Ақтөбе қаласының Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығының ұйымдастыруымен Отбасы күніне орай мешіт жамағатының балалары арасында «Ел ертеңі – білімді ұрпақ» атты интеллектуалдық байқау өтті. Ақтөбе қалалық орталық мешітінде өткен іс-шараға 2-5 сыныптарда оқитын жамағаттың ер балалары қатысты.
Мектеп жасындағы балалар «Тездет, бірақ қателеспе!», «Ойлы болсаң, озып көр», «Тұлғаны тап», «Кім көп сөз табады?», «Жарнама жасап жарысайық» атты турлардың тапсырмаларын жарыса орындап, шығармашылық бөлімде жатқа өлең оқып, сурет те салды.
Білім мен ғылымның әр саласы қамтылған қызықты тапсырмалар мен сұрақтарды шешуде білімдері мен өз дүниетанымдарын жарыса көрсетуге тырысқан өрендерді бағалау әділқазыларға оңай соқпады.
Байқау нәтижесінде жүлделі 1-орынды жеңіп алған Усмонов Ахмад (№56 мектептің 5 «Д» сынып оқушысы, анасы Кочаганова Жамиля) планшет иеленсе, 2-орынды иеленген Арманұлы Иброхим (№31 қазақ орта мектебінің 4 «Б» сынып оқушысы, анасы Тлеубергенова Саягүл) гироскутерге қол жеткізді. Жүлделі 3-орын бұйырған Илаш Омарға (№2 мектеп гимназиясының 2 «Ә» сынып оқушысы, анасы Муканова Асем) фитнес браслет табысталды. Жарысқа белсенді қатысқан өзге қатысушылар алғыс хатпен, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Байқаудың көрермені әрі жанкүйері болып балалары үшін барын салып, үй тапсырмасына ерекше дайындықпен келген аналар да балалық шақтарын еске түсіріп, белсенділік танытты. Қызығушылықтары мен эмоциялары тасыған олар өнерден құр алақан еместіктерін көрсетіп, соның дәлелі Тлеубергенова Саягүл ақын М.Мақатаевтың «Қара өлеңін» жатқа мәнерлеп оқып, бәрін таң қалдырды. Балалар да, ата-аналары да ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Айгүл Қанафия, Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығының сектор меңгерушісі