Абай: «Ақылмен ойлап білген сөз, бойыңа жұқпас сырғанар. Ынталы жүрек сезген сөз, бар тамырды қуалар», – дейді.
«Ақылмен ойлап» деген не сөз? Біз білім бергенде: «Оқы, ертең саясаткер боласың, білімді боласың, қадірлі боласың, бай боласың, анау боласың, мынау боласың, толасың» деп үйретеміз. Иә, рас, ақылға салғанда болашақта білімді адамның қор болмайтыны анық. Сөйтеміз де, солай болуға тырысамыз.
Тағы да хәкім осы жерде: «Ғылымға мейірленгенге ғана, ғылым саған мейірленеді» дейді. Мейірлену деген не? Адам қалай мейірленеді?
Мейірлену – қайырымдылықтың бір атауы. Яғни, білім алғанда мойныңда жауапкершілік тұрмаса, адам мейірленбейді. Және өзіңде бір білімге бар ыңғайыңды болмысыңнан сезсең, ол міндеттің саған неге жүктеліп тұрғанының себебін білуге тиіссің. Құр осы қабілетіммен өзімді көрсетемін деген пиғылмен емес.
Өзіңді көрсету – нәпсінің (тәннің) тірлігі, ал көмектесу – рухтың (жанның) ұмтылысы. Адамның негізгі болмысы – рух. Тән, нәпсі – бұл дүниеде жанның уақытша көлігі. Ал, біз сол уақытша көліктің дегенімен жүргесін білімге ұмтылған ісіміз уақытша болып шығады. Яғни, алған біліміңді қолдана алмай, жарты жолдан түсіп қаласың.
Ал, рухтың дегенімен жүрсең, рух – мәңгілік. Рух – екідүниелік болмыс, жаратылыс. Яғни, алған біліміңнен (сенің болмысың тартатын білім немесе өнер) «Неге мен бұл мамандықты таңдадым? Бұл біліммен адамдарға, отаныма қалай көмектесем? Алла менің бойыма неге бұл білімге бейімділік салды? Мұнымен маған не миссия жүктеліп тұр?» деген метофизикалық (екіждүниелік) сұрақтарға жауап іздесең ғана, ол материалдық біліміңе Мән дариды.
Ол мән сені Ұлы мәнге (Жаратушыға) алып барады. Сөйтеді де білімің жүрекке түседі. Бар тамырыңды қуалайды. Содан кейін ол білімің сенің бар болмысыңа айналады. Міне, сенен нағыз ғылымның шығуы осы кезде басталады.
Осы кезде ғана сенің ғылымыңа берілген бағаға, марапатқа, сыйлыққа, атақ пен даңқа сен құмартпайсың. Себебі рухқа олардың қажеті жоқ. Сен Ұлы мәнге жалғанған ғылымыңды қуалап, содан ләззат алып, сол ғылымның жетегінде жетеленіп жүресің.
Ал, Логотерапия ғылымының ғалымы Франкл: «Мәнді айқындап алмай, құндылық шығарумен айналысатын болса, жеме-жемге келгенде сол құндылықты өзі жояды» дейді.
Абайдың айтып отырған жүрекке түскен ғылым дегені осы. Жүрек, рух – Алланың гауһар үзігі. Сені Жаратуышыңа жалғайтын нәзік жаратылыс. Тозбас тағылым, тоқтамас күш.
Сүлеймен Бақырғани бабамыз:
«Жауар нұры Алланың,
Шексіз дәулет жан-жағың.
Іл жүрекке қармағын,
Сахар тұрып әдет қыл», – дейді.
Жарас АХАН,
«МАҒЫНА» еңбегінен үзінді