Сұрақ: Берген садақа қандай болуы тиіс?
Жауап: Садақа берген уақытта адам беретін затының ішіндегі ең жақсысын, сапалысын әрі бағалысын береді. Садақа етіп затының арасынан мерзімі өткен немесе сапасы төмен затты беру дұрыс емес. Қимас әрі қатты ұнататын нәрселерін беру – қайырлы амал. Бұған мына аят дәлел болмақ:
«Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла оны толық біледі» (Әли Имран: 92). Демек Құранда сөз еткен «жақсылыққа» жету үшін өз жағдайына байланысты мүмкіндігінше ең жақсысын садақа ету қажет.
Мысалы, Әбу Талһа садақа бергенде қолында бар малының ең жақсысын әрі тәуірін беруде алдына жан салмаған жомарт жандардың бірі еді. Оның ең жақсы көрген дүниесі – Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітінің құбыла тарапында орналасқан Бәйруха деп аталатын құрма бақшасы еді. Бұл бақша Мәдина шаһарындағы үлкен құрма бағы болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) да осы бақшаға жиі келіп, демалып су ішіп кететін.
Әбу Талха «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» деген “Әли Имран” сүресінің 92-ші аяты аян болған кезде, Пайғамбардың (с.ғ.с.) жанына барып:
– Уа, Алланың Елшісі! Ұлы Алла «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар», – деп бұйырған екен. Менің ең сүйген мүлкім Бәйруха ғой. Соны Алла жолында садақа етемін. Сол үшін Алла тарапынан берілетін сауаптар ақыреттік азығым болса деймін. Уа, Алланың Елшісі, мұны өзіңе бердім. Алланың қалаған жеріне қолдан, – деп өзі жақсы көретін бақшасын ықыласпен Алла жолына арнайды.
Пайғамбар (с.ғ.с.) оған риза болып: «Жарайсың! Бұл нағыз пайда келтіретін бақ. Расында да пайда келтіретін бақ. Бау-бақшаны туған-туыстарыңа жұмсауыңды дұрыс көремін», – деп кеңес берді. Бұдан соң Әбу Талха бақшаны жақын бауырларының балаларына бөліп береді. (Бұһари)
Жүрегі жұмсақ әрі жомарт Әбу Талха садақа ретінде өзіне керексіз болған дүниені берген жоқ. Керісінше ең жақсы көретін бағын қайырымдылық үшін тарту етті. Ағайын арасын нығайтып, өзінен кейінгі мұсылмандар үшін үлгі бола білді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ