Күндердің күнінде Ахмет есімді азамат елдің дана тұлғасына келіп былай депті:
– Мен әрдайым түрлі мәселелерді ойлап уайым шегемін. Бойымдағы уайымнан арыламын деп жасаған әрекетімнің бәрі нәтижесіз. Мұның шешімі бар ма? – деп сұрапты. Сонда әлгі дана сөз алып:
– Сен бұл өмірге келгенде сол басыңдағы уайым бар ме еді?
– Жоқ.
– Сен бұл өмірден өткеннен кейін сол уайымдарды алып кетесің бе?
– Әрине, жоқ.
– Егер бұл уайым сенімен бірге дүниеге келмесе әрі сенімен бірге кетпесе онда оны несіне уайым етіп қабылдайсың? Ең абзалы өмірдің қиыншылығына сабырлы, төзімді бол. Себебі, саған берілетін ризық-несібең белгілі, тағдырың өлшеулі болғандықтан қосымша бойыңа мұң тағу адам табиғатына қайшы келеді.
Адамның өмірі жеңілдіктер мен қиыншылықтардан тұратынын шынайы ұққан адам ғана ол екеуінде де Жаратушы тарапынан берілген нығмет бар екенін ұғынады. Өйткені, жеңілдік болған жерде шүкіршілік болса, «Аллаһ Тағала шүкіршілік етушілердің сыйын береді» (әл Имран 144 аят).
Ал, қиыншылық болған жерде сабырлық болса онда: «Сабырлық танытқандар үшін есепсіз сыйлыққа бөленеді» (Зумар 10 аят) деп, Раббымыз уәде еткен емес пе? Сондықтан бақытты ғұмыр кешкің келсе барлық нәрсенің бетін ашып көңіл сала берме. Ақыл сананы өткен өмірдің арнасына бұрып былғама. Бізге берген ғұмыр өлшеулі болған секілді өмір салтын кешуде де алар бір несібеміз бары анық. Алайда, ондай несібе бірде қиыншылықпен келсе бірде жеңілдікпен келетінін естен шығармаған кезде ғана уайымның беті сейіледі.
Жалғас АСХАТҰЛЫ – дінтанушы