Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында қазақ жеріндегі таңғажайып мұра – жерасты мешіттерін ерекше атап өткені белгілі. «Батыс аймақта осындай 20-дан аса мешіт бар. Тарихи нысандар әртүрлі кезеңде салынған және бір-бірінен өзгеше. Мұның өзі еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Біз оның бәрін мұқият сақтап, жер жүзіне танытуымыз қажет. Мен тиісті мемлекеттік органдарға Ұлттық комиссиямен бірлесіп, осы нысандарды ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жөніндегі жұмысты бастауды тапсырамын», деген еді Президент.
«Қасқыр үңгіріне ұқсас саңылау…»
Шындығында, қазақтың дарқан даласы шежірелі тарихқа тұнып тұр. Мәселен, Атырау облысының топырағында тек мұнай мен газ, өзге табиғи байлық қана емес, есте жоқ ескі замандағы көне тарихтан сыр шертетін көмбелер де жетерлік. Мұнда елін, жерін жаудан қорғаған батырлар да, қазақтың руханиятын байытуға мол мұрасын қалдырған ақындар мен жыраулар да, жұрт жадында ғажайыпқа толы қасиетімен сақталған әулиелер де мәңгілік мекенін тапқан.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, бұл өңірден Қазақстанның киелі жерлер географиясының картасына 7 нысан енгізілген. Жылыой ауданының аумағында орналасқан сондай бес нысанның қатарында Ақмешіт қорымы бар.
Бұл қорым Жем өзенінің жағалауындағы биік төбенің үстінде, Ақкиізтоғай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 28 шақырым қашықта орын тепкен. Бұрын бұл қорым туралы көп айтылмайтын, ел-жұрт біле бермейтін. Дегенмен кезінде Үстіртте болған экспедиция мүшесі А.Дюгамель естелігінде Ақмешіт жайында «Ақ бор төбенің бетіндегі қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сияды. Үш құлаштай үңгірмен жүргенде ені екі жарым, биіктігі кісі бойындай, дөңгелек киіз үй пішініндегі сағана тамға кіреді. Сыртта құдығы бар» деп жазба қалдырған екен.
ХІХ ғасырдың ортасында дәл осы қорымға топограф А.Алексеев те келіпті. Ол Ақмешіттегі жерасты мешіті жөнінде жазбасында «Қорымның өзен жақ беткейінде қасқырдың үңгіріне ұқсас, адам әзер өтетін саңылау бар. Бұл саңылау оңтүстік-батысқа қарай жердің түбіне 3 саженнен (1 сажен – 2,1 метр) көп емес қашықтыққа созылып, әрі қарай диаметрі 2 сажен, биіктігі 4 аршынға (1 аршын – 0,7 метр) дейін баратын дөңгелек пішінді бірінші бөлмеге апарады. Бөлменің төбесі тегіс күмбезделген, ортасында күннің көзі түсетіндей жіңішке саңылау қалдырылған. Бөлменің кірер жеріне дейінгі екі жағында көмілген шұңқыр орны бар. Қырғыздардың (қазақтардың) айтуынша, бұл – тұщы су өнген құдық», депті.
Ақмешіт – ағартушы, абыз-көреген, сәулетші Бекет Мырзағұлұлының кіндік қаны тамған мекені. Жергілікті халық айрықша қадірлеген, әулие тұтқан ол 1771–1775 жылдары осында жерасты мешітін салдырған. Сол мешітте шәкірт тәрбиелеген. Бұл жөнінде тарихи деректерде көп айтылады. Дәл осы қорымда атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния, ұлы Тоғай жерленген.
Кейінгі жылдары, әсіресе еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Ақмешітке жұрт жан-жақтан жиі келетін болды. Қазақстанның әр өңірінен, тіпті көршілес елдерден арнайы соғады. Мұнда келушілердің арасынан өзге ұлттың өкілдерін жиі кездестіріп жүрміз. Бәрі де осындағы түнек үйіне қона жатады. Ақмешіттің тарихына, Бекет атаның ғажайып қасиетіне қанығып аттанады.
Бекет атаның ХVІІІ ғасырда дәл осында салдырған алғашқы жерасты мешітін кеңес дәуірі кезінде оқ-дәрімен жарып, құлатып тастаған. Жергілікті көнекөз қариялар мешіттің орнында қос шұңқыр ғана қалғанын кейінгі буынға айтып кеткен. Сол мешітті Жылыой ауданының жүрегіне иман ұялаған азаматтары 1998 жылы қайта жаңғыртты. Маңғыстау өңірінен шеберлер шақырылып, «Ақмешіт» діни-сәулеттік кешені тұрғызылды.
Кейін Ақмешіт қорымы мемлекет қорғауына алынды. Қорымның аумағында 32 құлпытас, 2 қойтас, 2 күмбезді мазар және 1 сағанатам бар.
Қайта жаңғыртылған жерасты мешітінде Ислам қажы Мырзабекұлы 20 жылға жуық шырақшы болды. Шырақшы келушілерге Бекет атаның таңғажайып қасиеті туралы еш жалықпастан әңгімеледі. Ислам қажының айтуынша, Бекет ата Ақмешіттен ілім-білім іздеп, Хорезмдегі Бақыржан қажыдан дәріс алуға аттанған. Ал Бақыржан қажы өзге шәкірттерінен гөрі Бекет атаның ұстамдылығына, білімге құмарлығына, зеректілігіне риза болып, батасын беріпті.
«Бекет ата елге оралғаннан кейін өзінің туған мекені – Ақмешітте алғашқы жерасты мешітін қашап салды. Кейін дәл осындай мешіттерді Бейнеуден, Баялыдан, Оғыландыдан ашты. Атаның ерекше қасиеттерін, сәулеткерлігін тереңірек тану үшін Ақмешіттен бастап барлық жерасты мешітін көрдім. Бақыржан қажы дәріс берген Хорезмдегі медресеге барып келдім. Шымкент, Жамбыл өңірлерінде, Түрікменстанда тұратын ата ұрпақтарымен кездесіп, ел жадында жатталған аңызға бергісіз тарихи әңгімелерді жинастырдым. Соның негізінде 2008 жылы 740 беттік «Бекет ата» кітабын шығардым», дейді И.Мырзабекұлы.
Бұл кітап 2021 жылы ағылшын тіліне аударылды. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликованың айтуынша, бұл идеяны аталған оқу ордасында жұмыс істейтін «Болашақ» бағдарламасының түлектері іске асырды. Бірнеше шетел тілін меңгерген жастар Ақмешіт қорымына барғанда осындай шешімге бекінген екен.
Ақмешітте Бекет атаның аруағына ас беріліп, құран бағышталып тұрады. Сондай астың бірінде Алаштың заңғар тұлғасы, Қазақстанның Еңбек ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деп халық қадірлеген тұлғаның ел тарихындағы орны мен маңызын тереңнен тарта тебірене толғанғанына куә болған едік.
«Бекет атаның бүкіл өмірі адамдар мен халықтар арасындағы қақтығыстарды тежеп, қоғам мен табиғат арасындағы үйлесімділікке шақырады. Береке мен пәтуаны, ынтымақ пен ыждағатты іздепті. Әулекіліктен тартындырып, әділеттілікті мұрат етті. Шариғат пен ата жолын табыстырып, заманауи өзгерістерді жақсылыққа қызмет етуге үндеді. Бекет өнегесі – тарихи сабақтастыққа адалдықтың үлгісі. Сан жылдар бойы отаршылдық пен тоталитарлық басыбайлыққа тойтарыс беріп, отаншылдық пен бұқарашылдықты жебеді. Тәуелсіздік алған халқымыз бабамызға шексіз ризашылығын білдіріп, басын иіп, ізгілікке үндеген шарапатты жолын қастерлей береді. Ілгері басқан әр қадамымызды қайырлы қыла гөр, жақсылықтың жарылқаушысы, пір Бекет әулие!», деген еді Әбіш Кекілбаев.
Қазір Ақмешіттегі жерасты мешітінде Мейрамбай Қалиманов шырақшы болып жүр. Оның айтуына қарағанда, мұнда Бекет ата ұстаған асатаяқтың көшірмесі тұр. Онда арабша жазулар бар. Демек бұл асатаяқтың түпнұсқасында да жазылғаны даусыз.
«Қорымындағы құлпытастарда да араб тілінде жазылған жазу бар. Сол құлпытастар мен атаның асатаяғындағы жазуларды оқи алатын араб тілін меңгерген ғалымдар қажет» дейді М.Қалиманов.
Шынында да, Бекет атаның асатаяғында не жазылды екен? Әзірге ондағы жазудың құпиясы ашылмай тұр.
«Құлшанға соғып, дұғасын оқысын…»
Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласы мен Ақмешіттің аралығы – 70 шақырым. Жол бойында Ақкиізтоғай ауылы бар. Осы ауылдың тұсымен өтіп, Ақмешіт қорымына апаратын жол жиегінде Құлшан ата жерасты мешіті тұр. Екі бөліктен тұратын жерасты мешіті бор төбенің үстіне үңгіп салынған. Жергілікті тұрғындар Құлшан ата пайғамбар жасына жеткен соң жерасты мешітінің бір бөлмесін мекен еткенін айтады.
«Ол Бекет атаның жиені әрі шәкірті болған ғой. Оның өзі жерасты мешітінде шәкірт тәрбиелеген. Бекет атамыздан «батыстан келе жатқан мұсылман баласы әуелі Құлшанға соғып, дұғасын оқысын» деп өсиет қалған. Ақмешіттегі шырақшы да тұрғындарға «Құлшан атаға соға келіңіз…» дегенді айтып отырады», дейді құлсарылық өлкетанушы Нұрдәулет Ақназаров.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиевтің дерегіне сүйенсек, Құлшан ата 1876 жылы 72 жасында Меккеге барған. Бір көңіл аударатын жайт, ұлы Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге Меккеге табаны тиген алты адамның бірі болған. Алайда оның өмір сүрген кезеңі жөнінде нақты дерек көп емес.
«Құлшан ата жерасты мешітінің бір бөлмесіне жерленген деген дерек бар. Оның мешіттегі денесін 1851–1852 жылдары орыс топографы Алексеев-2 көргенін ескерсек, жоғарыда айтылған дерек шындыққа жанасатын секілді. Оны Бекет атаның замандасы ретінде қарастырсақ, онда оның ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүргенін болжауға негіз бар», дейді М.Кипиев.
Қалай айтсақ та, екі жайтқа назар аудару қажет. Біріншісі – екі мешіттің ақ бор төбеге салынғаны. Екіншіден, Ақмешіттегі құлпытастар мен Бекет атаның асатаяғындағы арабша жазу әлі зерттелген жоқ. Бұл да – терең зерттеуді қажет ететін мәселе.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ
Атырау облысы