Сұрақ: Бір мұсылман басына қиыншылық келгенде не істеуі керек?
Жауап: Расында да, адам баласының басына тек өлім ғана емес, одан бұрын келетін сан –алуан қиыншылықтар кездеседі. Абдуллаһ ибн Месут (р.а.) Алла Елшісінен (с.ғ.с.) келесідей хадисті жеткізеді: «Бір күн Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің асхабымен сұхбатасып отырып, қолындағы шыбықпен құм үстіне бір шеңбер сызады . Шеңбер ішіне бір сызық, шеттеріне майда –майда сызықтар сызып, сахабаларынан мұның мағынасын сұрайды. Сонда сахабалар бір ауыздан «Уа, РасулАлла! Жанымыз сенің жолыңда құрбан болсын. Сен бізден ең жақсы білушісің» – деп, Алла Елшісінен (с.ғ.с.) жауап күтеді.
Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.) сызған сызықтарын көрсетіп, «Мына шеңбер ішіндегі сызық бұл – адам. Оның қасындағы сызықтар оның басына келетін түрлі сынақтар. Мыналардың біреуі жанаспаса, енді біреуі жанасар. Шеңбердің сызықтары адамды қоршап тұрған ажалы. Ал, шеңбер сыртындағы сызықтар болса, адамдардың армандары мен үміттері…» деп бұйырады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл мысал арқылы адамзат баласына бұл дүниеде еңбектері әрқилы қиыншылықтар мен сан-алуан ауыртпашылықпен сыналатынын анық жеткізуде.
Осы тұста қиындық көрген үмбеттерінің жабырқаулы көңілдерін көтеру үшін Пайғамбарымыз: «Әрбір мұсылман басына келетін қиындықтарды көтере алатындай етіп жаратылған. Сондықтан, өмірінде бақытты күндермен бірге азап пен қайғылы күндер қатар жүрер. Менің басыма тұскен қиыншылықтарға қарап, өздеріне келген қиыншылықтарға шүкір етіңдер» – деп өсиет етеді.
Негізі адам қуаныш пен қайғыны көтере бермейді. Қиыншылық келіп сыналған кезде де ойланбайтын, дүниелік пайданы көбірек ойлайтындар болатынын көріп жүрміз. Бастарына бір жақсылық келген кезде, өр-көкіректеніп, пасықтануын, ал, бір қиыншылық келген де дереу күпірлік ететіндерін және құлшылық етседе өз бас пайдаларын ойлап құлшылық ететіндер болады. Алла тағала өзінің кітабы Құран Кәрімде ондайлардың бұл дүниеде де, ақыретте де өкінетіндерін ескертеді.
Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадисте: «Кірген бір тікен болса да адамның басына келген қасірет мұсылманның күнәларына кепіл болады» – деп бұйырылады (Муслим, Бирр, 49). Яғни, мұсылман адам басына келген әртүрлі қиындықтарды жеңе білсе, ауыр сынақтарға сабырлыкпен шыдап бақса Алла тағала күналарын төгеді. Нағыз мұсылман адам- сабырлылық пен тәуекел иесі.
Балғабек Мырзаев