Біздер бала кезімізден осындай мұсылманшылық құндылықтармен тәрбиеленіп өстік. Мысалы, «нанды тастама обал болады», «алдыңдағы тамақты тауысып қой, сауап болады», «малды теппе, обал», «қайыршының қолын қайтарма, кем болмайсың», «садақа бер, пәле-жаладан аман боласың» және сол сияқты т.б.
Асылында, осындай тиым сөздер мен үгіт-насихаттың астында зор мәнді мағыналар жатыр. Бір ерекшелігі, бұлардың әрбірі аят-хадистермен негізделіп, ұлы даналардың дуалы сөздерімен мысалы болып келеді. Бұл тағы да біздің салт-дәстүрлеріміздің тарихи және мәдени қалыптасқан дініміз Исламдағы құндылықтармен біте қайнасып жатқанын дәлелдейді.
Енді осындай ұғымдардың бірі – ысырапшылдық. Қазақ әу бастан ысырапты айыптаған. Ысырапшыл адамды жақсы көрмеген. Абай атамыздың сөзімен айтар болсақ:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз…
Ал енді ысырапқа қатысты Ислам діні бізге не айтады? Бұған қатысты діннің ұстанымын білуіміз үшін исламдағы негізгі қайнар көздер – Құран мен сүннетке назар салуымыз қажет.
Негізінде «ысырап», «ысырапшылдық» сөздерінің түп төркіні араб тіліндегі «исраф» сөзінен бастау алады. «Исраф» сөзі – түбір етістік. Араб тілінде бұл сөз бір нәрсені орынсыз, артығымен жұмсау, шектен тыс жарату деген мағыналарды білдіреді. Сонымен Құранда Алла тағала ысырапқа қатысты былай деген: «Жеңдер, ішіңдер және ысырап қылмаңдар. Шын мәнінде, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (Ағраф: 31).
Аяттан білгеніміздей ысырап қылу жақсы қасиет емес. Ысырап қылушыны Алла жақсы көрмейді. Өйткені Алла Өзінің пендесіне берген ризығын орынды және үнемді жаратқанын қалайды. Ризықты үнемдеп жарату сараңдыққа жатпайды. Керісінше, оны оңды-солды шашу дарақылық пен ақымақтық болады.
Ал енді ысырапқа байланысты хадистерге зер салайық. Мысалы үшін бір-екі хадисті алсақ жетерлік. Муғира ибн Шуғба есімді сахаба пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисын жеткізеді: «Алла сендерге ананың тілін алмауды, қыздарды тірідей көмуді, әлсізге күш көрсетуді арам етті. Сондай-ақ, «айтты», «айтады» – деген сөздерді сөйлеуді, көп сұрақ қоюды және малды ысырап қылуды тыйым салды» (Бұһари).
Келесі хадисте де ысыраптың арам екенін көреміз: «Жеңдер, киініңдер және садақа беріңдер. Бірақ, ысырап пен тәкаппарлықтан сақтаныңдар» (Бұһари).
Жоғарыда айтқанымыздай ысырапқа орынсыз және артығымен мал жұмсау жатады. Халық арасында жиі көтерілетін сұрақ, ол мәйіттің артынан үй (қабір) көтеру мәселесі. Бұған қатысты мамандарымыз да, имамдарымыз да жауап беріп жатады. Мазар басындағы зәулім, қымбат тастармен әшекейленген кейбір қабірлерді сарай деп қаласыз. Ондағы үйлер тіпті, тірі адамдардың басында жоқ. Үйсіз-күйсіз пәтер жалдап, әркімнің босағасын паналап жүрген кембағал жандар, жетімдер мен жесірлер жетіп жатыр. Осындай шын мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, баспана көтеріп соның сауабын алар болсаңыз, исламда бұл анағұрлым сауапты әрі дұрыс саналмақ. Әлгі мазар басындағы қымбат үйлерден сізге де, қайтыс болған кісіге де сауап жоқ. Бірақ, есесіне, мойынға ысырап жазылады. Ал ысырап дін исламда құпталмайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ дінтанушы