Әрбір ұлт және адам жетістікке тек білім арқылы жетеді.
«Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деп қазақтың ұлы ойшылы Шоқан Уәлиханов айтып өткен.
Ұлтымыздың кемеңгер көсемдері білім туралы терең толғанысқа толы жырларын арнады.
Ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай атамыз:
«Бір Аллаға сыйынып!
Кел балалар оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық», –
десе, қазақтың данасы Абай атамыз:
«Болмасаң да ұқсап бақ.
Бір ғалымды көрсеңіз!
Сізге ғылым кім берер?
Жанбай жатып сөнсеңіз», –
деп ғылым мен білімнің пайдасы туралы өрнекті өсиет қалдырған.
Абай атамыз он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де – ақымақшылдық…», – дейді.
Білімге құштарлық туралы Исламда тамаша тағылымдар бар.
Құран Кәрімнің алғашқы аяты да: «Оқы, Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың сенің ардақты! Ол қаламмен үйреткен», ֪(Алақ сүресі) делінген.
Хадисте:
«Кімде-кім ғылым жолына түссе, Алла оның жұмаққа барар жолын жеңілдетеді», – деген.
Яғни білім үйренген адамға Ұлы Жаратушының шексіз мейрімі мен рахметі болатындығын айтқан. Сонымен қатар, Исламда білімді үйреткен адамға да зор сауап берілетіндігі және ұстазға құрмет туралы да хадистер бар
Деректерде Бәдір соғысы кезінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қарсылас жақтан тұтқынға түскендердің оқу-жазу білетіндеріне, мәдиналық он мұсылманның сауатын ашқан жағдайда босату шартын қойғаны Ислам тарихында жазылған. Ұстазға құрмет жайлы Құранда: «Алла сендерден сондай иман келтіргендердің және ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді», – делінген.
Ислам тағылымдарында «Білімді бесіктен көрге дейін ізденіңдер» десе, тағы бір хадисте «Білім іздену – барлық мұсылманға парыз» деген.
Сапалы білім игеру ұлтымыздың болашағының кепілі болумен қатар, мәңгілік ел болудағы ең басты қадамдардың бірі болмақ.
Бүгінгі Білім күні құтты болсын, ағайын!
Мирас КӨКЕБАЕВ,
Шығыс Қазақстан облысы