Осыдан 2 жыл бұрын, яғни 2020 жылдың 18 мамырында елге танымал тұлға Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Коронавирус күшіне мініп, ет-жақындарынан көптеп айырылған онсыз да қамкөңіл елге бұл қаза қатты ауыр тиді.
Бейсен кім еді?
Иә, белгілі журналист, «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламасын дүркіретіп, талай қазақтың түйткілін шешкен қайраткер, аңыз азамат. Бүгін де көпшілік оны осы бір жағынан біліп, жоқтап отыр. Алайда айналасы ғана болмаса, былайғылар біле бермейтін тағы бір Бейсен бар еді. Ол – балуан Бейсен болатын. Дәлірек айтқанда, бала кезде ауылда үлкендер баулыған қазақша күрес дағдысын жапондық айкидо өнеріне ұластырған күресші Бейсен.
Марқұм өмірден өткелі ол туралы талай естеліктер айтылып, «Біздің Бейсен» секілді «көш бастаған» тамаша кітаптар жарық көріп үлгерді. Телебағдарлама, деректі фильмдер де көптеп шықты. Бірақ олардың ішінде Бейсекеңнің табиғатын бәрінен де тереңірек ашқан тірісіндегі жан-жолдасы әрі мұраттасы Санжар Керімбайдың «Бейсен және болмыс» кітабы екенін қалың оқырман әйгілеп жүр. Онда әралуан тақырыпта айтылған әңгіме көп десек те, нақты палуандық қырына қатысты тұстар оны басқаша сапалық қырынан пайымдауға негіз береді.
Расымен де, дос-жар, ағайындарының көбі Бейсеннің ел білетін «тау тұлға» Бейсен болуына әсер еткен фактордың бірі – күрескерлігі екендігін айтады.
Бұл туралы аталмыш кітапта:
«Жалпы өмірдің мәнін ашатын логос сәулесі, яғни адамзатқа ортақ жарық нұры объективті болады. Ол нұрдың ұшқыны ізгілікке ұмтылған барлық ұлт пен ұлыстың ұлағатты салт-санасында көріне береді. Бейсен жас кезінде Юнгті де, Шәкәрімді де, Толстойды да оқымаған. Ол өз тағдырына сәйкес келген заман үлесінде логостың жарығына шығыс даналығы арқылы жалғанып алды. Жалпы шығыс даналығы шығыс жекпе-жегімен тығыз байланысты. Мыңдаған жылдар жекпе-жек өнерін жетілдірген мастерлер хас шеберліктің кірпіш тәннен шықпайтынын түсінген. Керісінше, көрінбейтін қайсар рухтың табанды қайраты дене арқылы көрінуі керек. Сол үшін жекпе-жек өнерін меңгерем деген адам қаласа да, қаламаса да, қайсар рухтың құпиясын ашуға мәжбүр болады. Бұл өнердің рухани қырына үңілмеген немесе мүлде қызықпаған дүлей күштің иесіне өнер де, мінез де, жігер де дарымайды» делінген.
Әлқисса, Бейсен Алматыға келген соң 1995 жылдан бастап айкидо өнерімен тұрақты айналыса бастаған. Залдан шықпай тыңғылықты жаттығады. Додзёде (жаттығу залы) қонып, жанын қинаған кезі де көп болады. Айкидоның «боккен» (қару, қылыш), «дзё» (қысқа найзаның түрі), «танто» (пышақ) қаруларымен төбелесуді шебер меңгерді.
«Жастық шағы осы кезеңге түскен буын сол заманның атмосферасын жақсы біледі. Ол дәуірді «бандиттер кезеңі» деп атайды. Ауыл-аймақтағы қара күш иелері қалаға қарай ағылған. Алматы сияқты барлық қалада қара түнді қоя беріп, тапа-тал түсте жігіттердің норка құлақшыны мен қыздардың алтын сырғасын ашық тонау қалыпты жағдайға айналған. Осыған орай қорғанысты күшейткен жастар жаппай жекпе-жек өнерін меңгеретін. Бейсен де дәл осы кезде айкидо үйрететін мастердің қасынан табылады. Бірақ оның арманы қара күшін арттыру емес, керісінше, өмірді өнегемен сүру болған» дейді автор.
Мәлім болғандай, айкидо – жапондық ұлы ұстаз Морихэй Уэсиба негізін қалаған шығыс жекпе-жегінің түрі. Мақсаты – шабуылдан бұрын өзін-өзі қорғауға ментальдық тұрғыдан даярлау. Сондай-ақ ауырту тәсілдері арқылы лақтыру әдістеріне басымдық берілген. Негізгі міндеті – серіктесін тепе-теңдіктен шығару. Яки жапон философиясындағы «Удың күшін қайтаратын усойқы» танымына сәйкес «Күшке төтеп беретін күш» қағидасын басшылыққа алған өзіндік ерекшелікке бай күрес өнерінің бірі.
Бірақ мұның шыңына спорт білгірлерінің сөзіне сүйенсек, физикадан бұрын рухани практика арқылы қол жеткізіледі. Ал Бейсен соның бәрінен сатылай өткен. Айталық, айкидоның шарты бойынша мінезің су сияқты жұмсақ, жер сияқты ауыр болуы керек. Біреуге күш қолдануға қақысы жоқ. Дұшпанның сілтеген жұдырығын денеге дарытпай, өз инерциясымен қоя беруге тиіс. Жекпе-жекте мұндай деңгейде сабырлы болу үшін психикадан шығатын ашу, ыза, кек деген кесір мінезді ерттеп міну бұл бағыттағы палуанның басты міндетті.
Ал енді сондай шеберлікке жету үшін ол қандай қадамдарға барып, нендей тәжірибелерге практика жасады, алдымен соларды бір түйіндеп көрелік:
Біріншіден, қазақтың талай ғұламалары насихат еткен топырақ мінезді меңгеруге бел байлап, Бейсен оның шарты ретінде бір жыл спорт залда тегін қызмет қылған. Мастері де кертартпа мінездерін жонып алып, қайсар рухын көркем мінезбен шыңдау үшін тек бір күндік тамағын беріп, спорт залдағы қара жұмыстың бәріне аямай салған. Бір күндікке қанағат қылып, бір жылдан соң мүлде басқа болмысқа айналған дегендейін. «Бұл спорттың түрімен Бейсенмен бірге шұғылданған бірде-бір жігітке айкидоның құпиясы ашылмады» дейді білетіндер. Тіпті Лондонда тұратын мастерінің өзі уақытында оны ашық мойындаған. Бейсен қайтқан кезде отбасына көңіл айтып, көпшілікке ол жайлы естелік баяндаған видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Екіншіден, ол қаншалықты шеберлікке жетсе де, І данға өтініш бермейді. Яғни процеске басымдық беріп, қарапайым кимономен жүре берген екен. Шығыс жекпе-жек өнерінде қара белбеу немесе қоңыр белбеуді қорғаған соң шәкірттер қара кимоно, қоңыр кимоно киіп, өзгелерден ерекшеленіп тұратын болса, бұл керісінше Шәкәрімдік принцптегі «мұтылған» болуға тырысқан десек артық айтқандық емес. Әдетте жаттығу залындағы шәкірттердің киіміне қарап, олардың дәрежесін оңай анықтайтын болса, Бейсен өмірлік ұстанымын спортта да өзгертпеген ғой, жарықтық. Ұстаздары «І данға тапсыр» десе, «Дайындығым әлі аз сияқты» деп кері шегіне беріпті. Ол кезде татамиді онымен бірге бастаған замандастары IV данды бағындырып, құрметті дәрежені иеленіп жатқанда, Бейсеннің өз шәкірттері ІІ данды қорғап үлгергенде, ол солардың жетістігіне қуанып жүре берген. Ешқандай дәрежесі болмаса да, ұстаздың учи дэшиіне (оң қолына) айналады. Ақырында 2012 жылы Крис Муни деген ең үлкен ұстазы Алматыға келген сапарында Бейсенге қара белбеу – І данды өз қолымен қуалап жүріп тапсырады.
Үшіншіден, үйрету емес, үйренуге бағдарланған мақам: Бейсеннің шығыс жекпе-жегіндегі жетістігін спорттағы әріптестері аңыз қылып айтып жүретін. Бейсеннің ең таңғаларлық қасиеті – үйренген өнерін, бойдағы артық қасиетін, күш-қуатын, қарым-қабілетін, жетістігін барынша жасырып, көрсетпейтіндігі деседі. Додзёге тек ақ белбеумен шығатыны да осының белгісі-міс. Айкидо залында «Бейсен ұстазынан баяғыда асып кеткен» деген сыбыс әңгімелер жиі айтылған. Бірақ Бейсеннің өзінен сұраса: «Әй, батыр, қайдағы? Мен мықты болсам, І данды баяғыда-ақ иеленіп алар едім. Маған әлі де дайындалу керек», – деп кішіпейіл мінезінен танбаған-ды. Інілеріне де: «Додзёде сен тек үйренуші болуың керек. Егер үйретуші боламын деген пиғылға ұрынсаң, ештеңе ала алмай қаласың», – депті. Мүмкін, оның қара белбеумен шектелуді мақсат тұтпай жүруінің сыры да осы шығар» деп жазады мұнысын С.Керімбай.
Төртіншіден, сол Керімбайдың айтуынша, Бейсеннің айкидоны шебер меңгеруі қара күшке тәуелді емес. Негізгі құпиясы – рухтың қалауын қалай да жүзеге асыру болған-дүр.
«Адамға ақыл дарытып тұрған рух шұғыласы бұл дүниеге бір сәт те байланбайды. Сауыққан рух кез келген сәтте келген жағына кетіп қалуы мүмкін екенін қаперінен шығармайды. Бушидоның заңы бойынша айкидошы күніге төсекке жатқан кезінде әрбір күнім соңғы күн деп есептейді. Таңда кірпігін ашқанда: «Бүгін маған соңғы рет өмір сүріп қалуға тағы да мүмкіндік беріп тұр. Кешке өлемін. Оған дейін өмірдің ең маңызды істерін атқаруға міндеттімін», – деп кіріседі. Одан бөлек сол күні серіктес болған кез келген кісіні соңғы рет көріп тұрмын деп, тек қана сүйіспеншілікпен сұхбат құрады. Осы кредоларды жылдар бойы жаттығумен бойына сіңірген Бейсен профессионал өмірге қадам басқанда адамшылық қағидаларын бейсаналы түрде барынша шынайы орындайтын хәлге жетеді. Онымен жолдас болған, сырлас болған барлық қазақ осы қасиетін бірден аңғаратын» деп толғайды.
«2019 жылы оған қаралы диагноз қойылғанда паникаға салынған жоқ. Өмір бойы жасап келген күнделікті жаттығуының жалғасы сияқты қабылдады. Ол онсыз да әр түнді «Бұл – менің соңғы түнім» деп ажалды қорықпай күтіп алуға дайын отырған. Өлім үрейінің өзінен үстем түсіп, сана-сезімін билеп-төстеп кетуіне иненің жасауындай шанс қалдырған жоқ. Осы жеңісті сәтті ол онсыз да ұзақ күткен еді. Бейсен Шығыс жекпе-жегінің физикалық техникасымен ғана әуестенген жоқ, ол оның философиясына, ішкі мәніне үңілуге тырысты. Әсіресе «саналы тіршілік», «сезімталдық», «дәл қазіргі сәтті сезіну» сияқты ұстындарына мұқият болды. Яғни әр қадамға, әр қимыл-әрекетке саналы түрде бару. Соған машықтану. Бір істі қолға аларда кездейсоқтық пен сәттіліктен гөрі саналы пайымға көбірек сенім арту. Бірақ бұл үшін адамға жауынгерлік хәл керек» дейді жәнеден автор.
Бұл философияны экзистенциалист ғалым Пауль Тиллихтің де қоштайтынын айта кету керек. «Әркез жауынгер хәлінде жүрмеген адамнан адамдық күтпе», – дейді. Бұл не деген сөз? Ұрыста алаңға жиі шығатын жауынгер кез келген сәтте өлім құшуы мүмкін екенін біледі. Ажалымен әр күні бетпе-бет келе берген соң, одан жан түршіге қорқудан қалады. Есесіне әр іс-қимылына мұқият болуы керек екенін ұғынады. Өмірдің уақытша құбылыс екенін біле тұра оған самарқау қарамайды.
Мысалы, додзёге кірген Бейсеннің мүлде бөлек кейіпке еніп, өзгеше хәлге түсетінін қасына ерген серіктері жиі айтады. Бірақ бұл әрекет қазіргі қоғамнан жиі көретіндей жасанды маска кию емес. Жаттығу алаңына кіріп, үнсіз «мокусоға» отырғанда өзін: «Мен журналист Бейсен емеспін. Өмір мен өлім үшін айқас алаңына шыққан сарбазбын», – деп қайранатынына куәгерлік көп. Және тура солай болады. Додзёде қабылдайды. Шайқас алаңына шыққанда арқасы қозып, әруағы көтеріліп жауын жапырып өтетін баяғының батырлары сияқты кейіпке енеді. Бірақ Бейсеннің «мокусосы» тек додзёге емес, өміріндегі кез келген рөлге қатысты қолданыла беріпті. Бұл орайда ұлы ұстаз М. Уэсибаның «Бейбітшілік өнерін тұту үшін саған ақша, билік немесе жоғары мәртебе керек емес. Сен қайда болсаң да төбеңде аспан бар. Демек, сол жер – сен нақ шыңдалатын жер» деп шәкірттеріне айтқан өсиеті еске түседі.
Бесіншіден, Руми айта беретін «Болғанындай көріну және көрінісі қандай болса, сондай болу». Айталық, ол туралы ел-жұрт, әріптестері бүй дейді: Студияға шыққанда ол журналистика майданының хас батырына айналып шыға келеді. Дос-жаранмен дидарласса, одан артық дос жоқ. Ағайын-туыс алдында одан ізгі бауыр жоқ. Үй ішінде одан асқан жұбай жоқ. Ел қамы үшін іс қылғанда одан артық ұлан жоқ.
«Оның тұла бойы – адамды жақсылыққа жетелейтін қасиеттердің қоймасы. Байыппен қарасаң, бір басынан бәрін табасың. Шешім қабылдап, мінез танытар жерде – батыл, «суық» ақылға салар сәтте – сабырлы, ұлықтар мен бай-бағланның алдында бүгежектеп жасқанбайтын өжет, өзінен атақ-дәреже, мансабы төмен жұртпен сөйлесе қалса – кеуде кермес қарапайым, жаурағанға пана болған қамқор, қиналғанның қажетін ашар жомарт, сөйлесе – шешен, іс бастаса – көсем. Баланың да, дананың да тілін табады, айтқанын тыңдата алады, өзі де өзгені тыңдай біледі. Қысқасы, данышпан Абай айтқан толық адам: нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайраттың иесі еді. Сол себепті Бейсен ағама «Парасат» деп ат қойып алған едім. Аға дүние салған соң жарық көрген кітабын осы атаумен «Парасат биігі» деп атадық» деген-ді тағы оның ізбасары, жазушы-журналист Есболат Айдабосын.
Сонымен қатар Бейсен әр күні кешке жатар алдында уақыт бөліп, рухани балуанша өзінен есеп алады. «Өзіңнен есеп ал» дейтін Абайдың қара сөзін қағида етіп алған. Жақындары осылай дейді. Ол шығыс жекпе-жегінің философиясы бойынша ұйқыны өлімге теңейтіндер санатынан екенін де бүгін біліп отырмыз. Ұдайы қойып отыратын сұрақтары да қызық: «Бүгін не істедім?», «Өзім үшін не істедім, Құдай үшін, жұрт үшін не бітірдім?», «Күйбең ағысқа сүңгіп кеттім бе, әлде бүгінгі тіршілігім саналы болды ма?». Таңертең тұрғанда үнсіздікпен «бусидоға» бойлап, «Бүгін – менің соңғы күнім» ұстанымымен қайта қаруланады. Сосын сол «соңғы күнін» қалай өткізетінін жоспарлайды. «Соңғы күн» хәліне түсе алғандар үшін әрбір мезеттің бағасы алтыннан қымбат. Ол ағарып атқан таңға да, қызарып батқан күнге де сүйсіне қарайды. Аптап ыстық пен үскірік аяз да оның көңіл қошын түсіре алмайды. Оның ұстанымы бойынша «Бұл күні кездесетін адамдары да оның соңғы көрген адамдары». Сондықтан болар, ол ешкіммен жүрдім-бардым сөйлеспейді. Мәнсіз іске кіріспейді, кіріскен ісіне жүрдім-бардым қарамайды.
Алтыншыдан, Бейсен діни орталардың шаблонды түсінігіндей діндар адам болмаған. С.Керімбайша толғасақ, ол ғайыпқа сенетін иманын ешқашан ашық көрсетуге тырыспаған. Діні ішінде болған. Жапонияға барып айкидо үйренген кезінде де жапон мастерлерінен медитация жасаудың түрлерін үйреніп алады. Осы жаттығуын күнделікті өмірде жиі қолданатын болғаны да шын. Әсіресе «Айтуға оңайда» пайдасына жаратады. Негізі аптасына бір рет шығатын ток-шоуда жүргізушінің күш-қуаты сарқылып, ойы шабан тартады. Сөзі шашырап, кәдімгідей әлсіреп қалады. Ал «Айтуға оңай» аптасына бес рет шығады. Бейсен уақыт үнемдеу үшін алдын ала бір күнде төрт-бес бағдарламаны қатарынан түсіріп тастайды. Оның әріптестері таңғалатын ең мықты жері осында: Қалайша бір күнде төрт-бес бағдарлама түсіреді? Күш-қуатты қайдан алады? Әр бағдарлама жеке-жеке ситуацияға құрылатын болса, ол қалайша төрт-бес тақырыпты қатар меңгеріп кете алады? Және бір ғажабы, Бейсеннің жүргізген бағдарламасында «екінші дубль», «қайтадан түсіру», «басынан бастау» деген сияқты олқылықтар болмайды.
Енді мұның сырына үңілелік. Әріптестерінің тағы бір естелігіне қарағанда, ол бір бағдарлама мен екіншісінің арасында үнсіздікке кететін әдет иесі болған. Яғни іштей медитацияға отырады. Өз денесінен оймен шығып кетіп, өзін трансценденция жасайды. Яғни айналадағы құбылысты ойдың қуатымен төбеден қарап тұрғандай бақылайды. Сосын сахнада қалай тұрады, қалай сөйлейді, не айтады – бәрін ойша електен өткізеді. Құдды бір бағдарлама көз алдында өтіп жатқандай сезімді ойша жасап шығады. «Әне жерде оператор тұр, мына жерде кейіпкер, көрермендер қол соғып отыр, жүргізуші сөйлеп жатыр». Осындай фрагменттердің бәрін көз алдынан қалтқысыз өткізеді. Медитация біткесін қалыпты күйіне оралады. Бағдарламaға кіргенде асып-саспайды. Құдды бір дәл осы тақырыптағы бағдарламаны екінші қайтара өткізіп жатқандай күйде болады. «Бейсеннің даңқы жер жарып тұрса да, өзін өте қарапайым ұстап, тәкаппарлыққа ұрынбайтын себебі осы» дейді С.Керімбай да.
Айтпақшы, асылы палуандық Бейсеннің түп нағашы жағында бар. «Тегінде бар тек кетпес» деп, бәлкім сол жағынан да келген. Әжесі Шәкәрманның (Шәкәрбану – Жалайыр ішіндегі Мырзадан) төркінінде дін ұстап, қажы-сопы, сөз ұстап ақын, шешен болғандардан бөлек, күш ойнатып көкпар тартып, күреске түскендер де көп болыпты. Тіпті біреулері көкпарда, тағы бірі балуандық етіп, күрес үстінде дүниеден өткен.
Тағы бір палуандық тақырыбына қатысты айта кетерлік жайт, «Қазақстан Барысы» деген жарысқа одан басқа жүргізушінің жарамағаны. Оны сол жобаның ұйымдастырушыларының бәрі де айтады. Қазіргі сайыстар жүргізілімінің бұрынғыдай пробада еместігін көрермендер де байқап, бірақ қыларға амалы болмай отыр.
Бірде мынадай оқиға болған. Беделді бір кісінің үстінен жала жабылып, ұзақ мерзімге түрмеге қамалады. Бейсен ол кісіні сырттай ғана таниды. Нақақ кеткенін білген соң оның отбасына көмектесіп тұруға бекінді. Бір күні әлгі кісінің ұлы үйленетін болады. Таразға келіссөзге Бейсен өзі барады. Келіссөз қыздың нағашысының үйінде өтеді. Артынша құдалық басталады. Қызды қолдан ұзатып әкелетін болады. Құдалық кезінде де: «Ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде» деген. Жақсы ерлер қапаста жатқанда оларға қолдау көрсетуіміз керек. Атағымды алдыға салып, бас құда боп мен барайын», – деп ұсыныс айтады. Бірақ құдалық «Қазақстан Барысымен» қатар келіп, жоралғыға бара алмай қалады. Арада ай өткен соң қыз жақ құдалыққа келеді. Сөз арасында қыздың әжесі:
– Әй, Бейсен, Таразға келгенде нағашыларының үйінен қайтыпсың. Біздің де үйге соқпадың ба? – деп назын білдіреді.
Бейсен:
– Апа, айып бізден. Ескермей қалыппыз. Келер жылы үйлеріңізге барып, арнайы дәм татайын, – дейді.
Келесі жылы Бейсен бір шаруамен Шымкентке барады. Қайтар жолда Таразға бұрылып, баяғы әженің үйіне түседі. Олар Бейсен келеді деп күтпесе керек. Мәз-мейрам болып, ағайын-туыс пен көрші-қолаңның алдында абыройы асқақтап сала береді. Қайтар жолда шопыры Бейсенге:
– Аға, жол-жөнекей соға кеткеніңіз қандай жақсы болды. Құдалар кәдімгідей қуанып қалды ғой, – дейді.
Бейсен оған қарап:
– Жолшыбай соға кеткен жоқпын, арнайы бардым. Былтыр кейуанаға уәде бердім ғой. «Ағаштың иілгені – сынғаны, ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені». Уәдемді жұтсам, қария не ойлайды? – дейді.
Шопыр бала сөзден тосылады. Сосын Бейсен қалтасынан төрт бүктелген бір жапырақ қағаз шығарды да:
– Батыр, бері қара! Мен кімге уәде берсем, соны мезетте қағазға түртіп жүремін. Осы күнге дейін Бейсен болып жүргенім осы қағаздың арқасы. Осының ішіндегі бір уәдені орындамай қойшы, не болар екен? Ержігіттің бағы осындайдан таяды. Уәдені «ауыздан шыққан жел сөз» деп қабылдауға болмайды. Мен уәдені көтергенде ол менің бағымды асқақтатады, – дейді.
Шопыры қағазға қарағанда аузы аңқиып қалады. Қағазда уәделер тізімі жазылыпты. Кімге қандай уәде берсе, соны күнімен, сағатымен жазып жүреді екен. Кейбір орындалған уәденің жанына қосу белгісін таңбалапты. Бейсен сол әдетімен қаламсабын алып, Тараздағы құдаларға берген уәдесінің жанына қосу белгісін таңбалап қояды. Мұны «жетінші» (7) тұжырым деуге болады.
Жалпы «Бейсен» деген кезде жұрттың көз алдына үлкен әріптен басталатын Әділдік, Ар-Ұят, Жауапкершілік, Уәде деген феномендер бірге ассоциацияланатын. Жадыра Жүсіп деген журналист бүй деп естелік айтады: «Қазақ күресіне әрбір қазақ төреші ғой. Әдетте «Қазақстан Барысы», «Әлем Барысы» турнирінде жұрт даурығып, төрешілерге сенімсіздік танытатын кезі болады. Сондай сәтте кейбірі: «Әй, ол жерде Бейсен Құранбек те отыр ғой. Ол әділетсіздікке жол бермейді», – деп, бір-біріне тоқтау айтып жататын еді», – дейді.
Сонымен, «Бейсен және болмыстың» қисынымен тұжыра айтар болсақ, Бейсен – адамды еріксіз мас қылатын жастық шақтың өзінде құмарлығын қатаң бақылауда ұстаған есті азамат. Айкидомен шұғылданып, шығыс даналығын меңгеретін кезінде ойын-сауыққа берілмек түгілі, онша-мұнша тақуа төзе алмайтын аскеттік өмірді бастан кешеді. Осының өзі-ақ Бейсеннің жас кезінен өмірді өнегемен сүруге бекінгенін білдіреді. Үйленген соң да өмірлік жарымен бірге дамуға тырысып, таңертең бірге жаттығу жасауды әдетке айналдырыпты. Тіпті жұбайы жүкті болғанша айкидо үйретті дейтін ет жақындарының сөзі бар.
Бейсентануды негіздеп жатқандар қазір бірауыздан «Бір қарағанда оның тағдыры өмірі бітпейтін журналистік жүгіріс пен басшылықтың соңы жоқ жиналысынан тұратын сияқты сезіледі» деседі. Алайда оның өмірінде бір-бірімен мағынасына қарай ілініскен ғибратты оқиғалардың ізі сайрап жатқаны да рас. Көзкөргендер сөзімен айтсақ, ешқайсысы да кездейсоқ болды деуге келмейді. Бәрі де саналы әрекеттің қолдан тудырған толқындары. Сапасы мен мәніне қарай өмір иесіне таңғажайып мәртебелер сыйлаған.
«Ол бәріне үлгеріп кетті!». Бейсен жаназасында ең көп айтылған сөз осы болды дейді қатысқандар. С.Керімбай оны «Уақыттың ішіндегі уақыт» феноменін меңгерген деп те айдарлайтыны қызық.
Иә, түмен-түмен адамға жақсылығын да жасап, ізгілікті биік бренд дәрежесіне көтеріп, азаматтықтың биік стандартын қалыптастырды. Қаншама елдік жобаларға дем берді. Кәсіби де өз-өзін 100% жүзеге асырды. Бір сөзбен, Қыдыр ата секілді қолы тиіп, аяғымен жүріп өткен жерінің бәрі көктеп, көгеріп, гүл шешек атты.
Мінекей, Ұлы дала көптен күткен үлгілік тұлға – аса маштабты образға айналып, мәңгілікке бет алды. Сөйтіп, ендігі ғалымдарға Бейсентану дейтін терең зерттеу-арна тауып бергені қандай-ды.
С.Керімбай бұл ретте былай деп те сауалдайды: «Осыншама қыруар шаруаны атқаруға қырық тоғыз жыл ғұмыр жете ме? Ақылға салып қарасаң, ол бар-жоғы қырық тоғыз-ақ жыл ғұмыр кешті. Атқарған ісіне қарасаң 490 жыл өмір сүрген қария сияқты…».
Ал бұл біздіңше, оның рухының балуандығынан өрбіп шыққан қасиет етін.
Қайсар рухтың жердегі тіршілікті жеңімпаз нотада аяқтап, өмірді салтанатты түрде тастап шығуы әскерге немесе спортшыға тән темірдей тәртіпке ғана тәуелді. Бейсеннің де өмірлік жетістігінің бір сыры осы тәртіптілік пен тағдырмен жекпе-жекті қабылдауында екенін көреміз. Себебі өмір сүру оңай емес. Өте қиын процесс. Тірлікке бейімделіп, қоғамға бір кәсіппен кірігіп кетуден өзге ар-ұятыңды күзетіп отыру – өз алдына бөлек міндет.
Америкалық психиатр Скотт Пек «Аз адам жүріп өткен жол» деген еңбегінде осы дисциплинаға айрықша салмақ берген. Ол ойын былай деп тарқатады: «Өмір сүрудің өте қиын екенін саналы түрде терең түсінген адам өзінің қандай майданға түскенін терең ұғынады. Күресем деп бел байласа, өмірдің қиындығы ғайып болады. Бұдан соң қиындық кісіні емес, кісі қиындықты билеп-төстейді». Өмір сүру қиын деп шағымданған сайын ол да қамытты қыса береді. Себебі өмір проблемалар тізбегінен түзілген. Бала тәрбиелеп өсірудің де мәні осы. Қиындықтан қашуды емес, онымен жекпе-жек шығуды үйрету. Сөз жоқ, бұл жекпе-жек адамның нәпсісіне жақпайды. Жүйкеге әсер етіп, үнемі мазаңды алып тұрады. Бірақ жекпе-жекті қабылдаған сәтте ғана өмірге мән дариды. Себебі проблема – жеңіс пен жеңілістің қақ ортасында жатқан шекара. Өжет мінез бен терең даналық осы жекпе-жекке байланған. Жеңсек те, жеңілсек те ақылымыз артып, рухани өсеміз». Ал Бейсен осының бәрінен өтіп, сөздің тура да, ауыспалы да мағынасында балуандық етіп өткен жан. Бір жағынан бұл қазақтың өмірге келген әр адамды күресуші палуан деп қарастыратын философиясына дөп келеді. Адам бұ дүниеде де, тіптен о дүниеде де балуандық құрып жүрмек. Далалық көне діни түсінік бойынша әр адам «Палуаны махшардағы ауыр жүктің» («Қақпанға түскен киіктің хикаясы» дастанынан).
Бейсен өмірден өткенде, Халықаралық Айкидо федерациясының негізін қалаушы, «Шихан 7-дан» иегері Крис Муни оны «Асқақ рухты азамат» деп атап, елге көңіл айтты:
«Құрметті Бейсеннің туған-туыстары!
Мен үшін сіздермен тап осындай көңіл күйде, Бейсенді жоқтап сөйлесу тым ауыр. Біз алғаш рет 2001 жылы кездестік. Содан бері өткен жиырма жылда мен оны таныған үстіне тани түстім. Мен оны саяси журналист ретінде емес, қарапайым Бейсен ретінде таныдым. Айкидо өнеріне құмартқан шәкірт ретінде білдім. Уақыт өте келе оның бойында ерекше ерік-жігер, асқақ рух барын сездім. Ол маған – шәкірт, мен оған ұстаз едім. Бірақ кейін арамыз бұдан да жақындай түсті, ол менің серігіме, досыма айналды. Ол жомарт еді, жүрегі жомарт, жан дүниесі жомарт еді. Менің Қазақстанға ендігі сапарым мүлдем басқаша болады, өйткені Бейсен жоқ. Біз енді жолықпаймыз. Бірақ мен оны ұмытпаймын, оның бейнесі мәңгі жадымда сақталады. Ол Айкидо қауымдастығын Қазақстанда құрып, оны дамыту үшін орасан еңбек сіңіріп, көп көмек қылды. Мен өмірімде осындай адаммен кездескеніме, онымен дос болғаныма ризамын. Қазақстанға барған кейінгі бір сапарымда біз үш сағаттай бірге болдық. Біраз әңгімелестік, бірге отырып медитация жасап, тілек тіледік. Ол сұңғыла, көреген адам болды. Сонымен бірге батыл да жылы жүректің иесі еді.
Саған алғысым шексіз, Бейсен! Мен сені жүрегімде мәңгі сақтаймын!
Сіздерге рахмет!
Рахмет саған, Бейсен!..».
Қош, сонымен, тағдыр деп нені айтамыз?
Тағдыр – адамның ерік-қалауы араласа алмайтын тәуелсіз аймақ. Яғни өзгермейтін Болмыс. С.Керімбай бұл ретте былай деп түйін жасайды: «Біз енді қалай қиялдасақ та, қалауымызбен қылшығын да қисайта алмайтын өз алдына дербес бір объекті. Өмір сүруді қырғын қызыққа айналдырып, жалығу мен торығуды тоқтатып қоятын таңғажайып қуат та осы тағдыр мен адамның ерік-жігерінің жекпе-жегінен пайда болады. Бұл жекпе-жекте адам бірде жеңеді, бірде жеңіледі. Мәселе жеңу не жеңілуде емес. Жекпе-жек біткенше майданнан қашып шықпай соңына дейін төзуде. Ең бастысы – бұл майданға не үшін кіріп, кім үшін айқасқаныңды ақылың мен жүрегің анық айырып тұрса болғаны. Түпкі мұраты көңілге анық болған кез келген күрестің мәңгілік МӘНІ болады. Сәтімен игерілген осы МӘН бұлыңғыр күйде тұрған абстрактілі адам болмысына әрі тұнық, әрі мәңгілік сипат дарытады. Міне, осы мәңгілік сипаты бар Болмыс қай кезде де өзінің БАР екенін білдіріп, басқа жұртты мазалап, мәңгілік мұратқа шақырып тұрады».
Ал Бейсеннің тағдырмен жекпе-жегінің қалай табысты аяқталғаны, оның күресінің мәні оның артында қалған адамдық абыройынан-ақ көрініп тұр.
Нарративті психологияның тағы бір майталманы Майкл Кроссли де осы заңдылықты баса айтып көрсетеді: «Біздің заманда: «Өзімді жоғалтып алдым. Өзімді таппай жүрмін», – дейтін жұрттың қарасы қалыңдаған. Осының бәрі адамның өлшеулі ғұмырды тиімді пайдалана алмауынан шығып жатыр. Адамның жаны да, санасы да, рухы да, болмысы да бұл дүниеде заттай нәрсеге тәуелді емес. Адамның болмысы уақыт ішінде ізгі амалға ғана тәуелді. Ізгілікті құр танып қоя салудың өзі жеткіліксіз. Оны көздің қарашығындай қорып, оның шырағы сөніп қалмасын деп соңына дейін күресетін ерлік істер ғана көрінбейтін адам жанын БАР бола алатын БОЛМЫС түріне түсіреді. Өзін-өзі тапқысы келген, өзін-өзі терең түсінгісі келген адам қорықпай қадам жасап, батыл түрде күрессін. Күрескер кісілер ғана өзін БАР ретінде анық сезініп, мәңгілік жоқ болу деген үрейден ада болады».
Қазақ халқы ежелден «палуан» атағын жай қара күш пен әдіс иесіне емес, еліне қорған болып, жұртының намысы мен мүддесін көздеген қайраткер адамға ғана берген. Бұл – киелі ұғым, қасиетті ат. Кешеге дейін ел аузында палуан атану оңай болмаған. Ол үшін арысқа түсіп, ел намысын қорғау аздық етеді. Рухани да ерліктер жасау керек болған. Палуандыққа түспесе де рухани ерліктер жасап, ел әжетіне жарап, өмір бойы палуан атанып өткен жандардың асыл есімдерін де ата тарих ұмыттырмай жеткізіп отыр.
Керек десе жомарт адамды да жомарттық арқалаған палуан ретінде тани берген үрдіс бар. Ежелгі танымда Атымтай жомарттың да балуандар қатарында аталатыны сол. Мұның дәлелін ауыз әдебиетін айтпағанда, осы күнге жеткен көптеген Ресей және Батыс ғалымдарының жазба деректерінен де табамыз. Марқұм Ж.Үшкемпіровтің «Қазақ күресінде балуандық өнер мен азаматтық болмыс ұштасқан» дегенінің мәні қайда жатыр? Өз кезегінде осы дәстүрлі сакральды ұғымнан келіп шығаратын болсақ, Бейсен қазақ батыр-балуандарының да тарихи тізбегіне жалғанған жан. Бүгінгі «балуан» сөзінің мағынасының тарылғаны сонша, «спортшы» деген тар мәнге қуып тығылғандай көрінеді. Шындығында, оның мағыналық аясының бұдан әлдеқайда кең екенін Бейсеннің ғұмырлық мысалы да еске салып тұр.
Айкидо пірі, ұлы ұстаз М.Уэсибаның «Әркімнің рухы бар, оны жетілдіру керек, денесі жаттықтырылып, ал өтуге тиісті жолы жүрілуі тиіс» деген қағидаты бар. Өз кезегінде Бейсеннің осы үштік талаптың үдесінен толық шыққан жан екендігіне әбден көз жетеді. Яғни Жетісу өңіріндегі Қызылжардың май топырағында ауылдас балалармен алысып, қазақша күресіп басталған жол айкидоның да шыңына шығумен аяқталды. Марқұмның жары Гүлмира Зербай айтпақшы, «Жақсының аты өлмейді». Енді Бейсекеңнің екінші ғұмыры басталды. Сол ғұмырында ол журналистердің ғана емес, палуандардың да желеп-жебеушісіне айналды.
P.S. Осы заманда кез келген қиындықпен соңына дейін күресуге қабілетті қайсар адамдар дефицитке айналды. Бейсен тек ақылына ғана сенген адам емес. Ол рухтың қайсарлығын жанып отыратын балуан мінезінен жаңылған жоқ. Шиеленіскен түйінді соңына дейін тарқатқанша табанды түрде айқасатын. Санаулы ғана адам білетін мына бір оқиға оның кім болғанын көрсетіп тұр. Естелікті баяндаушы Бейсеннің әріптесі, журналист Нұрлан Окаұлы:
«Біз отбасымызбен араластық. Бейсекем үйіндегі әжеміздің қолынан талай рет дәм татып, батасын алдық. Ағам да Гүлмира жеңешемді, Іңкәр мен Жауһарды ертіп, үйге жиі келетін. Ешқашан ақыл-кеңесін де, көмегін де аяған емес. Оның көпке үлгі болатын жақсы қасиеттері туралы бәрі айтып жатыр. Мен бүгін Бейсекемнің басқа бір қыры – ерекше қайраты туралы айтқым келеді. Ағалық қамқорлығын, үлкенге ізетінен айнымаған кішіпейілдігі мен терең адамгершілігін сөз арасынан көрерсіздер. Ол кезде Моңғолияда тұратын енем күн суысымен бізге келіп қыстайтын. Біздің үйде Бейсекеммен танысты, алғаш көргеннен оны өз баласындай жақсы көріп кетті. Енеміз 2006 жылы ақпан айында аяқастынан сырқаттанып, бірнеше аптадан соң Астанада дүниеден өтті. Арқада қыс қатты екенін бәрі біледі. Дегенмен сол жылы ерекше болды. Бірнеше апта бойы ақырған аяз бет қаратпай, күндіз – 40°, түнде – 45°, – 48° градус болып, үскірік соғып тұрып алды.
Жаманат жатсын ба, енеміздің қайтқанын естіген дос-жаран, ағайын-туыс бәрі келді. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салудың қамына кірістік. Таңертең он кезінде достарым жиналып, бас-аяғы он екі жігіт көр қазуға кеткен. Түстен кейін төртке таман біреуі: «Әзірге тереңдігі тізеден келетіндей болды», – деп телефон соғып тұр. Даусынан селкілдеп тоңып тұрғанын аңдадым.
Сосын тағы он екі жігіт жиналып, бейіт басына бардық. Зират қаладан 30 шақырымдай, Қоянды өзенінің жағасында, күрежолдан сәл қиыстау жерде болатын. Жел үрлеп тастаған омбы қардың қалыңдығы кісі бойынан асады. Трактор әкелетін жағдай жоқ. Көлігімізді жол бойына қалдырып, омбылап жетсек, жігіттер «шықпа жаным, шықпалап» әрең тұр екен. Әбден тоңған, әрең қимылдайды. Оларды қалаға жіберіп, тыңнан қосылған он екіміз іске кірістік. Мен жердің тоңы соншалықты қатты болатынын сонда көрдім. Жарамсыз доңғалақтарды тасып әкеп, тоңды жібіту үшін жаққан болдық, оған қара жер қыңбады. Сүймен, күрек деген саймандардан қайыр жоқ. Іске жарайтын құрал – үлкен қашау мен ауыр балға ғана. Көрдің ішіне екі жігіт секіріп түседі де, бірі қашауды тігінен ұстап отырады, екіншісі зіл батпан балғамен үстінен тоқпақтай бастайды. Жиырма шақты рет ұрғанда сынық сүйем ғана жерге кірген қашауды жанынан бес-алты рет соғып, әупіріммен сіріңкенің қорабындай қатқан топырақ алып шығасың. Топырақ емес, құдды бетонның сынығы дерсің. Соңғы он шақты жылда қаламнан басқаны сирек ұстаған достарым шетінен ақсаусақ. «Сіріңкенің қорабынан» төрт-бесеуін алған соң ентіге бастайды. Сосын қашаушы мен балғашы орын ауысады да, тағы бірнеше «қорап» ояды. Өнбейтін тірлік. Он екі жігіт екі-екіден жұптасып алғанбыз. Әрі кетсе бес минут сайын алмасып, кезекпен тоқтаусыз қазып жатырмыз.
Қас қарая Бейсекем келді. Іссапардан оралған беті екен. Жеңіл күртеше киген, басында тоқыма тымақ, қолында қырым қолғап. Інішектерінің үсіп, жығылуға шақ тұрғанын көріп, бәрін машинаға қуды. «Жылынып келіңдер, мен қаза берейін», – деп қояды. Содан… Содан басталды. Бейсекем сол қолына қашауды, оң қолына біз қос қолдап әрең көтеріп жүрген балғаны алып, дүрсілдетіп соғуға кірісті. Соққысы қандай ауыр, басқалар жиырма рет ұрғанда кірген деңгейге Бейсекемнің шапқысы он соққыдан кейін-ақ сіңді. Жанынан екі ұрып, әлгі кішкентай бетонның сынығынан алғашқысын алды. Екінші, үшінші, оныншы, жиырмасыншы… Бейсекем шығар емес. Жаңқалап қазып жатыр. Жарты сағаттан кейін бойын тіктеп, бес минут белін жазып алды да, қайта кірісті. Әудем жерде тұрған көлікке барып жылынып келген жігіттер: «Машинада термометр – 45° көрсетіп тұр», – дейді. Ал Бейсекемнің үстінен бу бұрқырайды. Оның орнына түсеміз деген жігіттер «аға шаршағанда шақырыңдар» деп көлікке қайта кетті. Жанында тұрғандар: «Бейсеке, болды, біз түсейік», – деп шыр-пыр. Арада бір сағаттай өткенде «Ал, ақсаусақтар, орталарыңдағы ең кәрісі мен екенмін. Енді жас жігіттердің әуселесін көрейін», – деп сыртқа шықты.
Бірнеше ауысымнан кейін қимылымызға қарны ашты-ау деймін, қашау мен балғаны қайтадан қолына алды. Өзіміз сияқты ет пен сүйектен жаралған адамның бір бойында осыншама күш-қайрат қайдан шығып жатқанына таңғалып біз тұрмыз. Басындағы тоқыма тымағы терге малшынып, онысы аязға қатып, қоқайып қалған. Самайынан аққан тер иегін қуалап, бетіне сүңгі болып қатып жатыр. Оны елейтін Бейсекем жоқ, жағын иығына сүйкеп, сүңгіні түсіріп тастап әлі отыр. Арасында он екі жігіт бірігіп бір сағат қазады, сосын ағам бір өзі отыз-қырық минут қазады. Алғаш келгенде қарқыны қандай болса, уақыт түн ортасынан ауғанда Бейсекемнің қимылы әлі сондай. Ақсаусақтардың қимылына мұрын шүйіріп, бізден гөрі ширақ қимылдап жүрген бірен-саран ауыл жігіттері Бейсекемнің қолына су құюға жарамай қалды.
Біз бейіт басында жүргенде тағы бір қаралы хабар келді. Алтекең (Алтынбек Сәрсенбаев) кісі қолынан қаза болыпты. Не болғанын білмейміз. Бейсекем: «Әттең, маңдайымызға сыймадың-ау, азамат, сыйғызбады-ау сені де!» – деп тістеніп, сұрлана қалды. Алтекеңнің туған жиені Руслан досымыз бірге жүрген еді, оны қалаға апарып, таңғы төртке таман қайта оралдым. Далада – 47° па, – 48° па, бірдеңе. Бейсекемнің қасында жүрген жігіттердің бойынан әл кетті. Марқұмның ет жақыны мен болған соң бәрі маған қарайды. Тоқтайық дейін десем, таңертең жаназа. Көрдің тереңдігі белуардан енді ғана асқан. Марқұмды қара жердің қойнына тапсыруымыз керек.
Ақыры шыдамадым, жігіттерге зираттың аржағындағы ауылда тұратын жамағайынның үйіне баруды, бірнеше сағат жан шақырып, таң ағара қайта кірісуді ұсындым. Бәрі мақұл көріп, жинала бастады да, қара жерді қажалап отырған Бейсекеме қарады. Ағам бойын тіктеп, бәрін бір шолып шықты да:
– Батырлар, сендер барып демалып, жылынып келіңдер. Маған жылы киінген бір-екеуің жарық түсіріп беруге қалсаңдар болды. Марқұм анамыздың қолынан талай дәм татып едім. Өзі мені баласындай жақсы көретін. Мәйітті күттіруге болмайды. Мен қаза беремін, – деді.
Содан жарық түсіруге мен қалдым, мен қалған соң басқалары да қалды. Жер ағарды, күн шықты, сағат онға дейін тоқтаусыз қазып, жұмысты аяқтауға жақындадық. Таңертең көмекке келген бірнеше жігітті көрдің қабырғасын қырнап-жонуға қалдырып, басқамыз жаназаға кеттік. Түскі бірге таман мәйітті алып келгенде жігіттер шаруаны енді ғана бітіріп жатыр екен. Осылайша енемізді мәңгілік мекеніне уақытында жайғастырдық. Біреуге адам сенгісіз жағдай боп көрінуі мүмкін, ақырған аязда көр қазуға жиырма төрт сағат уақыт жұмсаппыз. Соның кемінде он сағатында Бейсекем дамылсыз жұмыс істеді. Оның ерекше қара күші мен одан да асқан, таңдай қақтырар ерік-жігері, ең бастысы, анамыздың аруағын күттірмейік деген адамгершілігі болмағанда, біз сол күні марқұмды жерлей алмас едік. Бейсекемнің ешқайсымыз бұрын-соңды ешкімнен көрмеген қажыр-қайраты мен шыдамдылығын, қамқорлығы мен кішіпейілдігін сонда болған жігіттер әлі күнге дейін аңыз қылып айтып жүр».
«Бейсен және болмыс» кітабы және өзге де ақпараттар негізінде әзірлеген
мәдениеттанушы-философ, PHD докторант
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ