Отбасы – мемлекеттің ең кіші тұғыры, мәдени, діни құндылықтардың жанды орталығы. Құндылық әрбір отбасындағы ата, әке мен бала сабақтастықтығының тарихи үдерісін де көрсетеді. Мәдениет үшін де, дін үшін де адам – ең басты құндылық тасушы, жеткізуші көпір. Сонымен қатар сол құндылықтардың бастапқы негізінен айнымай келесі ұрпаққа жетуінде де ықпал етеді. Демек, адам құндылық тасушы ғана емес, құндылықты қабылдап алушы. Әрбір ұрпақ арасындағы осындай құндылықтардың ауысу үдерісі ол тәрбиеге, білім беруге байланысты. Қазақтың «ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деген сөзі де жоғарыдағы ақиқатты меңзейді.
Енді осы ұрпақтар арасында уақыт пен кеңістік деген философиялық категория орын алады. Уақыт өте келе кейбір құндылықтардың нормалық қуаты әлсіреп немесе артып орнына басқа нормалар салтанат құра бастайды. Оны қазақ «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп топшылаған. Себебі дәстүр, салт, әдет-ғұрып, құқық, мораль, дін құбылыстарының негізінде норма қою, бағдар беру сияқты қуат бар. Осы қуат түрлі себептермен әрбір ұрпақтың тіршілік ету уақыты бойынша өзгеріп отырады.
Үй ішінен үй тігілді…
Бүгінде Қазақстан қоғамы өтпелі кезеңді басынан өткеруде. Егемендігі мен елдік тұғырын енді-енді қайта сараптап, Елбасы айтқандай «қадамдап» жасауда. Ішкі және сыртқы рухани, мәдени, саяси идеологиялық қысымдар да өз құндылықтарын сіңдіре бастаған жағдайы бар. Кешегі кеңестік жүйенің салдары негізінде туындаған ең маңызды проблемалардың басында діни таным мен көзқарастар қақтығысы орын алып отыр. Бұл өз кезегінде құндылықтардың да қақтығысы. Міне, осындай табиғи үдеріске төтеп беру әрбір азаматтың ішкі танымдық, рухани иммунитеті мен тұлғалығына қатысты екендігі белгілі. Бір азаматтың өз құндылығына құрмет көрсете алуы тұтастай бір мемлекеттің болашағының баяндылығына да әсер ететін онтологиялық фактор екендігін білгеніміз абзал.
Қазір қоғамда дәстүрлі емес, діни ұйымдар мен миссионерлік әрекеттер өте жүйелі әрі «құқықтық негізде» өзінің тіршілігі мен белсенділігін арттыра бастады. Сонымен, Христиан миссионерлері, көбінесе АҚШ-тан келгендердің қатарымен толыға түсті, христиан діни бірлестіктері мен орталықтары заңды түрде тіркеліп, арасынан қара көз қазақтар “бой көрсете” бастады. Үй ішінен үй тігілді. Бұрын қазақта үй ішінен үй тігілсе жылы болады деуші еді. Бірақ олай болмай отыр. Қазақтың дәстүрлі отбасы-шаңырағы, діни сенім тұрғысынан жікке бөлініп, жанұя ішінде үлкен әлеуметтік, танымдық проблема туа бастады. Бұл жай ғана отбасы мәселесі емес, отбасы – қоғамның, мемлекеттің негізгі тірегі отбасының жікке бөлінуі қоғамның бірлігіне, мәдениеттің тұтастығына, қауіп тудырып отыр. Енді, егер біз қоғамдағы бүгінгі болып жатқан процестің ертеңгі салдарынан үміт етіп, оң нәтиже күтер болсақ, бұл іске бүгін өз бағытымыз бен ұлттық позициямызды нақтылап, болып жатқан процестің ең басты компоненті ретінде енгізуіміз қажет. Ислам діні – қазақ болмысы мен мәдениетінің негізгі күретамыры және сақтаушысы. Сондықтан, бірінсіз бірі болмайтын құндылықтарымыз, яғни дініміз бен мемлекеттілігіміз болса, ал мемлекеттілігіміздің негізі қазақтың мәдениеті болса, онда оны дамытудың жолы, оның негізгі тарихи дініне деген арнайы құндылыққа деген құрмет пен қамқорлық қажет. Бұл жерде мемлекет және дін арақатынасын тарихи онтологиялық ұстаным арқылы өзіндік ерекшеліктермен нақтылап алған дұрыс. Ол үшін біз республикалық, демократиялық негіздегі мемлекет болғандықтан ұстанып отырған зайырлылық принципіне нақты түсіндірме жасап, мәдениет, дүниетаным мен тарихи жадымыздың талаптарын ескерген жөн. Бұл қазақ мемлекеттілігін, оның күшін нығайтудың алғышарты. Мемлекет, тарих, өркениет, мәдениет, кеңістік және уақыт тұрғысынан келсек бұл өте табиғи әрі қажетті шарт.
Миссионерлік ұйымдардың Қазақстандағы бүгінгі әрекеті халықаралық байланыстарда қалыпты болып көрінетін “күш сынау” ойындарының ерекше әрі өзгеше формасы екендігі айқын. Күш сынаудың салмағы – жаһанданудың ықпалы мен саяси құбылыстық мәнге ие болып отырған “диалог” және “өркениеттердің қақтығысы” теорияларының отаршылдық ниеттегі саяси системалық арнаның қайта жаңғыруы екендігі анық сезіледі. Олардың мақсаты – тек дін тарату емес. Олар “ат ойнатар төбесі”, яғни, базары ретінде қолдану үшін Қазақстан халқының әлеуметтік, діни және мәдени ерекшеліктерін зерттеуді мақсат етті. Шындығында, бүгін еліміздегі миссионерлік ұйымдардың орталықтары, осы аймақтағы шығуы ықтимал қайшылықтар мен әлеуметтік қақтығыстарды зерттеу объектісіне айналдырып отыр. Олардың бұл әрекеттерінен саяси түпкі мұраты ашық көрінеді. Яғни, олар өз миссияларын “мемлекет – қор – шіркеу” үштігі негізінде ұйымдастырады. Көріп отырғанымыздай, миссионерлік әрекет Батыстық мәдени, саяси, экономикалық экспанциясының бөлінбес компоненті әрі алдыңғы шеп экспедициялық барлау жүйесінің желісі.
Өз азаматтарының дінге деген ұмтылысы кемісе де, “үшінші әлем” елдеріне миссионерлік әрекеттерін еселеп отыр. Өздерінің діни ошағы қаңырап бос қалса да, миссионерлік әрекеттерін сыртқа бағыттап отыр. Мұнда бір гәп бар. Ол мынау, дін – христиандық арқылы біздердің руханиятымызды жаулап, қолымыздағы байлығымызды оңай жолмен иемдену. Осы орайда Африкалық бір ғалымның мына сөзі ойға оралады. “Олар (миссионерлер) келген кезде қолдарында Інжіл бар еді, ал біздің қолымызда алтын болған. Қазір біздің қолымызда Інжіл бар, ал олардың қолында алтын бар”. Міне, осылай. Бізде мұнай бар. Бізде кең байтақ жер бар. Бұл геосаяси тұрғыдан “Еуразияның қалқаны”. Ал, Еуразияға үстемдік жүргізу – әлемге үстемдік жүргізу деген сөз. Ол үшін оның қалқанын талқандау қажет… Бұл мәселені әрі қарай жалғастырып болжам айта беруге болады. Олардың мақсаты айқын, қадамы нық, істері анық, бірақ өздерінің ішкі ниетін көрсетпейді. Олар тарихта, көбінесе әскери, экономикалық және мәдени отарлау әрекеттерімен бірге Батыс гегемониясының алғышартын дайындаумен айналысты. Христиан дінін жаюды міндеттенген миссионерлер кейде әскер, кейде дәрігер, кейде ұстаз, кейде бейбітшілік жаршысы ретінде қызмет істеп жүреді. Сонымен қатар олар “Қыдыр сияқты” әркімге көмек көрсеткіш, қамқор, мейірімді жанашыр монах немесе монашка, демеуші немесе жетімдер мен қарттар үйінің құрушысы ретінде танытып, өздеріне қоғамнан жақтас жинайды. Бұл христиандықтың ортодокс, протестант, католик секталарына ортақ нәрсе. Олар барған жерінің, қоғамының әлеуметтік-экономикалық құрылымын, саяси жүйесін социолог-аналитик ретінде зерттеп, соның негізінде әрекеттерін жасайды. Қоғамның менталитетін анықтайтын әлеуметтік қайшылықтар мен айырылатын тұстарын дөп басады. Бұлар негізінен, қазақтардағы жүзге бөліну, трайболизм (саясат, билік жүйесіндегі), бай-кедей сияқты таптық айырмалар, биліктегілердің пайдасы мен ниеттері, саяси партиялардың емеуріндері, сопы салафи, этникалық топтардың қайшылықтары көтеріліске дайын тұрған төменгі тап пен топтың бар болып, болмауы, ішкі соғыстар, кикілжіңдер мен келіспеушіліктер түрінде алып қарайды. Осыған қарап миссионерлер ең алдымен істі қоғамдағы топ немесе жіктердің бір-біріне деген кегі, өші, дұшпандығы бар ма, жоқ па осыдан бастайды. Содан кейін, миссионерлер әлсіздің, төменгі нашар топтың, қорланған жақтың қасынан орын алады. Оларға әкесі істемеген жақсылықты жасайды. Қарсылас топқа да “әлгі қорланғандармен” бірге күрес жүргізеді. Өздерінің “Азат ету теологиясы” арқылы шоқындыру жұмысына оңай кіріседі. Бұл әрекеттерді миссионер принциптік, процестік және жүйелі түрде қолға алып, жан пидалықпен жүзеге асыруға дайын.
Қайшылық қалай өрбиді?
Миссионерлік ұйымдар әрдайым саяси билікпен өте тығыз байланыста болған. Тарихтағы Португалия, Испания, Франция, Германия кейінгі жаңа дәуірлерде тағы да Германия, Ирландия және АҚШ өз колонияларын католик миссионерлерін қолдау арқылы бақылап отырған. Міне, XVIII ғасырға дейін діни мәндегі осы миссионерлік кейіннен Еуропа христиан империализмінің ең үлкен құралына айналды. Бұл жолы миссионерлік дінге қарағанда мемлекеттердің отарлау саясатына қызмет етті. Ең маңызды көңіл аударалық жәйт, миссионерлердің әрекеттерін мұсылмандарға қарсы жүргізуінде болып отыр. Миссионерлік ұйымдар мен шіркеулер өз мемлекеттерінің басқаруы мен бақылауы арқылы жұмыс жасайды. Қолымызда, бұны әшкерелейтін дәлелдер жеткілікті. Бұл мәселе өте анық әрі ашық жүріп жатыр. Оларға жаны мен арын берген жергілікті элементтер де миссионерлік әрекеттерге байқамай немесе әдейі құрал болып отырады. Білмей құрал болатындар – қазақ мәдениеті, тілі, мемлекеттілігі мәселесінде сезімсіз, дүбара категориясындағы интеллигенттер, оларды космополит, интернационалист немесе шектен шыққан гуманистер десе де болады. Ал, әдейі құрал болып жүргендерге келсек, олар христиандықты шын көңілден қабылдап, олармен рухтас, ниеттес, ортақ құдай – Исаның ұлы болуға тырысып жүрген, дінін, яғни, қабығын ауыстырғандар. Олар да біздің азаматымыз, біздің ішіміздегі қандас, отандастарымыз.
Қазақ отбасында дилемма, диалектикалық ұстаным, плюральды қатынас психологиясын орнықтыруды басты мақсат ететін орталықтардың жұмысы әшкере бола бастады. Бұл орталықтар христиан әлемі мен қоса салафилік көзқарасты таңуға бағытталған саяси қаржы жатырлары.
Дін мен мәдениет құндылықтары өзара тығыз байланысты. Сондықтан бұл сыртқы күштер мақсатын тарихи санаңды, құндылықтарыңды, дүниетанымдық құқықтық, моральдық ерекшеліктеріңді қысқасы ұлттық болмысыңды интернационалдандыруға бағыттайды.
Бұл отбасындағы қалыптасып мәнге айналған тұғырлар мен құндылықтар арасында қайшылықтардың шығуына себеп болады. Ал енді «Сен, мен» деген отбасында, қоғамда, мемлекетте адам санасы да сансырап, ішкі тыныштығы м ен бақытын жоғалтары сөзсіз. Сондықтан діни танымдық, көзқарастық жіктер, ол ұлттың, мәдениеттің, отбасының ыдырауына апарып соғатын қауіп қатерлер екендігін сезінгеніміз абзал. Сонда ғана «біз» боламыз. Ортақ құндылықтарымызды ортақтаса құрметтеп, қорғап, сақтап, дамытып, сол тұғыр негізінде тыныс-тіршілігімізді қалыптастыруға тырысуымыз мына елдің баяндылығына жеткізетін ең басты ұстаным.
Досай КЕНЖЕТАЙ,
теология және философия
ғылымдарының докторы,
профессор