Сұрақ: Егер бір әйел екі түрлі отбасының балаларын емізсе, онда сол әйелді емген әлгі балалар да бір-біріне сүт туыс болады ма?
Жауап: Ислам шариғаты бойынша егер бала сәби шағында өзінің анасынан бөлек басқа әйелдің де сүтін емген болса, онда оны емізген әйел, оның күйеуі, екеуінің туған бауырлары және балалары мен әлгі сүт емген бала арасында сүт туыстығы пайда болады.
Себебі Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір халисінде: «Қан жолымен харам болғандар сүт жолымен де харам болады» (Бухари) деген. Яғни қан арқылы адамдардың арасында қандай туыстық болса, сүт арқылы да сондай туыстық пайда болады. Олар бір-бірімен емін-еркін араласа алады. Бір-біріне үйленулеріне болмайды. Дегенмен олар бір-біріне мирасқор бола алмайды. Сондай-ақ, сүт ана да сүт баласынан нәпақа сұрай алмайды.
Арада сүт туыстығы пайда болуы үшін баланың емгені сүт болуы керек. Оның тысында сары су, қан секілді нәрселерді емсе, бұл сүт туыстығына жол ашпайды. Сүт сәбидің аузынан немесе мұрнынан болса да асқазанына жеткен болуы керек. Сонымен қатар сүттің белгілі бір жасқа дейін алынуы да маңызды.
Көпшіліктің көзқарасына қарай туыстық пайда болуы үшін сүттің алғашқы екі жыл ішінде емілуі қажет. Өйткені аятта «Аналар балаларын толық екі жыл емізеді» деп айтылған. Сондай-ақ ана сүтіне басқа сұйықтықар аласқан жағдайда, көбі негізге алынады.
Яғни егер ана сүтінің көлемі қоспадан көбірек болса, онда сүт туыстығы іске асады. Егер екі әйелдің сүті араласса және екеуінің де көлемі бірдей болса, онда оны ішкен баланың екі әйелмен де сүт туыстығы пайда болады.
Егер жоғарыда айтылған шарттарды қамтыса, онда сүт туыстығы бір әйелді емген балалардың арасында да пайда болады. Яғни әйелдің сүтін емген бала мен сол әйелдің өзінің балалары арасында сүт туыстығы пайда болғаны секілді, бір әйелдің сүтін емген әртүрлі отбасылардың балалары арасында сүт бауырластық пайда болады.
Алау Әділбаев
теология ғылымының докторы
Жауабыңыз үшін рақмет