жерім осы деп тұрғанда, патша: Діндарлығың һәм тақуалығың үшін жалғыз қызымды саған тұрмысқа беремін. Әрі елдің билеушісі де өзің боласың,-дегенде, ұры құлағына сене алмай қалады. “Бұл қалай болғаны, аз уақыт алдын өмірі қыл үстінде тұрған секілді еді. Бір сәтте қарақшыдан бекзадаға айналғаны ма?”
Жүрегіне иман сәулесі кіріп ұры өз-өзіне: “Уа, Жаратқан Ием! Қисық ниетпен оқыған екі ракағат намазым үшін мәртебемді көтердің. Әп-сәтте кедей құлыңды байыттың. Бұған қоса, бекзадалар арман еткен қызды маған өмірлік жар еттің”,-деп ішкі дүниесі алай-дүлей боп жатты.
Иә, Құдай – Шебер. Қиыннан қиыстырып, әр қилы тағдырларды тоғыстыратын Ол. Кейде ойлаған мақсатымызға қол жеткізуде асығыстық танытамыз. Рас, біз адамдар – шыдамсызбыз. Сабыр түбі – сары алтын дегенді ұмытпайықшы.
Руслан ҚАМБАР