«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ШҚО бас имамы Ермек Қасболатұлы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде болып, Педагогика жоғарғы мектебінде білім алып жатқан жастармен «Білімді жас – ел ертеңі» тақырыбында кездесу өткізді.
Шараға студенттер мен оқытушылар қатысты. Басқосуда Ермек Қасболатұлы ұлтымыздың сан ғасырларлан бері сақталып келе жатқан дәстүрлі тәрбиелік құныдылықтарынан тәлім-тәрбиелік маңызы зор тағылымды насихат айтты.
Бас имам: «Жастар білімге әсіресе ұстаз болуға талпынып, педагогикалық мамандықты таңдауы қуантады. Дінімізде білім алушыға да білім үйретушіге зор құрметпен қарау керек оларға зор сауап бар делінген. Ұлы Абай атамызда «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұстаздық қызметті ұлықтағаны белгілі. Сондықтан сіздерді сапалы білім игеріп, аға буынның тәжірибесімен өнегесінен үйреніп, болашақта білікті алғыр, ұстаз болып шығады деп сенемін» деп атап өтіп, биылғы «Ислам және ізгі қоғам» жылында жастарды қолдау бағытында атқарылатын шараларға тоқталып өтті.
Студенттер бас имамның тағылымды насихатын ден қоя тыңдады. Арасында өздері сұрақтарын қойып, нақты жауабын алды. Кездесуді ұйымдастырушы университет басшылығы тәлімдік жүздесу үшін бас имамға алғыс білдірді.