Сұрақ: Бір адам үшін басқалардың кітап жазып беруі дұрыс па?
Жауап: Бұл сауалды қазіргі кездегі ең маңызды сұрақтардың бірі деуге болады. Шариғат тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Олай болатыны, кітапты жазып берген адам өзінің білімін, еңбегін сатып отыр. Оған еш кедергі жоқ. Алайда, жазғызып алған адам үшін біраз мәселелер туындайды. Себебі, қоғамда өзінің білім мен мамандығына лайық емес адамдар пайда болады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір іс лайықсыз адамдарға берілетін болса қияметті күтіңдер!» деген (Бұхари, Ілім 2).
Демек, кітап жазу, диплом жұмысын жазып беру, диссертация жазып беру білімнен хабары бар адамдар үшін табыс көзі бола алғанымен, сол кітаптың, диссертацияның, диплом жұмысының біліміне сай емес иесі мемлекет үшін, ғылым үшін, қоғам үшін аса қауіпті адамға айналмақ. Себебі, ол өзінің лауазымына, атағына, мәнсабына лайық болып саналмайды.
Сонымен бірге, ғылым мен білімде жасандылық жүрмейді. Яғни, надан адамның атынан қанша кітап шықса да, ол ғалым болып кетпейді. Ал ғалым адам ғылымға тек ізденісі және еңбегімен жетеді. Сондықтан да, бұл үрдіс дұрыс әрекет емес, тіпті басқа елдерде мұндай сұрақтың туындауының өзін қисынға сай келмейді. Өкінішке қарай, елімізде бұл белең алған құблыстардың қатарынан саналады.
Өркениетті қоғам үшін бұл адамға абырой әкелмейтін іс екенін кітап жазып беруші адам да, жаздырушы адам да түсінуі тиіс. Ондай жасандылықпен жеткен мәнсап, тапқан табыс адал болып табыла ма деген сұрақтың да ұшы қылтияры сөзсіз. Сондықтан, мұндай жасандылықтан аулақ болған абзал.
Кеңшілік Тышхан,
дінтанушы