Бүгін балалар жазушысы, ақын Бердібек Соқпақбаевтың туғанына — 100 жыл.
Қаламгер «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған.
Жазушы шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман ұсынды.
«Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған.
1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде Б.Соқпақбаевтың шығармасы негізінде түсірілген «Менің атым Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болды.