Сұрақ: Беті ашық қалған тамақты жеуге болмайды деген дұрыс па? Үйде кез келген астың бетін ашық қалдыруға болмай ма?
Жауап: Тамақтың, сусындардың бетін ашық қалдыру күнә болып саналмайды. Дегенмен, пайғамбар (с.ғ.с.) тамақ пен сусындардың бетін жауып жүруге кеңес берген. Бұл кеңеске құлақ салған жақсы, бірақ оны орындамаған адам күнәһар болып есептелмейді.
Жыбырлаған немесе ұшатын жәндіктер, ауадағы яки болмаса қоршаған ортадағы бөгде заттар тамақ пен сусындарға түсуі мүмкін. Сол сияқты ауызы ашық тамақ ауамен жанасуының нәтижесінде тез бұзылуы мүмкін. Осыған орай, сақтық танытып, оларды жабық күйде ұстау – ішіп-жеу әдебінің бір түрі.
Тоңазытқыш немесе шкаф сияқты жабық жерге қойылса, онсыз да жабық күйде болып есептеледі.
Бұл туралы мынадай хадистер риуаят етілген: «Ыдыстарыңның (су, тамақ) бетін жабыңдар, есіктеріңді (түнде) ашық қалдырмаңдар және шырақтарыңды сөндіріңдер. Ақиқатында, шайтанға сусын беру, оған есіктерді ашу және ыдыстарды ашық (алдына тамақ жайып қою) қалдыру дұрыс емес. Біреулерің ыдыстың бетін жабатын нәрсе таба алмаса, «Бисмиллә» деп ыдыстың бетіне көлденең бір нәрсені қойсын…» десе, келесі хадисте: «Ыдыстарыңның (су, тамақ) бетін жабыңдар. Расында бір жыл ішінде оба ауруы жүретін бір түн бар. Бұл оба ауруы тек ашық ыдыстағы тағамдарға түседі» (Бұһари).
«Ыдыстардың ауызын жабыңдар, торсықтардың ауыздарын буыңдар!» (Бұһари).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Күндіз нанның беті ашық қалса. Ақшам уақытында жұмыстан келіп жеуге болады ма?